Жаңалықтар

Бекзада талант

Бекзада талант
29.11.2021 12:55 3818

Киноактриса, өнер жұлдызы Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл толуына орай, назарларыңызға Әбдіжәміл Нұрпейісов, Оралхан Бөкеев сынды ірі тұлғалардың актриса туралы жазған жылы лебізі мен естеліктерін бөлісіп отырмыз.

Шырқауда

Фарида Шәріпованың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында өткен шығармашылық көшінде жасалған баяндама Зиялы қауым! Білемі.. Білем ғой, осында отырған қай-қайсысының да үйде де, түзде де шалғайдан тартқан талай шаруасы жатыр. Бір бүгін бе, бұдан бұрынғы кездері де пақыр пенденің арқасын кеңге салып, бел шешіп, жайбарақат отырған кезі сірә да болмапты. Маңдайға жазған қос уыс тірлікте осы мына бар болғыр дүниенің бас-аяғын түгендеймін деп қаншама табаннан таусылса да, жұмыр басты пенденің әсте бір ісі ілгері баспай, арман мен үміт ылғи де алдаусыратып, ылғи да қызыл түлкідей көз ұшында бұлаңдап, қашанғыдан бұрын жүйке құртып, жігеріңді жүндеп титыққа жетіп болмаушы ма еді? Күйкі тірліктің: күйбеңі таусылмай, жағаласпен, жанталаспен күн өткізіп жүргенде, айтыңдаршы,басқаға мойын бұрмақ тұрсын, Сіз бен Біз, әрі-берідесін бір-бірімізбен бір түндік астында бас қоса қоймаушы едік.

Бекзада талант

Ал, бүгін... Бүгін әлдебір құдірет баршаңызды орындарыңнан бір сәтте дүрк көтеріп, осында әкеліпті. Бұл, әрине, өнердің, өнер деген бір құдіреттің күші. Ал, соған таңдануға бола ма? Осынау жарық жалғанда қай кез, қай заман, қай қоғам тарихына көз жіберсеңіз де, адам баласы тек таққа ғана табынып па еді? Рас, шыбын жан не істетпейді. Қайсыбір сұмпайы заманда тақ алдында құлдық ұрса ұрған шығар, тек табынған жоқ еді ғой. Өзін сыйлаған адам қашан да өнерді сыйлаған. Өнер иесі талантты сыйлаған. Талантты Тәңірінің тап өзіндей сыйлап, табынса тек талантқа табынған. Айта берсе, Сіз бен Біздің ата-бабамыз ат жалы, түйе қомында күн кешкен заманда да ауыл үстіне ән, күй келсе арқасы қозып, ішкен асын жерге қоя сала жүгіретін; керек десек, кеше “мың өліп, мың тіріліп” жүріп те тағдырдың тепкісін көрсе көрген шығар, бірақ құл болып кеудесін ешкімге басқызбаған өр халық өнер дегенде ықылас-ілтипаты ерекше болатын.Дүбірлі жерде делебесі қозып шыға келетін қазекеңнің қай баласы шын намысқа басқанда, керек десе, тірлігіне талшық қып отырған төрт түлікке де «құлағын ұрайын», - деп қолын бір сілтеп, жылқышы жылқысын тепсеңге қайырып тастап, қойшысы қойын үй іргесіне иіре салып шаршы топқа түсіп кететіні қайда? Сонда, ол қамшысын ортаға тастай сала бір ырғалып қойып, құдай берген қызыл тілді безеп, саңқылдап сөйлеп кеткенде, о, тоба, құрым үйдің төбесінде түндік желкілдеп тұрмаушы ма еді? Аруағыңнан айналайын сол ата-баба әліпті таяқ деп білмесе де, құдай өзіне о баста тумысынан берген құр зерде, құр зейілмен де жұмыр жердің бас-аяғын шолып, өз сырын өзі ұрлап жатқан тылсым дүниенің түбіне сүңгіп, тереңінен маржан теретін. Сонда, дүниенің төрт бұрышындағы құбылысты көріпкелі бардай көкірекпен сезген сол ата-баба әрбір құбылысқа ат қойып, айдар таққаны былай тұрсын, тіпті сол құбылыстың сыры мен сипатына топшылау жасауға да тәуекелі жетіп, ой мен сөзден түйін түйетін. Басқа елдердей кейінгі ұрпаққа сәулетті сарай, ғажап ғимарат қалдырмаса қалдырмаған шығар, бірақ бауырынан өрген бар-бар ұрпағын өнерге баулығаны ақиқат. Исі қазақ қауға мен құрықтан қолы сәл босаса сары даланың өзін сахнаға айналдырып, қыз-бозбала ауыл сыртында таң атқанша түн қабағы бір жабылушы ма еді? Халық басына ақыр заман төнсе де, елге сері, салдар келіп, жыраулар келіп күнді түнге соқтырғанда осы жұрт әлгінде иілген еңсені әп-сәтте көтеріп алушы еді! Қазір, міне, нарық шықты, парықсыздау болып бара жатқан мына заман жұртты қай бір айдарынан жел өскізіп қойып еді. Бозала таңнан базар жағалап, ана жердегі опыр-топырда, мына жердегі опыр-топырда басқа жұрт қалтасы қалыңдап, қазысы қалпақтай боп балпанақтанып шығып жатқанда, қайдам, жүз саулықтан жүз елу қозы алғаны болмаса, өмірі тиын сауып көрмеген біздің кісілер әлгі опыр-топырлардан жағасы жыртылып, түймесі үзіліп, қолындағы барлы-жоғынан айырылып жатпаса не қылсын... Шынында да, осы жұрт дәл бүгін де Тәңірінің сараң қатынның қолымен тауыққа шашқан тарыдай тақ-тұқ ырызық-нәсіпті теріп, құлқынның құлы боп кетпей, құрдай дес бергенде, өнерді сүйетін осынша қауымды қара шаңырақ астына жинап бас қосқызып қойған өнер атаулыда, асылы, қандай да бір сиқыр күш бар. Әйтпесе, тапқан-таянғанын бұрын дастарқанға салатын жаны жомарт сорлылар енді қазір бозала таңнан қолға іліккен оны-мұнысын көшеге ала жүгіретінді әдетке айналдыра бастаған мына құлқы бұзық заманда Маркс айтса айтқандай, сананы, шынында да, тұрмыс билеп, бұлар да өнерге қолды бір сілтеп көшедегі опыр-топыр арасында “Кому водка? Кому носки?”, - деп қақсап, қақтығысып - соқтығысып жүріп алса қайтер едік? Айтса да халық тек тиын сауып, ындын мен құлқынның құлы боп кеткен жағдайда парасат әлемінде болып жатқан ақ ордасын қайтсін! Олар дәл бүгін, желтоқсанның дәл мына оныншы санында сахна өнерінің көгіне шырқап шығып алып, енді міне өздеріңнің көз алдарыңда күні кеше Қалекең, Құрекең, Серағаң, Елағаңдар қолдасып көтерген қасиетті қара шаңырақтың қақ төрінде, құдды көп жұлдыз арасында дараланып оқшау тұрған Таңшолпанның дәл өзіндей, жүзіне нұр жиып, осынша жұрттың жан-жақтан сұқтанбай, тек сүйсіпеншілікпен қараған жанарынан сәл-пәл қысылып іштей абыржыңқырап отырған қазақтың талантты қызының мерейтойы әлгі айтқан құлқыны бұзылып бара жатқан жұрттың миына қайдан кіріп шықсын. Жә, ондай күннің бетін бізден аулақ қылсын деп тілеп, әңгімені бүгін баршамыздың басымызды қосып отырған халқымыздың аяулы қызы Фарида Шәріповаға арнайық. Фариданың аттай қырық жылы сахнада өтті. Осы жылдарда ол жүзден астам рөл ойнапты. Қазақ, қырғыз қыздарынан басқа тағы талай халықтың, ел-жұрттың айтулы арулары актриса талантына қоңсы қоныпты. Мына біз болмысымыздағы барлы-жоқ қасиетті бір терінің ішіне әрең сыйғызып, аяқ жолымызды әзер-әзер алып жүрсек, актриса Фарида сонау сыры мен шындығына ой түгіл, әрілесе қиял жете бермейтін көне заманнан бастап күні бүгінге дейін адам баласы өмір кешіп келе жатқан қыруар көп-көп қыздардың бір-бірінің терісіне бір-бір кіріп, тамаша образдар жасапты. Және жай кіріп шықпаған. Әне бір Тәңірден маңдайыма бармақтай бақ бер», - деп тепсініп теңдік сұраған ару қыздардың арман жолында бәйгеге бас тіккен талай-талай күресте от пен судай шарпылысқан сезімін өз жүрегінен өткізіп, арпалыс алыс-жұлысын айна-қатесіз аудармай қайталап, тап қазір өзі отырған мына сахнада небір күрделі сұңғыла образ мүсіндеген актриса. Бұл ретте арнайы тоқтайтын мынадай жай бар: актриса есебінде Фарида әлдебір сезіммен, әлдебір өткінші көңіл-күймен шектелетін, сөйтіп бір импульсті ғана алып шығатын бір қырлы талант емес. Фарида көп қырлы талант. Сондықтан қай жанрда, қандай драмалық шығармаларда ойнаса да, біз білерде, оның оң жамбасына келмей, осқырына, жатырқай қараған жат рөл, жат жанр болмапты. Сіз, егер, актрисаның әлгі біз айтқан көп қырлы талантының табиғатын таразылап байқап көргіңіз келсе, оны байырғы драмалық пьеса тұрсын, әрілесе комедия, трагедия жанрын салсаңыз да нағыз шаппай бер, жүлдегер болады да шығады. Жаңа біз актриса қырық жылда талай халықтың ару қыздарын ойнады дедік. Қызы сол аурлар өмір сүрген орта әр басқа. Олардың ұлты да басқа, бөлек. Тілі, діні, басқа, бөлек. Мінез-құлқы болса-болмаса да бір-біріне ұқсамайтын мүлде кереғар, басқа. Айта берсе, Фарида ойнаған сол арулардың әйелге, әйел затына тән еркек шіркіндердің аузынан суы құрып айта беретін мына бір қылығы, назы, темпераменті екеш темпераменті де бір-біріне ұқсамайтын кереғар, басқа. Бір қалада тұрғасын күнде болмаса да, сәті түсіп Фаридамен айында, жылында кездесіп қаламыз. Соның бәрінде де ол баяғы біз білетіндей бір қалыпта. Аяқ астынан ойда жоқта ұшырасқасын ба, ә дегенде, ол шығыс әйелдеріне жарасымды ұяң жүзін саған күлімсірей бұрады; таңданғаны ма, әлде осы кездесуге қуанғаны ма, белгісіз, қытайы қиық көздің қарашығын шоқтандыра кірпік астынан жалт қарап, тіл қатпас бұрын әуелі жүрегіңді дір еткізе сыңғырлай күліп алатын, әдепті десең әдепті, ибалы десең ибалы актриса, қалайда әйтеуір сол арада саған әйел екенін сездіріп бағады. Соған қарап, соңыра сахнаға шыққанда да, әлгі бет моншағы үзіліп тұрған бып-биязы мінезді: ойнайтын шығар деп қаласыз. Жоқ, қателесесіз. Мәселен, Әуезов пен Мүсірепов пьесаларындағы Фарида ойнаған әйел образдарын алалық. Қазақ әдебиетінде бір кез, бір дәуірде қатар өмір сүрген сол қос қоңырдың құдіретті қаламынан шыққан қазақ қыздары тағдырының түп астарына бойламай, бер жағынан, тек әлеуметтік тұғырдан алып қарағанда, бәлкім, бір-біріне ұқсап қалатын ортақ жай болса болар; бірақ олардың оқушы санасында қашаннан қалыптасқан әдеби образ есебінде мінез-құлқы мен әйелдік темпераментіне бір-біріне мүлде ұқсамайтын кереғарлық қанша. Өзіне өмірбақи қатты талап қоюдан танбаған актриса әлгі рөлдердің қайсысын ойнаса да «ой, несі бар”, - деп жеңіл-желпі қараған жері жоқ; соның бәрінен де, ол қайта көш соңында жетекке ерген ботадай кәп дүрмекке ілесіп, өзінен бұрынғылардың шылауына еріп кетпей, қиын да болса өнер әлемінде өз сүрлеуін салуға талпынды. Әдетте, өнер адамын арманына жеткізсе жеткізетін азапты жолдан қашқан жоқ. Соның арқасында үздіксіз тебіреніс, ізденіспен өткен қырық жылда өзі ойнаған жүзден астам рөлдің бәріне жүректегі жалын мен бойдағы бар-бар қабілетін аямай, өмірін өнерге арнаған қайсар, өжет актриса. Сондықтан болар-ау, ұмытпасам, 50-жылдың аяғында ту Шыңжаннан келген қаршадай қыз Ноғайбай қарттың қара шаңырағына келін боп түсердің алдында бірер жыл бұрын осы театрдың есігін алғаш имене ашқан күннен бастап күні бүгінге дейін жұрт назарына ілінбей, қақас қалған жері болмапты. Шыңжаннан келетін сол қаршадай қыз қырық жылды артына салар-салмаста, бүгін, әне, ұлттық өнеріміздің абыройын ұстап тұрған Академиялық театрдың қақ төрінде атақты апалары Хадиша, Бикен, Шолпандармен иықтаса жота көрсетіп, өнер әлемінде жұрт назарына шалғайдан шалынатын санаулы әсем биік шынардың бірі.

Бекзада талант

Өздеріңізге белгілі, драматургиясыз – театр тұл, актерсіз болса-болмаса да сахна өнері өркен жайған емес, ал қазақ әдебиетінде драматургия жанрының алғаш қанат қаққан қарлығашы да, көзі тіріде әлемдік биікке жеткізіп кемелдендіріп кеткен заңғар классигі де Әуезов Мұхтар, Мүсірепов Ғабит. Осы қос қоңырдың қаламынан шыққан «Еңлік-Кебек», «Қозы-Баян», «Қарагөз» бен «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» басты әйел рөлдерінің бәрін Фарида ойнапты. Соның қайсысын ойнаса да, Фарида өзінен бұрынғы сахна шеберлері кезінде әрқайсысы әр қырынан сомдаған образдардың ешқайсысына ұқсамайтын, тек рухани ізденіс үстінде өз нұрымен нәрлеп, өз сезімімен шыңдап суарған шыншыл сұңғыла образдар. Өмірін өнерге арнаған суреткер жолы оңай болды дегенді өз құлағым естіген емес. Фарида да, сөз жоқ, шеберлік сөз болған бір тұста академик жазушы Зейнолла Қабдолов айтса айтқандай, ар-ісінің азабына пейіл боп тәуекелге бел байлап барғаны ақиқат.

Бекзада талант

Қадірлі қауым, өз басым стол азабының қандай болатынын білсем де, сахна азабын бастан кешіп көргем жоқ; бірақ үйде отырып та өмірден өнер жасайтын сұңғыла суреткер үшін әлгі Қабдолов айтқан ар ісінің азабы қандай болатынын көкірек шіркін сезеді. Оны дәлелдеу үшін тарихты қопарудың қажеті жоқ; теңіздің ашылығын білу үшін бір тамшының дәмін татып та көзді жеткізуге болатыны сияқты, кезінде дәл осы театрдың алыптар болмаса, екінің бірінің қолы жете бермейтін актер шеберлігінің шырқау биігіне айналған бір кішкентай штрихты естеріңізге сала кетейін. Оны өздеріңіз де білесіздер. «Еңлік –Кебекте» әне бір қабырғасы қайысқан тұста Абыз қарияны ойнаған ұлы актер құшағындағы қара қобызға күңірене үн қосып отырды-ау. Сонан бір кезде өзегін өртеген ақ жалын ардағынан ақтарыла «О, беу!» - деп қойып, іле-шала еңсесін көтеріп алып, «бәріңнің де нәрің жоқ, халқым қайтып күн көрер», - деп осы елдің сол кездегі ығайлары мен сығайлары жайғасқан алдыңғы қатарға қолын сермей бір жайпап өткенде, естеріңізде болар, әлгі бастықтар үстіне құдды ыстық су құйып жібергендей бейшара боп бүрісе-бүрісе қалатын еді ғой. Жасыратыны жоқ, осы күнгі басшы балаларға біздің де ырза боп өліп бара жатқанымыз шамалы. Ал, бірақ... Абыз қарияның көкірегін өртеген әлгі ыза біздің де аузымыздан қысқа күнде қырық айтылып жатса да, шыбын шаққан құрлы әсер етпейтіні не? «Айналайын», - деп ойланып қаласың. Тосылып біраз отырасың. Сонан бір кезде басыңа тосын ой келеді: осы жұрт айта беретін талант араласқан жерде не нәрсенің де өңі өзгеріп өнерге айналып шыға келетін әне бір оқшау құбылыс осы болар-ау, сірә?! Берірек келгесін Фарида Шәріпованың актерлік таланты әр қырынан көрініп, диалазоны кеңіп, шеберлік қабілеті кемелденіп құлашын кеңге сала бастады. Қазақ репертуарларымен бірге ол енді әлем сахнасын дүрілдетіп жатқан не бір атақты рөлдерде де ойнады. Әсіресе, Макс Фриштің Мирандасы актриса талантының жаңа қырын ашып, кезінде көрермен қауымды қатты таңдандырған үздік шеберлік әлі есімде. Өмірді ойыншыққа айналдырған жеңіл жүрісті әйелді ойнағанда, артығы-кемі жоқ, сол ана ортағасырлық Еуропаның астымен алысқан нағыз жөзекше сайқалы аңдаусызда арамызға кіріп кеткендей. Бұл Еуропа емес пе; атүсті сартыл-сұртыл тұрсын, тіпті жар төсегінде де бес қару белінде жүретін рыцарьлар мен қалталы шонжарлардың қойнын құрғатпайтын нағыз сарыала етек. Әне, қыруар жұрт көз тіккен сахнада қырық айлалы қылықпен сол заманның небір талтаңдаған тәкаппар еркектері ноқталы баспақтай көзінен тізіліп, Миранданың оттай ыстық құшағына құлап түсіп жатыр. Мына жақта отырып, қыруар жұрт ес-түсінен айырылған. Бүкіл тұла бойында абыройын ғана жапқандай алақандай лыпаны іле салған әйелді ойнағанда, әлгінде шымылдық ашылардың алдында ғана өзімізіге кездескен ибалы да инабатты Фариданың өзі түгіл, басқан ізін таба алмайсыз. Мә, әншейінде кездескенде бүйрегіңді бүлк еткізетін оның қытайы қиық көзінің жанары бұл жолы бұрынғысынан көрі ерсілеу шоқтанып, түнгі шайтан отындай жылт-жылт ете ме, қалай? Әсіресе, әдеттегі әсем сыңғыр-сыңғыр күлкісі екеш күлкісі де бұл жолы кісі арбайтын сиқыр бірдеңесі мен алды-артыңа тор-тұзағын жайып-шырмап алғалы тұрған жоқ па? Сосын бүкіл тұла бойында әні-міне түсіп қалатындай, әне бір алақандай пәлесі не? Әдетте, Фариданың үстінен көретін делиме етек көйлегін жаңа сахнаға шығарда жел ұшырып әкеткеннен сау ма? Құрысын, түкке түсінбей, әпі-шәпі болып шығасың. Талант шіркіннің құдіретіне кісі зердесі жете берген бе. Біз тұрсын, бізден бұрынғылар да таңданып бас шайқап, тақ пен тәжге имеген тәкаппар басын талантқа иетіні, сірә, тегін бе еді? Сол Фарида енді бір кез өзінің кең құлашты талантының тағы қырына салып, біздің шыдамымызды сынап бағады. Бұл жолы біз де белімізді бергіміз келмей, билетте көрсетілген орнымызға жайғасып, бойдағы бар салмақты сабырға салып нығызданып бағамыз. Сөйтіп қара шаңырақ астындағы төрт қабырғаның бір жағы - сахна. Екінші жағы - зал. Сахнада актриса, залда біз. Қазір басталатын жекпе-жекте қайсысы жеңеді? Тағы да бізді актриса таланты белдесуге келтірмей, бас еркіңнен айырып құйындай үйіріп әкетпесе не қылсын?

Бекзада талант

Міне, Фарида сахнаға шықты. Бұл жолы да басты рөлде. Нәсілі бір, нәпсісі бір демесең, бірақ бұл жолы Фарида ойнайтын мына әйел басқа. Біз көретін бұл жолғы өмір шындығы да сонау көне грек заманынан бері әлем сахнасынан түспей келе жатқан махаббат пен зұлымдықтың кәдімгі қан төкпей тынбайтын от пен судай шарпысы. Медея болса талай елдің сахна шеберлерін сыннан өткізген образ. Олардың қайсысы қай қырын ашты, қалай ашты, ол маған белгісіз. Фарида болса, жүрегіне жылан жұмыртқалаған әйел образын жасады. Алданған махаббаттың азарына шыдамай, көкірегіне қан қатқан дүлей долылықтан адам шошиды. Әрине, опасыздық, жазалану керек, бірақ қан жұтып көкірегі қарайып тұрса да, кек қайтару үшін бауырынан шыққан балаларын өлтіру, адам ақылына сыймайтын сұмдық. Ондай сұмдыққа Хауа Ана анамыздан бері, адам баласы ғұмыр кешкен тірлікте дәті жетіп барған, сірә, басқа әйел болды ма? Соны біле тұрсаң да, бір ғажабы, Фарида ойнағанда, Медея қолымен істелген әлгі сұмдыққа сен де іштей иланасың. Иланып қана қоймайсың, әрі- берідесін имандай ұйып бара жатқаныңды байқамай қаласың. Актриса өз шындығына сені де еліктіріп, ықпалына түсіріп алғасын, сені енді уысынан шығармайды. Бас еркіңді әлдеқашан билеп әкеткен. Көз де, көңіл де бауралып, жаны ит талағандай болған қайсыбір көңілшектер қасындағыларға көрсетпей көз жасын сығып алады. Көне заманның қаталдығы сахнадан сырғанап түсіп, осы заманға біржолата көшіп алғандай. Көне грек заманынан бері екі араға қанша мың жыл түссе де, қоғам өзгеріп, заман өзгеріп, дүние асты-үстіне түсіп астан-кестеңі шығып жатса да, апырай. адам санасы өзгермегені қалай деп ойлайсың. Бәсе, адам санасының эволюциялық өсу жолында пәлендей өзгеріс бола қоймағаны қалай? Бұл несі? Не керек, сонан қашан барқыт шымылдық жабылып, актриса сахнаның ар жағындағы өзінің әдеттегі қынама бел, делиме етек көйлегін киіп, қазық өкше қара сүрік туфлидің тақасымен тақтай еденді тық-тық басып көшеге шыққасын да, сен бәрібір атам заманғы көне грек дүниесінен әлі де болса ақиқат орала алмай ол заман мен бұл заманның екі арасында ойың онға бөлініп, шыт-шыт ойыңның бас-аяғын жия алмай, екі ұдай халде отырасың. Иә, Фариданың Медеясы бізді дәл осындай сең соққан балық сияқты күйге түсіреді. Біз өзіміздің әжептәуір әмір көрген жасымызға, ақ шалған дап- дардай басымызға қарамастан атақты актриса екі сағат бойы сезіміңді құйындай үйіріп, жаныңды ит талаған терідей дал-дұл қып, өзіңді дауыл соққан теректей шай-қалтып сілкілеп-сілкілеп алады. Бұл талант құдіреті, шамасы, сірә, танбастан талантқа табынып келе жатқаныңыз да аның дәл осы құдіретін даусыз мойындағанымыз болар. Қазір Фарида қазақ сахнасының шырқау биігіне шарықтап шыққан, көп қырлы таланты кемелденіп толысқан шағы. Бұл жалғыз менің ғана пікірім емес, құдай біледі деп айтайын, бұл осы отырған баршамыздың көкіректе әлдеқашан қалыптасқан имандай ақиқат екенін ашық айтып тұрмын. Ендеше, халық құрметтеген, өнер сүйген осынша зиялы қауым болса, болмаса да жүрегіндегі жылылық сезімді жасырмай, жан-жақтан жаудырай қараған көз бен көңілдегі осынау шексіз ыстық ықыласқа бөленген қазақтың талантты қызының алдағы ұзақ жылдарда да, өнері өрге шауып, мағыналы өмір кешкен талай-талай творчестволық қызығы мен қуанышына куәгер боламыз! Тәңірден сол күнге баршымыздың басымызды аман-есен жеткіз деп тілелік! Талантты қызымыз соңыра тағы бір мүшел жасында, тағы да баршамыздың басымызды осы қасиетті қара шаңырақ астында қосып, дәл мына өзі отырған қақ төрде қытайы қиық көздің астынан біздерге күлімсірей қарап отырмас дейсің бе?!

