Жаңалықтар

Әбдіуақап Қара: "Түркиядағы мықты ғалымдардың өзі Қазақстан халқы Ассамблеясын мойындап отыр"

Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қарамен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында аз-кем әңгімелескен едік.
23.02.2015 03:56 4380

Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында аз-кем әңгімелескен едік.

Әбдіуақап Қара: "Түркиядағы мықты ғалымдардың өзі Қазақстан халқы Ассамблеясын мойындап отыр"

– Өзіңіз шет елде тұрғанмен, үнемі Атамекеніңіз Қазақстанға сырттай болысып жүретін азаматсыз. Сыртта жүрген өзіңіз сияқты ойлы азаматтың көзімен Қазақстан жайлы айта кетсеңіз.

– Қазақстан тәуелсіздігіне биыл небәрі 23 жыл толса да, атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. 50 жылда атқарылатын жұмыстар осы 23 жылға сыйып отыр. Осы турасында Елбасымыздың стратегиялық саясатын тілге тиек етуге болады. Тәуелсіздіктің символы ретінде Астана қаласы салынды. ЕҚЫҰ саммитін өткізіп, Қазақстанның беделін арттырды. Одан бөлек айтарым, Елбасы жастардың шетелде білім алуына да үлкен жол ашып отыр. Қаншама білім іздеген жастар шетелде ғылыммен айналысып, өздерін танытып жүр. Қазір қазақты таңғалдыратын ешнәрсе жоқ. Өйткені, дүниенің кез келген түкпірінде жүр. Қазіргі жаһандану дәуірі де осыны талап етеді. Егер әлемнің әр түкпірінде қандай өзгерістер мен ғылыми жаңалықтар барын білмесеңіз, қаншама жер асты байлығыңыз болса да, оны тиімді игере алмайсыз. Бұл елдің келешегі үшін пайдалы. Болашақта әлемнің ең озық дүниелері Қазақстанға да уақытында келеді дегенді білдіреді.

Екіншіден, Елбасының Түркі дүниесіндегі рөлі. Өзім Түркияда тұрамын, Түркия халқының Елбасыға деген құрметі шексіз, ұстанған саясатына, әлемдік саясаттағы абыройына жоғары баға береді. Бұрынғы кеңестік идеологияның әсерінен түркі халықтары бас қоса алмай келді. Тіпті, Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін де Түркі халықтарының жиі бас қосып тұруы бірден бола салған жоқ. 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі кеңесі құрылды. Соның нәтижесінде 2010 жылдан бастап Түркі елдерінің президенттерінің бас қосуымен саммиті өтіп келеді. Халықаралық түркі академиясы ашылды. Түркілердің тарихын, мәдениетін барша халыққа таныстыру мақсатында. Міне, осы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Елбасының түркі елдерінің арасындағы беделі өсті.

– Патриотизм дегенді қалай түсінесіз?

– Патриотизм дегеніміз біріншіден Отаныңды сүю, екіншіден сол Отанда тұрып жатқан халқыңды сүю. Үшіншіден, сол халықтың беделін, абыройын сақтау үшін басқа халықтар алдында жауапкершілікті сезіну. Мысалы мен Түркия қазағымын. Ол жақта біраз қазақтар бар. Егер мен сол жақта жүріп жамандық жасаған болсам, олар Әбдіуақап Қара жасады демейді. Қазақ жасады деп айтады. Керісінше сіз жақсылық жасасаңыз, олар «Мына қазақ неткен мейірбан халық еді, қазақтар өтірік айтпайтын халық, мына қазақтар еңбекқор екен» деген жақсы ат келеді. Сондай пікір қалыптасады. Қазір Елбасымыз Түркі дүниесінде абыройы артып, көрегенді, салиқалы саясатымен әлем жұртының аузына ілікті. Сол Елбасымыздың абыройы тек өзіне ғана емес, күллі жұртына да әсер етеді. «Қазақ деген сондай интеллектуалды халық» деген ойға келеді. Патриотизм деген менің ұғымымда әр адамның жеке басының қамынан гөрі, айналасының жағдайын ойлаған адам. Мысалы Қазақстанға біреу инвестиция салам, зауыт, фабрика ашам деп ұсыныс жасаса, мен оның халыққа берер пайдасы қанша, экологиялық зияны жоқ па, халықты қаншалықты жұмыспен қамти алады деп ойлайм. Бұл патриотизм.

– Биыл Қазақстан халқы Aссамблеясының 20 жылдығы. Елбасы 2015 жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы» деп жариялады. Осы Ассамблеяның артықшылықтары туралы айта сетсеңіз.

– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Бұл өте саяси ұтымды іс-шара. Мұны Түркиядағы мықты ғалымдар да мойындап жатыр. Жалпы, Түркия да көп ұлтты мемлекет. Бірақ, мұндай халықтар ассамблеясы жоқ. Қазір Түркияда күрдтердің қарсылығы өте көп. Жиі шеру боп тұрады. Тіпті, солардың арасында террорлық ұйымдар да құрылып жатыр деген жағымсыз ақпараттар бар. Егер, Түркияда осы халықтар ассамблеясы секілді ұйым болғанда дәл былай бөлінушілік болмас па еді. Сондықтан Қазақстан ұлт араздығы болмас үшін, жағдай ушығып кетпес үшін Қазақстан халқы ассамблеясын дәл уақытында құрды.

Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздігіне қол жеткізген уақытта Еуропаның бірнеше БАҚ беттерінен мақалалар оқыдым. «Бұл Қазақстан ұзаққа бармайды» деп жазды. Неге? Өйткені көпұлтты мемлекет, оның ішінде төл халқы аз деп жазды. Қазақстандағы қазақтардың саны 40 пайызды ғана құрайды, 60 пайызы бөтен халық деді. Расында дәл солай болатын. Қазір Құдайға шүкір Тәуелсіздігімізге 23 толды. Қазақстанда әлі күнге дейін ұлт араздығы болған жоқ. Бұл ненің арқасы? Әрине осы Қазақстан халқы ассамблеясы секілді ұйымның нәтижесінде. Қазақстан өз ішінде ұлты қазақ еместерге де көңіл бөлді. «Бұл сендердің де отандарың, егер сіздердің мұң-мұқтаждарыңыз, арман, тіректеріңіз Конституцияға қайшы келмесе орындалады» деген кепілдік берді. Соның арқасында басқа ұлттар араздыққа бармай, өздерінің мүддесін дипломатиялық жолмен шешті. Олардың да ұлттық, мәдени, рухани құндылықтары көлеңкеде қалған жоқ.

Қазақстан өз еліндегі халықты ғана жарылқап қоймай, шетелде жүрген қазақтарға да көңіл бөліп келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін араға бір жыл салып, яғни 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткіз, әлемдегі бүкіл қазақтардың басын қосты. Содан бері құрылтай төрт рет өтті. Екіншіден, көші-қон саясаты. Шетелдегі қазақтардың атажұртына оралуына мүмкіндік берді. Үйін беріп, күйін жасап, құшақ жайып қарсы алып отыр. Бірақ, бізге әлі болса диаспора саясатын жасау керек. Атажұртына оралған қаншамасы бар, ормалмағаны қаншама. Осылардың барлығын елден алыстатпай, жақын ұстау керек. Шетелде мықты унивеситетте оқып, мықты ғалым болып жүрген қазақ диаспоралы бар. Осылардың барлығын ел мүддесі үшін пайдалану керек. Атажұртын ұмытпайтын, ана тілін ұмытпайтын жағдай жасау керек. Қазір Қазақстанда 17 млн. халық болса, соның 11 миллионнан астамы қазақтар. Бұл аз көрсеткіш емес.


Әзірлеген – Жандос Байділда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға