Жаңалықтар

Бекман Сойлыбаев: «Мен өзіме сенімдімін»

Көп адам маған «боксшыға ұқсамайсың» деп жатады. Мен оларға «шаршы алаңға шығайық, көреміз» деп жауап беремін.
Бекман Сойлыбаев: «Мен өзіме сенімдімін»
Фото: Арман Мухатов 27.06.2017 18:19 8204

Бекман Сойлыбаев — Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылында дүниеге келген. Жасы 26-да. Осы күнге дейін кәсіпқой рингте 11 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Жастығына қарамастан WBC International тұжырымы бойынша екінші жартылай жеңіл салмақта чемпион.  Кәсіпқой бокста Головкиннің ізін қуып келе жатқан қазақстандық боксшылардың бірден-бірі.

Әкем спортқа жаны жақын адам. Бесінші сынып оқып жүргенімде үлкен ағаларыма қызығып мен де бокс секциясына келдім. Ауылда бокс залы кішкентай, бала көп болғасын жаттықтырушы маған  «кейін келесің» деп шығарып салды. Ішімдегі күш-қуатты баса алмай, сыныптастарыма еріп күрес залына беттедім. Ол жерде әйтеуір маған бір орын табылды.

Ең алғашқы айналысқан спорт түрі адамның  мінез-құлқын қалыптастырады дейді мамандар. Бекманның мінезін дәл осы күрес қалыптастырды десек те болады. Осыдан болар ол әр жекпе-жегінде қарсыласының жауырыны жерге тигенін көргісі келеді. Әр жекпе-жегін Бекман уақытынан бұрын аяқтауға тырысады.  

Жетінші сынып оқып жүргенде күрес секциясы жабылып қалды. Баяғыда «кейін келесің» деген бокс бапкерінің сөзі есіме түсіп бокс залына қайта бардым. Алайда ол жерде бала өте көп еді. «Кейін келесің» деген сөзді қайта естідім. Бұл жолы бапкердің айтқанына қарамастан залға келе бердім. Үш күннен кейін мені аудандық жарысқа алып кетті. Сол жерде бірінші орын иелендім. Осыдан бастап бокс залына заңды түрде келуге мүмкіндік алдым.  

Бұл жеңіс тек бокс секциясына қатысуға ғана емес, чемпиондық белбеуге жасалған алғашқы қадам екенін ол кезде бала Бекман білмесе керек. Арман қуып Алматыға келген жас спортшы алдымен Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түседі, кейіннен боксан Алматы қаласының намысын қорғай бастайды.

2009 жылы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған Халықаралық турнирде жеңімпаз атандым. Сол жарыстан кейін марқұм бапкерім Қуанышбек Әжіғұлов екеуміз ақылдаса келе спорттық карьераны нақты таңдауға шешім қабылдадым.

Кез-келген адам өмірінің белгілі бір кезеңінде шешім қабылдайтын, жол таңдайтын уақытты бастан кешіреді. Бекманға мұндай шешім қабылдау оңайға соққан жоқ. Ең басты себеп оның салмағында еді. 58 кг салмақта жұдырықтасатын Бекман үшін Қазақстанды айтпағанда әлем бойынша бәсекелестік өте жоғары еді. Осыған қарамастан тәуекелге бел буып, былғары қолғабын қолына алып, таңның атысы, күннің батысы жаттығу залында ерінбей тер төккеннің арқасында мыңдаған боксшының арасында әлемдік рейтингте Бекман бүгін — 24 орында. Әйгілі укаиндық боксшы Василий Ломаченконың өзі Бекманды жоғары бағалап, өзінің спарринг қарсыласы етіп таңдап, бірге жаттығу жасаған.

2014 жылы әскерилер арасында әлем чемпионы атандым. Сол жеңістен кейін «Diamond Ring» промоутерлік компаниясы ұсыныс жасап, кәсіпқой боксқа өтуге шешім қабылдадым. Ең алғашқы жекпе-жегім Украинада өтті. Төрт раундқа созылған кездесу мен үшін өте қиынға түсті. Алайда намысты қолдан бермей, жеңіске жеттім.

Қазіргі уақытта Бекман Сойлыбаев Астана қаласында. Алдағы аптада ол Америкаға аттанып, алдағы жекпе-жегіне дайындықты бастамақ. Оның келесі қарсыласы аргентиналық былғары қолғап шебері — Орацио Кабрал. Жиырма кездесудің біреуінде ғана жеңілген Орацио Кабралдың мақсаты WBC International белбеуін Бекманнан алып қою. Жекпе-жекті ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің аясында өткізу жоспарланған. Біз Бекманның бойынан қорқыныш сезімін байқаған жоқпыз. Тіпті қарсыласының атын да әрең есіне түсірді.

Аргентиналық боксшымен міндетті кездесу өтеді. Осы жекпе-жекте мен белбеуімді қорғап қалуым тиіс. Жеңіске жетсем үздік 15 боксшының тізіміне кіремін. Қарсыласым жақсы боксшы деп айтты. Бірақ мен өзіме сенімдімін. Көп адам маған «боксшыға ұқсамайсың» деп жатады. Мен оларға «шаршы алаңға шығайық, көреміз» деп жауап беремін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға