Жаңалықтар

Бегім ана жайлы аңыз

Бегім ана жайлы аңыз
28.10.2015 10:08 7811

Бегім ана жайлы аңыз

ІХ ғасырдың тұсында түріктер көтеріле көшіп, Каспий теңізінің төңірегіне қоныстанып, Селжұқ мемлекетін құрды. Бұл мемлекет тез арада күшейді. Сосын Қарасан патшалығына ша­буыл жасап, оны күшпен басып алады. Мәлік шаһтың кезінде селжұқтар әбден өз кемеліне келген еді. Мәлік шаһ өлгеннен соң оның орнына баласы Санжар отырады. Санжар астанасын Қарасаннан көшіріп, Сыр бойына, Жанкентке орналастырады да, бұл шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ол аң аулап, сейіл құрғанды жақсы көреді екен. Сөйтіп жүріп Созақтың маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегімге үйленеді. Бегім жаратылысынан ақылына көркі сай, парасаты мол қыз болыпты. Санжарды табындырған да оның осындай сан қырлы қасиеттері болса керек. Үйленгеннен кейін Санжар бұрынғы әдетімен саяхатқа нөкерлерін ертіп Қаратауға аңға шығады. Дарияға келіп, ыспа қайықпен өтерде қанжарын үйге қалдырғанын есіне түсіріп, құлын шұғыл үйіне жұмсайды.

-Ханым, ханның қанжарын тез алып беріңіз. Кідіруге мұрсат жоқ,-деді ол үй сыртынан. Ханым жабықтан қанжарды ұсынғанда оның мүсіндей аппақ білегін көріп, құл сол жерде талып құлайды. Бегім мұны білмейді. Біраздан соң есін жиған құл атына міне сап дарияға қайта шабады. Келсе, хан қаһарына мініп, шаншылып тұр екен.

«Тақсыр, қасық қанымды қия көріңіз. Менің кешіккен себебім ханымға қатысты еді, қанжарды жабықтан беріп тұрып, оны алайын деп қолымды босата алмай, кешігу себебім осы»,- деп өтірікті судай ағызады. Құдайдан безген жексұрын жанның бұл сөзіне имандай сенген Санжар хан сапарын тоқтатып, кейін қайтады. Істің ақ-қарасын тексермей, күнәсіз Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастай­ды. Оң қолын кескені-арамдықты оң қолымен істеді деген ойы болса керек. Істің мәнісіне түсінбей, әрі жазықсыз зәбір көріп зарлаған ару көрер таңды көзімен атқызды. Бұны сарайдағылар түгел білсе де, ханымға араша түсе алмайды. Келесі күні түнде Қарабура әулие қызының түсіне кіріп, былай дейді:

-Балам, бұлтартпай шыныңды айтшы, ақпысың әлде қарамысың? Ақ болсаң, Аллам жәрдем беріп, жараңды жазар, қара болсаң, қарғар. Тек турасын айт!-депті. Сонда Бегім жы­лап тұрып әкесіне:

-Атажан, Құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін. Егер Санжарға қиянат жасасам, Тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата,-деп зар еңірейді. Осыдан кейін Қарабура Санжардың да түсіне енеді.

-Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы, сол та­науы кесілген күйде мүгедек болып қалсын. Қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған шаһарыңда тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!- деп қарғап батасын береді. Осы түсті көрген соң Санжар қатты шошынып, күні бойы ойлайды. Үшінші күні таң атқан соң зынданға адам жібереді.

-Тез барып көріп кел. Ханым не күйде жатыр екен?-деп тапсырады. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен дейді. Әлгі адам көргенін ханға келіп айтады. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың орта­сына түсіп жарылады. Местің іші тола жылан. Жылан сыртқа тірі жанды шығармайды, шағып өлтіреді. Сонымен жайнап тұрған Жанкент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады. Бұл жағдайды аңыз деп қабылдасақ та, шындыққа келіңкірейді. Жылан ордасы осы күнге дейін Жанкенттің бұзылған іргесінде бытысап жататын.

Ал Бегім сұлу болса, шаһар опат болып, халқы түгел қырылған соң өз әкесі Қарабура Әз әулиенің көмегімен Бегім ана белгісін салдырып, «Бұдан былай еркекті көрмеймін»,-деп қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізген. Ата бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім ана атанады.

Асыл ана жәрдем сұрап барған жандарға бала беретін, мейір шапағатына бөлейтін, нағыз керемет әулие ретінде есімі жалпақ жұртқа мәлім болған.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға