Жаңалықтар

Бектенов әбден жыр болған «Жезқазған – Қызылорда» автожолы құрылысымен танысты

Бектенов әбден жыр болған «Жезқазған – Қызылорда» автожолы құрылысымен танысты
Фото: t.me/KZgovernment 23.08.2024 17:37 542

Олжас Бектенов президенттің «Жезқазған – Қызылорда» автожолын реконструкциялау жөніндегі тапсырмасының орындалуын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында «Жезқазған – Қызылорда» автожолы құрылысының қарқынымен танысты. Оны қалпына келтіру бірқатар өңірдің, оның ішінде Ұлытау облысының дамуына серпін беруі тиіс. 

Премьер-министрге бүгінде «Жезқазған – Қызылорда» жобасы (208 км) бойынша 4 мердігер ұйым анықталғаны баяндалды. Олармен келісімшартқа қол қойылған. Ұлытау облысы бойынша жұмыс құны 108,6 млрд теңгені құрайды.

Биыл жол құрылысына жер бөлу, құнарлы топырақ қабатын алу, вахталық қалашықтар салу және карьерлерді ресімдеу, сондай-ақ жол-құрылыс материалдарын дайындау жоспарлануда.

Премьер-министр «Жезқазған-Қызылорда» автожолының стратегиялық маңызы бар екеніне тоқталды. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға, сол арқылы облыс экономикасының дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді. Көлік министрлігіне жұмыстың уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін мәселені ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Сондай-ақ автожолды реконструкциялау кезінде мердігер ұйымдардың Ұлытау облысында тұратын мамандарды, сондай-ақ қажетті құзырет пен жоғары беделге ие компанияларды тартуына назар аударылды. Жұмыс барысында отандық құрылыс материалдары пайдаланылуы тиіс.

Үкімет басшысы автожолды реконструкциялау жұмыстарын жүргізуде жол қауіпсіздігін сақтау қажеттігіне ерекше тоқталды.

Жалпы, өңірдегі жергілікті маңызы бар жолдарда құрылыс жұмыстары қатар жүргізілуде. 2023 жылы облыста жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын 170 шақырымнан астам жол реконструкцияланды және жөнделді. Биыл жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асатын, ұзындығы 196 шақырым жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасады.

Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін бүкіл республикалық жол желісін нормативтік қалыпқа келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстанда 12 мың шақырым, атап айтқанда, республикалық желі бойынша – 8 мың шақырым, жергілікті желі бойынша – 4 мың шақырым автожолдың ауқымды құрылысы мен жөндеу жұмыстары басталды. Көлік министрлігінің деректері бойынша жыл соңына дейін 7 мың шақырымда жұмыстар аяқталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға