Жаңалықтар

Белгілі павлодарлық журналист Мұхамади Хамитов саладағы 45 жылдығын атап өтті

Белгілі павлодарлық журналист Мұхамади Хамитов саладағы 45 жылдығын атап өтті
28.01.2019 05:01 2609

Павлодарда журналистика саласында 45 жыл еңбек еткен Мұхамади Хамитовпен кездесу кеші өтті.

 Ертіс өңірінің журналистика саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан Железин ауданының «Родные просторы» газетінің бас редакторы, аудандық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Мұхамади Хамитов биыл 65 жасқа толады.

Кездесу басында Железин ауданы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева Мұхамади Хамитовқа аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай кілем сыйға тарту етті.

«Бүгін журналистік мансабыма 45 жыл толып отыр. Қызметті әскерден келгеннен кейін Орынбор даласында радиотілші болып бастадым. Одан кейін Арқалық қаласындағы қызметім жауапты хатшыға дейін өсті. Торғай облысы ыдырығаннан кейін Железинге келіп, 35 жыл редактор болдым. Осы мерейлі күнімді ескеріп, кешті ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамын», – деді Мұхамади Хамитов.

Павлодар облыстық журналистер одағы және бас редакторлар клубын ұйымдастырған кездесу кешіне жас журналистер және Мұхамади Хамитовтың әріптестері көп жиналды.

«Биылғы жылға жоспарымыз көп. Облыс басшылығы да көңіл бөліп, қолдау білдіруде. Істің басын осы өңірімізге зор еңбек сіңірген азаматтың кездесу кешімен бастағалы отырмыз. Өзі татар елінде туса да, қазақ елін өз еліндей сезініп, мемлекетімізге көп еңбек сіңірді. Журналистиканы көбісі қалам және қағазбен ғана жұмыс жасайтын оңай қызмет деп ойлайды. Алайда, журналистика өте күрделі, көп еңбекті талап етеді. Мұхамадидің жастарға берері көп. Кеш арқылы жастар үлгі алсын, жолдастары, әріптестері көрсін, естеліктерімен бөліссін деп ұйымдастырдық», – деді облыстық бас редакторлар клубының төрағасы Мұхит Омаров.

Кездесу кешінде Мұхамади Хамитов еңбек жолындағы қызықты сәттері мен бағындырған белестері туралы сыр шертті. Кештің құрметті қонағы болған әріптестері белгілі журналист туралы естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар, журналистер Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Юрий Поминов кеш кейіпкеріне республикалық редакторлар клубының, Халықаралық Еуразиялық телевидение, радио және баспа академиясының, Новосібір облыстық журналистер одағының құттықтау хаттарын табыстап, Новосібір журналистер одағының журналистика саласына сіңірген еңбегі үшін берілетін «ІІ Дәрежелі орденін тапсырды».

Айта кетейік, Мұхамади Хамитов 1954 жылы Ресей Федерациясының Орынбор облысында дүниеге келді. 1976-1981 жылдары А.М.Горький атындағы Орал Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетінде білім алды. КСРО журналистер одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

2016 жылы «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен мараптталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға