Бес тілді меңгеріп, әлемнің 20 елін аралаған сарбаз
Қазіргі заманғы сарбаздың бейнесі түбегейлі өзгерді. Ол – тек сапта тұрған жауынгер емес, жаһандық кеңістікте еркін ойлай алатын, бірнеше тілде сөйлейтін және цифрлық технологияны меңгерген кәсіби маман. Осындай жаңа буын әскери кадрларының қатарында әлемнің 20 елін аралап, бес тілді меңгерген қатардағы жауынгер Мәди Есімбек бар.
Жас жауынгер – әлемнің 20 елін аралап, бес тілді меңгерген полиглот. Қазіргі уақытта Ұлттық қорғаныс университетінің, әскери-ғылыми взводының, инженерлік-техникалық бөлімшесінің командирі болып жұмыс істейді.
Жаһандық кеңістікке дейін
Мойынқұм ауылында дүниеге келіп, қазақы ортада өсіп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ол бала кезінен білімге құштарлығымен ерекшеленді. Ана тілін атасының тәрбиесі арқылы терең меңгерген. Атасының ертегі айтып, өлең жаттатуы, мектеп жылдарында қазақ тілі мен әдебиетіне ерекше көңіл бөлуі Мәдидің ана тіліне деген сүйіспеншілігін ерте қалыптастырды. Ал орыс тілін анасының ықпалымен меңгергенін айтады.
Орыс тілін анам үйретті. Оны меңгеруге көп күш салдым. Анам мектеп пен университеттегі білімін орыс тілінде алғандықтан, бұл тілді күнделікті қарым-қатынас барысында еркін игеруіме үлкен ықпал етті. Көптілді ортаға еркін бейімделуіме жол ашты, – дейді жас сарбаз.
Полиглот болудың формуласы бар ма?
Бүгінде Мәди Есімбек қазақ, орыс, ағылшын, түрік және испан тілдерін меңгерген. Оның айтуынша, тіл үйренудің арнайы бір формуласы жоқ. Ең бастысы – ынта мен ұмтылыс.
Ынта – есікті ашады, ұмтылыс – сол есіктен кіргізеді, ал жүйе – ішінде адасып кетпеуге көмектеседі. Үйренуде арнайы формула жоқ. Меңгеруде әркімнің өз қарқыны, өз тәсілі бар. Біреу тыңдап тез түсінеді, біреу жазып жаттап алады, енді бірі сөйлеп жүріп меңгереді, – дейді полиглот.
Мәди осы тәсілдердің барлығын өз тәжірибесінде қолданып көрген. Ағылшын және түрік тілдерін қазақ-түрік лицейінде оқып жүріп игерген.
Қазіргі таңда қабылдайтын ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде, бұл тіл менің кәсіби және жеке дамуымда маңызды орын алады, – деді ол.
Ал испан тілін университетке түскеннен кейін меңгере бастадым. Жоғары оқу орнын Испанияда таңдауына байланысты бұл тіл оның академиялық өмірінің бір бөлігіне айналған. Қазіргі таңда ағылшын тілі – оның кәсіби дамуының негізгі құралдарының бірі.
Әскери-ғылыми взводында қызмет атқара отырып, біз ақпараттық технологиялармен, бағдарламалау және ақпараттық жүйелерді әзірлеумен айналысамыз. Осы бағытта ағылшын тілін білу техникалық құжаттаманы, бағдарламалау тілдеріне қатысты материалдарды, нұсқаулықтар мен ғылыми дереккөздерді тікелей әрі дәл түсінуге мүмкіндік берді. Бұл ақпаратты аудармасыз қабылдап, жаңа технологияларды тезірек меңгеруге және практикалық тұрғыда қолдануға үлкен септігін тигізді, – дейді Мәди Қайсарұлы.
Оның ойынша көптілділік логикалық ойлауды, жүйелі талдауды және ақпаратты құрылымдауды жеңілдетеді. Нәтижесінде қойылған тапсырмаларды сапалы әрі тиімді орындап, әскери-ғылыми ортада өзімді кәсіби тұрғыда дамыта алғанын айтты.
