Жаңалықтар

БАЙЖАННЫҢ МОЛДАСЫ

БАЙЖАННЫҢ МОЛДАСЫ
27.08.2014 11:46 3006

Жаулығының шетіне үш тиындық қара бақыр түйіп, Байжанды ертіп, шешесі Жақыптікіндегі молдаға апарды. Балалар у-шу оқып жатыр. Көсе, арықтау қара кісі отыр. Байжан үйге кіргенде не болғанын білмеді... Буыны босады, кісіге қарауға жүзі шыдамады, төмен қарады, әжесінің тасасына жасырынып тұрды. Болбыраған жас жүрегі елжіреп, буыны дірілдеп, аяғын басып тұруға шамасы әрең келді. Балалардың көзі Байжанда. Байжан ұялып төмен қарайды. Молда басын көтеріп қарады да: – Жоғары шығыңыз, бәйбіше! – деді, молда. Байжан молданың сөйлегеніне таң қалды. Молда адамша сөйлемейтін, оқуша сөйлейтін бір түрлі басқа  зат  деп  білетін еді. Оның ойынша молда деген ол зор дәрежелі және адамның ойындағысын білетін бір кісі еді. Нұрлы күн ұясынан жаңа бас көтеріп, әлемге сәулесін түсірді. Елдің көбі қалың ұйқыда жатыр. Жазғы қысқа таңға  ұйқысы қана алмай, ертеңгі қоңыр салқын мезгілде жұрт рахат пен тыныштықта. Ауылдан оқшауырақ тігілген кішкене қоста он шақты бала тыныштықтың сәнін бұзып, ың-жың шулап отыр.

Балалар көздері жасаурап, жағының жүні үрпиіп, есінеп-есінеп ызыңдап, ыңылдайды, әйтеуір дауыс шығарып, ән қосқанына мәз. Сөзінен жаңылып, қалғып бара жатқан баланы төрт өрме қамшымен молдекең арқаға тартып қалғанда шошып оянады. Балалар шу ете қалады. Қасқырдан үріккен жылқыша, жұмыла шырқырап, тағы шулайды. Басында елтірі бөрік, шалбарсыз, ұзын желең айқара жамылып, сұстанып, жыландай ысқырып, шал мол- да балалардың зәресін алып отыр. Бір жапырақ қағаздың кірден жылтыраған бетіндегі ірі жазуға қарап, сегіз жасар Байжан ілгері- кейін шұлғып, «пи-қаф», «қаф-пи» деп ызыңдайды, молданың көзі түсіп кеткенде, ұясынан кенеттен ұшқан торғай сияқтанып, қаттырақ шырылдайды. Анда-санда молда: «Оқыңдар!» – деп, есі- неп қояды.

Ұйқы басып, маужырап отырған Байжан жалыққаннан жанындағы балаға сыбырлап бірдеме дей беріп еді, жаққа шарт еткізіп молда салып жіберді. Иегі кемсеңдеп жылайын деп еді, қамшысына молда қол созған соң, көзінен жасын тиып, «пи- қафқа» сала бастады.

Біраздан соң ұйқысын ашу үшін Байжан қағазын бүктеп серігі- не берді, есік алдына барып, қол қусырып: – Молдеке, қажет рау- ма? – деді.

– Жаңа келдің, хайуан, отыр! – деді молда.

Байжанның көзі жасаурап, жанындағы үлкенірек серіктеріне жалт-жалт қарап, орнына қайта отырды.

БІЗДІҢ МЕКТЕП

Мектебіміз қалың ауылдың ортасында, қыраңдау биік  жерде. Сырт жағынан ақ балшықпен сыланған. Екі бөлмеде кла- сымыз болады, бір бөлмеде шешінеміз. Қалған екі бөлмеде оқытушыларымыз бен қызметші тұрады. Әр бөлмеде үш терезе- ден, екі бөлмеге бір пештен. Әр класта екі бөлім, екі бөлімге екі оқытушыдан. Біздің класымызда жиырма парта бар. Бір партада екі баладан отырамыз. Парталар қатар-қатар қойылған, әр қатардың арасынан кісі жүрерлік жер қалынған. Партада отырғанда жарық сол жағымыздан түседі. Парталардың алдында оқытушыға қойылған стол мен орындық бар. Оқытушының сол жағында қара тақта тұрады. Тақтаның бір жағы сызусыз, екінші жағы қызылмен сызулы. Тақтаға біз бормен жазамыз. Тақтаның артында шкаф тұрады. Шкафтың ішінде кітап, қағаз, қарындаш, сия сақталады. Біздің қарсы алдымызда жарда көбейту мен өлшеулер сатысы ілулі тұрады.

Біз төртінші бөлімде оқып жүрміз. Ендігі жылы екінші басқыш мектепке кірмекпіз. Осы күні есеп ғылымын, жағрапияны, қоғам құрылысын, жаратылыс ғылымын, ана тілін оқып жүрміз. Бұлардан басқа сүгірет (сурет) салып үйренеміз. Оқытушымыз биыл ауыл адамдарынан жер сұрап алып, бізге бақша салғызды. Жаздай бақшамызды өзіміз суардық. Күз болғанда өзіміз жинадық. Мектептегі балалар жиналып екі жетілік жорнал шығарамыз. Жорналымызды шәкірттерден басқа ата-аналарымыз да оқиды. Кейбір күндері оқытушыларымыз бізді жинап алып, кітап оқып, түсіндіреді. Я өзіміз жиналып оқып,  оқылған  кітап  жайында сөз қыламыз. Жазды күні оқытушыларымыз ертіп жүріп жердің құйқасы, шөбі, жандықтармен таныстырады. Егіншілер сабан айдап жатқан жерге алып барып, жерді қалай, қашан жыртуын, қалай тұқым сеуіп, қалай тырмалауын көрсетеді. Биыл Марқабай деген жолдасымыздың өзі бір жерге тұқым сеуіп шықты.

Сабағымызды білмей қалсақ, оқытушымыз қайтадан түсіндіреді. Кейіп, жазаландырмайды, кейде қасындағы жолдасына маза бермей, тентек болған баланы оңаша отырғызып қояды. Ата-аналарымыз бен оқытушыларымызды ренжітпелік деп сабағымызды дұрыс оқимыз.

"Ел-шежіре"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға