Берденов Шымкент әкімінің орынбасары қызметінен кетті
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өз еркімен қызметінен босады. Ол бұл лауазымды 2023 жылдың ақпан айынан бері атқарып келген. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Руслан Берденов 1985 жылдың наурыз айында Шымкентте дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және КИМЭП-ті бітіріп, «Іскерлік басқару магистрі, қаржылық менеджмент маманы» мамандығын меңгерген.
Еңбек жолын 2007 жылы «Procter & Gamble LLP» компаниясынан бастаған. Кейін түрлі ірі кәсіпорындарда басшылық қызметтер атқарып, 2010-2012 жылдары «EASTCOMTRANS» ЖШС-інде департамент директоры, 2012-2018 жылдары «Ақ ниет» ЖШС-інің бас директоры болды. Сондай-ақ, бақылау кеңестерінде жетекші қызметтер атқарып, 2023 жылдың наурызына дейін ҚР Парламентінің VIII шақырылым депутаты әрі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болған.
Айта кетейік, биылғы 21 сәуірде Берденовке әкімдік ғимараты маңында қастандық жасалған еді. Белгісіз адам оқ атып, шенеунік жарақат алып ауруханаға жеткізілген. Тергеу барысында күдікті ретінде Шымкент әкімдігіне қарасты ұйым қызметкері ұсталды. Алдын ала болжам бойынша, қастандықтың себебі қызғаныш не жеке жанжал болуы мүмкін.

