Жаңалықтар

Бекарыс Шойбеков: «Жамалымды» ғашығыма арнап жазғанмын

Бекарыс Шойбеков: «Жамалымды» ғашығыма арнап жазғанмын
Фото: Бекарыс Шойбеков / Видеодан кадр 28.04.2023 11:15 3650

Саят Медеуовтің орындауымен қалың қауымға танылған, бүгінде ел аузынан түспейтін «Жамалым»  (тағы бір жерде «Жамалымсың») әні қалай дүниеге келді? Кімге арналған? Көпшілікті қызықтыратын осы сұрақты El.kz ақпараттық агенттігі тілшісі автордың өзінен сұрап көрді.

Бекарыс Шойбековті алты алашқа таныстырып жатудың өзі артық. Айтысты жаны сүйген қай қазақ болмасын, айтыскер ақынның есім-сойын жақсы біледі.

Бүгінде жастар әлеуметтік желіде «Жамалым» әнін нақышқа келтіріп, cover-нұсқасын орындап жүр. Аталған туындының әуелі сазы жазылды ма, әлде сөзі жазылды ма? Жалпы шығарманың шығу тарихы қандай деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Жауабын Шойбековтің өзі айтты.

«Жамалым» әні – 1996 жылы Түркістан қаласында  Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де оқып жүрген студент шақта дүниеге келді. Өзім ғашық болған жанға арнап сөзін жаздым. Ал әнін айтыскер ақын, термеші, бірнеше лирикалық әндердің авторы Жәкен Омаров шығарды. Сол жылдары Оңтүстік өлкесінде әуесқой әншілер орындап жүрді. Ең алғаш болып сахнаға Саят Медеуов алып шықты. Жұрт Саяттың орындауымен қабылдады, – дейді ол.

Бекарыс Шойбеков: «Жамалымды» ғашығыма арнап жазғанмын

Айтыскер ақын «Жамалым» әнінің басты кейіпкері –жастық шақта өзі ұнатып, сүйіп алған жары екенін жасырмады.

 Иә, біздің үйдегі жеңгең – деді Бекарыс Шойбеков.

Оның қаламынан туған бірнеше өлеңге Сауран Елеуов, Нышан Төлегенов, Бекжігіт Сердәлі, Әлімбай Ботақарев, Қанат Жұмабаев сынды композиторлар әуен жазған.

Композиторлардың да ұсынысымен сөз жазғанмын. Көбіне досым, елге белгілі сазгер (марқұм) Арман Дүйсеновпен шығармашылық байланыста болдым. Динара Қырықбаеваның орындауындағы «Ұстазым» әнінің сөзін жазғанмын. «Қарабура» сияқты біршама патриоттық өлеңдерім жарыққа шықты ғой.

Әлі күнге дейін ұсыныстар түсіп жатады. Әнге сөз жазумен тұрақты айналысып жүрген адам емеспін. Композиторлардың жіберген әуені маған ұнап жатса ғана сөз жазып беруге тырысамын. Егер ұнамаса, мүмкіндігім болмай тұрғанын бірден түсіндіріп айтамын, – деді ақын.

Сонымен қатар ол бүгінгі күндегі тыңдарман талғамына қатысты жеке пікірін білдірді.

Халықтың көбірек жеңіл әнді тыңдайтыны жасырын емес. Күнделікті қым-қуыт тұрмыс-тіршіліктің қамынан шаршаған адам бір мезгіл көңіл көтергісі келетін шығар. Бірақ елдің бәрі жеңіл ән тыңдап кетті деп, көпке топырақ шашуға болмайды. Әркімнің талғамына байланысты. Біреулер реп-поп деп жатады, соны тыңдайды. Енді бірі терме, лирикалық музыканы таңдайды. Әркім сезімдерінің ритміне түсетін әнді тыңдаса керек. Ал жастар жағын зерттеп жүргенім жоқ. Талғамы өсіп немесе түсіп барады деп пікір айта алмаймын, – - дейді айтыскер ақын.

Ол айтар ойы бар әндер рейтинг үшін туылмайды. Ән дегеніміз – жан сезімінің әуенінен сыртқа шыққан формасы. Жұрттың жүрегіндегі нотасына дөп түссе, ол ән елдің аузында қалады деп отыр.

Ел аузында жүрген әндердің абыройы әрқашан да асқақ. Ондай әндерді шығарудың ешқандай да заңда ережелері жоқ. Дегенмен біздің халқымыздың табиғатына, дәстүріне, таным-түсінігіне сай келетін әндер  елдің көкейіне қонымды шығады деп есептеймін. Негізінен шынайы ән – шынайы махаббаттан, шынайы көңіл толқынысынан, шынайы сезімнен, шынайы жан тебіренісінен туады ғой. Мынандай ән тудырудың мынадай шарттары бар дегенді білмеймін де, түсінбеймін де. Әннің дүниеге келуі де табиғи құбылыс, – дейді Бекарыс Шойбеков.

P.S: Жақында жаңа әні  «Қаратаудың қара нары» тыңдарманға жол тартпақ.  Оның музыкасын Қанат Жұмабаев, сөзін  Бекарыс Шойбеков жазған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға