Бет-әлпетін жасанды интеллектке сатқан модель қыз туралы естідіңіз бе?
Мөлдір Қайнар тілші
23 жастағы Ұлыбритания тұрғыны жасанды интеллект жобасының моделі болуға келіседі, алайда ол өзінің сыртқы келбеті мен бет-бейнесін толық пайдалануға рұқсат бергенін аңғармай қалған. Қазір ол қол қойған келісімнің салдарына алаңдаулы, себебі келісімшартты мамандармен кеңеспей қабылдаған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Daily Star басылымы жазды.
1 500 фунт және шексіз құқықтар
Люси (аты өзгертілген) Instagram арқылы жасанды интеллект саласындағы стартаптың өкілімен байланысқа шығып, 1 500 фунт стерлинг (шамамен миллион теңге) көлеміндегі төлеммен келісімге келді. Құжатта оның бет-әлпеті мен биометриялық деректерін мерзімсіз пайдалануға толық құқық берілгені көрсетілген.
Люси жобаның идеясынан шабыттанғанын, әсіресе Кендалл Дженнер сияқты жұлдыздардың өз цифрлық аватарларын жасағанын көріп, қызығушылық танытқанын айтты:
Жоба маған қызық көрінді, ал ақша — жақсы бонус болды. Бірақ мен бұл келісімнің осынша шектеу қоятынын және ұзақмерзімді болатынын түсінбеппін, — дейді ол.
Өзіне тиесілі бейнені жарнамада пайдалана алмайды
Келісімшарт бойынша, Люси компанияға видеоматериалдар беріп, оларды жасанды интеллект моделін оқыту үшін пайдалануға міндетті болды. Алайда құжатта оның өз келбетін енді жеке коммерциялық мақсатта қолдануға болмайтыны жазылған.
Егер компания оның түр-әлпетін өз жобаларында пайдаланса, Люси енді басқа брендтермен жарнамалық келісімдер жасай алмайды. Бұл оны цифрлық контент авторы ретінде кәсіби табыстан айырады.
Мен өз құқығымнан нақты қандай дәрежеде айырылғанымды тек деректі фильм түсірілімі кезінде ғана түсіндім, — дейді ол.
Деректі фильм: Жеке деректер мен жасанды интеллект
Люсидің оқиғасы режиссер Сэм Тулленнің жаңа деректі фильмінің басты тақырыбына айналды. Фильмде жасанды интеллект пен адамның жеке бейнесін коммерциялық мақсатта пайдаланудың тәуекелдері талданады.
Мен AI-платформалардың біріне кіріп, кез келген мәтінді айтып беруге қабілетті жүздеген "бет" көрдім. Кейін олардың — нақты адамдардың бейнелері екенін білгенде, бұл технологияның қауіптерін қоғамға көрсету қажет екенін түсіндім, — деді режиссер.
Сэм Туллен бұл жағдай болашақта кеңінен таралуы мүмкін екенін айтады. Көптеген компаниялар адамдардың бет-бейнесін рұқсатсыз қолдануы мүмкін, ал адамдар келісімшарттарға қол қоя отырып, оның барлық салдарын толық түсінбей, өз "беттерінен" айырылады.

