Белгілі боксшы Болат Жұмаділов Бекзат Саттарханов мектебінде бапкерлік қызметке кірісті
Бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Болат Жұмаділов Астанада бапкерлік қызметке тағайындалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы "Спорт министрі" телеграм арнасы жазды.
Елімізге танымал кәсіпкер, спорт жанашыры Махат Төрәлі даңқты боксшымыз Болат Жұмаділовке қолдау танытып, тұрақты жұмыс тауып берді. Яғни, Болат ағаммыз бұдан былай елорда төріндегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде бапкер ретінде жұмыс істеп, жоғары деңгейде жалақы алады. 800 шаршы метрлік заманауи бокс залында болашақ чемпиондарды даярлайды. Құтты болсын! Осындай мүмкідік беріп жатқан Махат Төрәліге мың алғыс, - деп жазылған ақпаратта.
Бірнеше күн бұрын белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Болат Жұмаділовтен сұхбат алып, оның 30 шаршы метрлік аумақта балаларды жаттықтырып жүргенін айтқан болатын. Кейін ол меценаттарға үндеу жолдап, боксшыға қолдау көрсетуді ұсынған еді. Осыдан кейін ҚР бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп Болат Жұмаділовке шетелдік бағалы көлікті тарту етті.

