Жаңалықтар

Бес суретші – бес құбылыс

Жапон суретшілерінің көрмесі наурыз айының соңына дейіне жалғасады
04.03.2016 11:11 5367

Бес суретші – бес құбылыс

Кеше ҚР Ұлттық музейінде жапон суретшілерінің «Бес суретші – бес құбылыс: дәстүрлер мен жаңашылдық» көрмесі ашылды. Шараны Қазақстандағы Жапония елшілігінің қолдауымен, Қазақ ұлттық өнер университеті мен Ұлттық музей ұжымы ұйымдастырды.

Мизогучи Бокудо көрермендерді өзінің шығармашылығымен таныстырып тұр

Көрмеде жапон суретшілері Мията Рехёй, Митамура Арисуми, Сайто Норихико, Мизогучи Бокудо және Кавачи Кунпейдің 37 жұмысы қойылды. Олардың арасында шағын мүсіндер, тушьпен салынған суреттер, лакталған туындылар, нихонг каллиграфиясы бар.

Бес суретші – бес құбылыс

Шараның «Бес суретші – бес құбылыс: дәстүрлер мен жаңашылдық» деп аталуы тегін емес. Жапон мәдениетінде «5» cанының орны бөлек. Олар үшін «5» – әлемнің бес құдіреті – жер, су, от, ағаш және металдың символы.

Мията Рехёй – мүсінші, Токио өнер университетінің ректоры. Оның жұмыстарында анималистика жанры (жануарларды бейнелеу) жиі кездеседі. Рехёйдің сүйікті тақырыптарының бірі – дельфиндер. Дельфиндер фэн-шуйдің «даос» пәлсапасында қамқорлықтың белгісі ретінде көрсетіледі.

Мията Рехёй, «Ұмтылыс»

Ал, Митамура Арисумидің суреттерінен жапон халқының лактау өнерін көре аласыз. Көрмеге уруши лагы жағылған «Баталы орын» деген ағаш мүсін мен папье-машеден (шайналған қағаз) жасалған «Мандала» топтамасы қойылды. Бүгінде жапон лактау өнерінің техникасы – әлемдік қолданбалы өнердің үздіктерінің қатарында.

Митамура Арисуми, «Мандала 3»

Сайто Норихиконың шығармашылығы жапонның ұлттық нихонг суреттерінен тұрады. Нихонг шеберлері дәстүрлі техника мен жібек, қағаз, тушь, суда еритін өсімдік және минералдардан алынған пигментті желім бояуларды пайдаланады.

Сайто Норихико, «Комояма»

Жапониядағы Дайто университетінің профессоры Кавачи Кунпей каллиграфия саласының өкілі. Каллиграфия – жапон жерінде VII ғасырда пайда болған өнер. Суретшінің «Не будь сломлен величием и стыдом этого мира» атты жұмысының философиялық мәні терең. Жалпы, каллиграфияны түсіну үшін адамға биік дүниетаным қажет.

Кавачи Кунпей, «Не будь сломлен величием и стыдом этого мира»

Ал, Ұлттық музейдегі көрмеге арнайы келген бес суретшінің бірі Мизогучи Бокудо суретті «суми-э» тушымен салады. Суми-э – күріш қағазына тушьпен және минералды бояулармен сурет салудың ежелгі техникасы. Бұл өнердің тарихы сонау XIV ғасырдан бастау алады. Суми-э техникасында қара, сұр түстерді пайдалана отырып сурет салу ерекшелік болып саналады. Сондай-ақ, бұл жанрдың тағы бір өзгешелігі – суреттің алдын-ала нобайы сызылмай, аяқ астынан салынуы.

Мизогучи Бокудо, «Сакура қамалы»

Мизогучи Бокудо студент кезінде Орта Азия тарихына қызыққан екен. Сондықтан болар, ол Қытайдың Нанкин университетінде «Қытай эстетикасы және өнер тарихын» оқыған. Суретші қытай-жапон суретшілерінің арасында ұқсастықтан гөрі, айырмашылық көп екенін айтады:

– Жапония мен Қытай бірдей иероглифті пайдаланғанымен, әріптер әр тілде әртүрлі мағынаны береді. Оның үстіне Қытай тарихында алапат соғыстар көп болғандықтан, суретшілер көбіне сол тақырыпта сурет салады. Ал, жапон суретшілері, негізінен, бейбітшілікті бейнелейді.

Бес суретші – бес құбылыс

Мизогучи Бокудо «тушьпен салынған сурет адамның жүрегіндегі сезімді әсерлі жеткізеді» дейді.

Бес суретші – бес құбылыс

Ермек Асылханов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

– Жапон суретшілерінің еңбектерінде философияға басымдық беріледі. Суреттерге бір қарағанда, сізді ештеңе көрмеуіңіз мүмкін. Бірақ, сана-сезіміңізді қозғап, картинаға анықтап үңілсеңіз, ондағы түр, түс, формалар сізді көп нәрсеге баулиды. Суреттерді қалай қабылдауыңыз қазіргі эмоцияңызға байланысты. Егер, шаттығыңыз тасып, қуанып тұрсаңыз, суреттегі жылы түстерді ғана көресіз. Ал, әлденеге алаңдаулы болсаңыз, санаңыз жылы түстерді қабылдамайды.

Жапон халқының бейнелеу өнеріндегі негізгі қағида динамика деуге болады. Олар үшін өмір деген – шегі жоқ қозғалыс. Жапон суретшілерінің шығармашылығында судың бейнесі жиі кездесетіндігі сондықтан.

Мията Рехёй, «Секіріс»

Көрме наурыз айының соңына дейін жалғасады. 


Көрмедегі барлық суреттерді мына жерден тамашалай аласыздар!

Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға