Жаңалықтар

Бес облыста Екібастұз оқиғасы қайталануы мүмкін

Бес облыста Екібастұз оқиғасы қайталануы мүмкін
Фото: Павлодар облысы әкімдігі баспасөз қызметі 22.08.2023 13:05 1231

Жылу орталықтарын жөндеу жұмыстары жоспардан кешігіп жатыр, кей жағдайларда жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру жағдайлары орын алуда. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстарының кестесін жүйелік оператор «KEGOC» компаниясы бекіткен.

Сондықтан қыс уақытында осы объектілердің тұрақты жұмысында тәуекелдер туындауы мүмкін. Мәселен, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысы тәуекел аймағында екенін атап өткен жөн, - деді Үкімет басшысы

Сонымен қатар, Премьер-министр жылу желілерін жөндеу бойынша 4 өңір жұмыс көлемінің жартысын да аяқтамағанын айтты. Бұлар – Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Абай облыстары.

Сумен жабдықтау желілері бойынша жөндеуге жоспарланған 1,5 мың км-дің тек 60%-ы ғана жөнделді. Басқа өңірлермен салыстырғанда Маңғыстау облысында, Алматы қаласында және Қызылорда облысында жұмыстың қарқыны төмен.

 Бұдан басқа энергия өндіруші ұйымдардың жеткізілген газ үшін «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясына берешегі көп, шамамен 13 млрд теңгені құрайды.

Бұл қарыздарды жаңа маусымға қалдыруға болмайды. Өйткені отынның нормативтік қорларын қалыптастыруда проблемалар орын алуы мүмкін. Аталған өңірлердің әкімдері осы мәселелерді шешуі керек, - деді Әлихан Смайылов.

Жалпы Үкімет басшысы белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмысының аяқталуын және қажетті көлемде отынның алдын ала жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.

Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пункттерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізуі қажет, - деді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға