t.me/KZgovernment

Бектенов туризмді дамыту тұжырымдамасын түзетуді тапсырды

Үкімет отырысында премьер-министр салалық ведомстволар алдына президенттің бағдарламалық сұхбатының қорытындысы бойынша міндеттер қойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президент атап өткендей, туризм саласы экономиканың бірнеше секторын қамтиды, сондықтан барлық тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын үйлестіру қажет. Бұл ретте, әр өңірде өзінің туризмді дамыту бағдарламалары бар, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының сөзінше, Туризм және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге бір ай мерзімде нақты іс-шаралар жоспарын ұсына отырып, 2029 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасын толықтырып, түзетуі қажет. Оған қосымша Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, туризм саласындағы кадрлық мәселелерді шешу үшін қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында туризм саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелерге тоқталып, бұл бағытта әлі де жүйелі жұмыс қажет екенін ашық айтты. 

Президент Үкіметке тиісті ескерту жасағаннан кейін салада ілгерілеу байқалғанын, алайда туризмнің күрделі әрі көпқырлы бағыт екенін атап өтті.

Туризм – экономика, мәдениет, қауіпсіздік пен бизнестің тоғысқан тұсы. Бұл салада өз ісіне жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризмде жалқаулыққа, немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке орын жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қазақстанға шетелдік туристер легі артқанын, ішкі туризмнің де қарқын ала бастағанын оң үрдіс ретінде бағалады. Сонымен бірге, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін мемлекет табу қиын. Бірақ жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығы салдарынан бұл әлеует әлі толық іске аспай отыр. Әзірге бәрі таныстыру жұмыстарынан аса алмай келеді, – деді президент.