Бердібек Сапарбаевтың ұлы әкесі туралы жан тебірентер жазба жариялады
Мемлекет және қоғам қайраткері, кризис-менеджер Бердібек Сапарбаевтың өмірден өткеніне екі жылдан асты. Марқұмның ұлы Жансұлтан Сапарбаев әлеуметтік желіде әкесін еске алып, жүрекжарды жазбасын бөлісті.
Ол бұл жазбасында адам өмірінде алдын ала ескертпей келетін, бірақ тұтас болмысыңды өзгертіп жіберетін ерекше сәттер болатынын айтты. Автор үшін мұндай кезең – әкеден айырылған уақытпен тікелей байланысты.
Өмірде кей сәттер бар – олар сенен «дайынсың ба?» деп сұрамайды. Олар жай ғана келеді де, ішкі әлеміңді өзгертеді, — деп бастайды ол өз толғанысын.
Айтуынша, әкесі әрдайым жанында болып, сабырлы мінезімен, сенімді болмысымен үлкен тірек болып келген.
Әкем әрдайым жанымда еді. Сабырлы, байыпты, сенімді жан болатын. Мен оған арқа сүйедім. Тіпті оны сол кезде толық сезінбесем де, ішімде: «қасымда бәрін шеше алатын адам бар»деген бір тыныш сенім болды. Үйдің де, бағыттың да беріктігі – оның мойнында еді, – деп жазады ол.
Алайда уақыт өте келе сол тіректің кенет жоғалғанын сезіну оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.
Бір сәтте сол қабырғаның жоқтығын анық сезіндім. Сол кезде ер адамға тән терең түсінік келеді екен: енді жоғарыдан қарап, сүйенетін жан жоқ. Жауапкершілік толықтай өз мойныңа өтеді. Балаларың сенімді іздесе – оны енді өзіңнен табуы тиіс. Ал отбасының беріктігі – сенің сөзіңе, шешіміңе, әрекетіңе байланысты», – дейді ол.
Автордың айтуынша, ер азаматтың ішкі есейуі бір күнде келмейді. Бұл – өмірдің түрлі сынақтары мен жауапты кезеңдерінің нәтижесі.
Ердің есейуі – әке атанғанда, қиын шешімдер қабылдағанда, шегінуге жол жоқ екенін ұққанда қалыптасады. Әр жағдай саған бір ғана шындықты еске салады: сен енді бала емессің, сен – ер азаматсың», – деп бөлісті ол.
Жазба соңында ол ер адамның шын мәнінде қашан есейетінін de нақты атап өтті:
Ер адам «енді сен отбасының басшысысың» дегенді естігенде емес, бір сәтте ішкі түйсігімен «мен өз тегіме, өз атыма тиесілі барлық жауапкершілікті қабылдадым, – деп сезінгенде ғана есейеді».
Бұл жазба әлеуметтік желі қолданушыларын бей-жай қалдырмай, көп қолдау мен жылы пікір жинауда.
Бердiбек Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Бесарық ауылында туған. Ол тәуелсіз Қазақтан тарихиындағы бес облысты басқарған әзірге жалғыз әкім. 2023 жылы 71 жасына қараған шағында дүниеден өтті.