Қашан да қызды сыйлаған халық едік ғой, қане, бәріміз де орнымыздан тұрып, Жаратушы Жаппар Иеден осы тілегімізді қабыл ала көр деп көңілімізді аққа қойып, шын ниетпен тілелік!

Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ

«Егемен Қазақстан»,

11 желтоқсан, 1996 ж.

«Менің пірім – қарлыға»

Өнер адамына жолығу, өнер адамымен дидарласудың әрі сол ғажап талант иелерінің тілін тауып, көңіл көкжиегі, жүрек сырына үңілу жауапкершілігі қандай күшті шаруа десеңізші. Біз сол бір қиын да қызықты өнерпаздардың бар ғұмырлық болмысын ірке тұрғанда, сахналық бейнесін толыққанды беру үшін қаншама тер төгіп, жанталассақ та осылай-ау” деген жалпылама топшылаудың ауқымында қалып қоятынымыз бар-ды. Мұның түпкілікті сыры сол табиғаты бөлекше жаратылыс иелерінің шын сырын, шын ерекшелігін жыға танымағанымыз, әрі өнер өрісінің сан жықыпылынан хабарымыз тайыз, біліміміздің қораштығы деп білем. Мен қазақ өнерінің қара шаңырағы - қазақ драма театрының бел баласы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Фарида Шәріпованың творчестволық портретін жазбақ ниетім - оның бүкіл сахналық тұлғасын жасап, ойын, ерекшелігін саралап, бары мен жоғын еселеп айтып еңсеріп тастау емес, көп көрерменнің ретіндегі алған әсерімді, тоқыған пікірімді қисындау ғана. Бізде театр сыншыларының аздығын - Қазақ КСР халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпованың аузынан бір естісек, сол пікірді Фариданың да қайталауы қайран қалдырды, әрі ойландырды да. Сонымен Фарида кім өзі? Асылы, мен сахнадан әртіс Фариданы ғана көрер едім, енді міне, ана Фаридамен жүздесіп отырмын. Иә, менімен қарапайым ғана келіншек әңгімелесіп отыр. Мынау қаршадай ғана келіншек Қарлыға, Жәмилә, Еңлік, Толғанай, Ажар іспетті алып бейнелерді сахнаға қалай ғана алып шықты екен, қандай ғана алып құдырет жебеп, өнер өрісіне оқшау алып шықты екен? Фариданың өмір жолы да, өнер жолы да қиын болғаны рас. Сонау шатқалақ шақта дүрмекпен арғы бетке өтіп кеткен туған-туысқаны кейінгі бар тірлігін сол жерде өткізді, ал болашақ актер сонда дүниеге келді. Орта мектепті де Шәуешектен бітірді. Фарида айтады: Мен мектепте оқып жүрген кезімде биге әуес едім. Бірақ ата-бабаның ескі дәстүрі балиғатқа тола бастаған қыздың орынсыз секеңдеуін жақтырмады. Егер тарихи тақырыптағы арқаулы драмалық шығармалардағы кейіпкерлерді сәтті шығара алды деп көрермен сезінсе, соз жоқ, әлгі ортада өскеннің пайдасы дер едім. Фариданың творчестволық сапары «Хасен мен Жәмилә» көркем суретті фильміндегі Жәмилә рөлін ойнаудан басталады. Ал осы дүниеге оқыстан келіп қалған сәтті де, бірегей киноның бар табысын 17-ге енді ғана толған Фариданың еншілеуі табиғи да. Өйткені, бұл фильмнің өзегі - сол Жәмилә тағдырына өрілген, соған негізделген ғой. Өжет те адал Жәмилә – Фарида біздің көз алдымызда бүгін көргендей елестейді. Ол бұдан соң өз арманын арқалап, атасы тастап кеткен жерге өтті, жәй өткен жоқ, арман-үмітін ала келді. Келді де Құрманғазы атындағы Өнер институтының жаңадан ашылған театр факультетіне оқуға түсті. Алғаш рет Баян сынды адал махаббат иесімен алғаш рет табысты.