Оқи отырыңыздар:
- Ерекше бала: cынақ па, әлде отбасы бірлігінің ұйытқысы ма?
- Жеке табыс салығынан кімдер босатылады? Мамандар жауап берді
Еуропаға алғашқы сапары
Мәди алғаш рет шетелге 12 жасында шыққан. Сол кезден бастап әртүрлі елдерге сапарлап, өзге мәдениеттер мен тілдерге бейімделуді үйренді. Әлемді аралау оның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, өмірге деген көзқарасын қалыптастырды.
Шетелді аралау менің дүниетанымымды кеңейтті. Әр елдегі адамдардың өмір сүру тәсілдерін, мәдени дәстүрлерін, ойлау стилін көріп, өз көзқарасымды қалыптастыруға мүмкіндік алдым. Бұл тәжірибе маған ашық болуды, бейімделуді және түрлі жағдайларда шешім қабылдай білуді үйретті, – дейді жас полиглот.
Бұл қасиеттер кейін оның кәсіби және әскери қызметінде ерекше маңызды рөл атқарды.
Жас сарбазға ең үлкен рухани әсер қалдырған ел – Испания. Бұл елдің архитектурасы, тарихи ескерткіштері, мәдениеті мен өнері оған терең ой салған көрінеді. Сондай-ақ Испанияда университетте оқу, жаңа тіл меңгеру оның кәсіби және жеке дамуына үлкен серпін берді.
Айтуынша, испан тілі тек оқу құралы емес, Мәдидің әлемді басқа қырынан тануына мүмкіндік берген мәдени көпірге айналды.
Әлемді аралау менің дүниетанымымды кеңейтті, бірақ сонымен бірге отансүйгіштік сезімді де күшейтті. Әртүрлі елдерді көріп, олардың мәдениеті мен өмір салтын таныған сайын, өз елімнің тарихын, дәстүрін және құндылықтарын тереңірек бағалай бастадым, – дейді сарбаз.
Astana Hub-тағы тәжірибе
Әскерден бұрын Мәди сондай-ақ Astana Hub-та Senior Project Manager болып жұмыс істегенін айтты. Оның негізгі міндеті цифрлық платформаларды дамыту, жаңа жобаларды іске қосу және оларды тиімді басқару.
Astana Hub – бұл Қазақстандағы IT-стартаптарды, технологиялық компанияларды және инновациялық жобаларды қолдайтын халықаралық технопарк.
Astana Hub-тағы негізгі жетістігім – Hub Market платформасын нөлден бастап дамытып, оның көрсеткіштерін бір жыл ішінде 10 есеге арттырдым. Сонымен қатар Google мен AWS сияқты халықаралық компаниялармен серіктестік орнаттым. Стартаптардың жұмысын жеңілдету үшін процестерді басқарудың тиімді жүйесін енгіздім. Ал «ИИ-квест» жобасы арқылы бір айдың ішінде мобильді қосымшаға 1800-ден астам жаңа белсенді қолданушы тарттым, – дейді.
Бокспен айналысқан
Мәдидің өмірінде спорт та маңызды орын алады. Ол үлкен тенниспен 6 жыл айналысып, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысқан. Сонымен қатар, бокспен 3 жыл шұғылданып, 3-разряд иегері атанған. Бұл спорттық тәртіп пен төзімділік оның мінезін қалыптастыруға үлкен ықпал еткен.
Үлкен тенниспен 6 жыл айналыстым, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатына қатыстым. Ал бокспен 3 жыл айналысып, 3-разрядқа ие болдым. Өзімді жеке кәсіпкерлікте, халықаралық қаржыда, логистикада көрдім. Әртүрлі салаларда жұмыс істеп, кейбірінде жетістіктерге жеттім, – дейді жас полиглот.
Мәди алдағы уақытта әскери қызметін аяқтаған соң өз кәсіби жұмысына қайта оралып, жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Қызмет барысында ол жасанды интеллектіні меңгере бастаған, әрі бір-екі жылдың ішінде шетелде магистратура оқуға дайындықты да әскерде жүріп бастап кеткен. Оның айтуынша, ойластырылған жобалар көп, ең бастысы – алған білім мен тәжірибені ел игілігіне жарату.