Бекзада талант

- Менің, - дейді Фарида, - творчестволық жолымды ашқан Ш.Айтматовтың «Жәмиласы» болды. 1963 жылы тұңғыш осы рәлдің бар жауапкершілігін мойныма алғанда Жәмиләдан соны қадір-қасиет танығандай болып, бұдан бұрын өзім де сезіп-біле бермейтін, бірақ күндердің күні жолығатын үміт отындай жалт еткен, ертеңгіге елеңдеткен арман Адамына ұшырасқандай болдым. Жалпы Ш.Айтматовтың мен ойнаған Жәмиласы, «Ана -Жер-анадағы» Толғанайы, жуықта «Мосфильм» жасап шығарған «Қош, Гүлсарыдағы» Бибіжаны - бәрі- бәрі сырлы бейнелер. Мұхтар Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысындағы» Қарлығаны сахналық тұрғыда қайта тірілткеніңізді айтқан жоқсыз. Дегенмен, көрермен бәрінен де осы еңбегіңізді бағалап жүр ғой. Көбіктінің қызы да, ұлы да боп еркекшора өскен батыр Қарлыға махаббат жолында өз елі, туған әкесін тәрк етіп Қобыландыға еріп кетер сәті, һәм құлай сүйген сезіміне дару таба алмай сандалуы әрі өз жарына деген адалдықтың, нәзік қасиеттің символы Құртқа сұлулығы - жан сұлулығы алдында тәкаппар басын ию мезеті – толайым толғаныс, арпалысқан жүрек, жарқ-жұрқ қимыл, жалынды да мірдің оғындай сөз арқылы көрерменнің жанына жалау боп орнайды. Тарихтың қат-қабатындағы халықтың батыр қызын аядай сахнада-ақ қайта жаңғыртып, бар болмысын, бар қайғысын, бар қуанышын жұртшылықпен бөлісу, сол Қарлығаның өмірін қайта кешу кез келген актердің қолынан келе бермейтіні хақ. Сахнада жүріп жатқан өмірдің терең идеялық күшін, анау адамның жігерін, рухын жоғалтпай, сонымен иіндес көркемдік тұтастық тізбегін сақтай отырып, автордың айтпақ ойын, жан-жақты көрсетілген шынайы өмір шындығын көркемдік шеберлікпен, көрерменге ұсыну, сөйтіп оларға әсер ету, көкірегіне жылу тастау -- актердің бүтіндей талап-талантына байланысты.Фарида мұны біршама игеріп үлгерген. Оның ерекшелігі сол – автордың ойына (әсіресе М.Әуезов, Ш.Айтматов ойына) терең бойлай отырып, оның өзіндік көркемдік ерекшелігін жіті ажыратып, драматург келбетін, табиғатын айнытпай таниды. Фарида ойнаған кейіпкерлер шетінен өмірге іңкар адамдар. Олар алғашында тағдырдан таяқ жегендер, бір рет сүрінгендер, бірақ түңілмегендер. Олар қайта туады, қайта күреседі өмірмен, ақыр аяғы жеңіп шығады: Қарлыға да, Ажар да, Жәмилә да, Нәзи де, Толғанай да - сондай әйелдер. Маған Фарида өз көкейінде жүрген біршама ой-пікірлерін мәлім етті.

Маған, әсіресе, шығарманың шыншылдығы ұнады;

- актерді өсіретін бәрінен де бұрын - сәтті туындылар. Мен үлкен бір сүбелі кейіпкерімді тағы да іздеп жүрмін. Өкінішке қарай, біздің драматургтеріміз ондай сый-сияпат бере қойған жоқ;

- актерді, меніңше, сенім тәрбиелейді. Маған аға актерлер мен халық сенген сайын творчестволық шыңдалу мектебінен өткендей боламын;

- сосын, көрермендерімнің қолын әншейін соқпауын, алғашқы жалт еткен жылтырауыққа емес, ойланып-толғанып шын таланттың шын кереметін жыға танып барып қошеметтесе екен деп тілеймін. Әйтпесе, дақпыртқа елеңдеп кететін әріптестерім де жоқ емес;

- актерге керегі әсіресе -- қарапайымдылық. Рөл емес, грим таңдаудан бастайтындар да бар;

- шіркін-ай, ылғи да кездесіп, жолығып тұрсақ, айрылысу, қоштасу дегендерге ішім жылымайды;

- бар жақсылықты сахнада ғана емес, өмірде де сақтап қалсақ;

- сахналық өмір қысқа, бірақ бәрін - бойдағы қуаттың бәрін беріп үлгеру керек. Сондықтан да өміршең:

- Сахналық тіл деген – тіл жоқ. Ол халықтың тілі ғой. Көптеген жас актерлеріміз ана тілін толық меңгермей жауапты рөлге жармасады. Айталық Мұхаңның төгіп-төгіп тастайтын шұрайлы ұзын сөйлемдерін белінен бір опырып тұрсақ жұрттың құлағына ши жүгірткендей болар ек. Меніңше, актерлік өнерді мақсұт тұтқан әрбір жас ең әуелі төл әдебиетіміздің туындыларын көбірек оқыса...

Фарида Шәріпованың кино өнеріндегі табысы да айтарлықтай. Өнердің білікті-білікті екі саласын қатар игерген актер “Тұлпардың ізі” картинасындағы Жаухаз, “Бұрылыста” Ғалия, осы биыл түсіріліп жатқан "Қыз Жібек” фильмінде Жібектің жеңгесі Кербез, “Мәншүк туралы әнде” Мәншүктің анасы боп ойнайды. Бірақ оның сахналық тұлғасын экран әсте кішірейткен жоқ, қайта әртістік техникасын шыңдай түсті.

Фарида ойынының ең табыстылығы сол, ол сахнада немесе экранда болсын, тіпті де жалаң декламацияға салынып, сырт сымбаттылыққа бой ұрмайды. Өз өнерін өмірден жоғары қоюшыларға жаны жат. Сахнада айтылатын асыл ойларды көрермен қауымға дәлме-дәл жеткізу, жеткізіп ғана қоймай, зердесіне ұялатып, сезімін селт еткізуге талпыну – бұл актерді үнемі бір ізденіске, талпынысқа бастады. Ал өз ісін, өз рөлін шын жан-тәнімен сүйе білген актер - нағыз актер. Егер оның ойынында өмір мазмұнының тереңдігі ашылмаса, әрі оның жасаған дүниесінде үлкен ой болмаса, бәрібір жоғарғы техника оны ұсақтықтан арашалап алып қалмақ емес. Сахна геройының өмірін өз ғұмырына беріле балау, әрі сол қым-қуыт уақиғада баз кешіп жүрмін деп құлай сену -- Фариданың негізгі ерекшелігін даралайды. Ендеше, актердің жеке өзіндік даралығы өзі жасайтын образымен екеуара терең байланыста болуы осыдан туса керек. Ол бірде былай деді:

- актерлер көрушілердің спектакльді қалай қабылдағанын сезіне, әр рөлдің үлкен-кішілігіне, көрерменнің аз-көптігіне қарамай шабытты ойнауы тиіс.

Өкінішке қарай, шымылдық арасынан сығалай салып, “е, адамдар аз екен, қиналмасақ та болады” деушілер табылады.

Бұл сипаттамада Фариданың «Абай», «Шығыстағы бір бейбақ», «Вьетнам Жұлдыздары», «Жекпе-жек», «Бөлтірік бөрік астында», тағы басқа туындылардың сәтті шығуына атсалысып, басты кейіпкерлер тағдырын еншілеген табысын айтып үлгере алмаспын. Біз бұл ретте бірақ нәрсені шын мойындауымыз керек – Фарида өсу үстінде. Осы қуантады. Қазақ өнері аспанында осы іспетті жұлдыздар молая берсе деп тілейсің. Тіпті, соған бар діліңмен сенесің де.

Фарида Шәріповаға республикалық Мемлекеттік сыйлық «Ана - Жер-анаға» қосқан үлесі, өнерге сіңірген адал еңбегі үшін берілгені хақ. Олай болса, мұндай адамдарды ардақтайық та.

Оралхан БӨКЕЕВ

«Лениншіл жас», 1970 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға