Жаңалықтар

Байсадықов Арман: «Фотография мен үшін — жанымды жайлаған өрт»

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған "Көруге әуестік" атты Байсадықов Арманның жеке көрмесі
15.06.2016 12:12 4578

«Астана» Ұлттық сурет галереясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған "Көруге әуестік" атты жеке фотокөрменің ашылу салтанаты өтті.

Байсадықов Арман: «Фотография мен үшін — жанымды жайлаған өрт»  

Фотокөрмеге қазақстандық фотограф, дизайнер әрі суретші Арман Байсадықовтың 100 туындысы қойылды.

 Байсадықов Арман: «Фотография мен үшін — жанымды жайлаған өрт»

Асылхан Садуов, «Астана» Ұлттық сурет галереясы» директоры:

— Галерея бүгінгі таңда өзіндік мәні бар диалог алаңына айналды. Арман екеуміз осыдан бір ай бұрын өткен «Ай жүз» көрмесінде танысқан болатынбыз. Арманның жұмысы маған өте ұнап, оның жеке көрмесін өткізуді өтінген болатынмын. Арман өте қарапайым адам. «Бәлкім келесі жылы, мүмкін екі жылдан кейін» деген болатын. Алайда көрме екі жылдан емес, екі аптадан кейін-ақ ұйымдастырылды. Кез-келген адам суретке түсіре алады. Бірақ жан-тәнімен, өзгеше ракурста суретке түсіру барлығының бірдей қолынан келе бермейтін іс. Фотограф өз ісіне адал берілген және өз ісін сүйетін нағыз маман. Арман еліміздегі фотосурет өнерінің көркеюіне бар ықыласымен ат салысып келе жатқан азаматтардың бірі деуге болады. Оның жұмыстарын көріп, шынайы ләззат алуларыңызға тілектеспін.

 Байсадықов Арман: «Фотография мен үшін — жанымды жайлаған өрт»

Қазақтың жазық даласы және заманауи қалалардың көрінісімен шабыттанған фотограф, еліміздің әсем де көрікті аймақтарына деген өзіндік шығармашылық көзқарасын көрермендерге ұсынды. Көрмеге келгендердің ойынша Арман Байсадықовтың шеберлігін оның көрермендерге ұсынған әрбір туындысынан байқауға болады. Фотограф әйел бейнесін ерекше етіп көрсетудің қас шебері.

   Байсадықов Арман: «Фотография мен үшін — жанымды жайлаған өрт»

Байсадықов Арман, фотограф:

— Көрмеге келген барша өнерсүйер азаматтар мен азаматшаларға алғысымды білдіргім келеді. Менің жұмыстарыма қарасаңыздар нақты бір бағыт жоқ екенін байқайсыздар. Суретке түсіру алдында неше түрлі сезімдерді бастан кешіремін. Көрменің атын да «көруге әуестік» деп атағаным сондықтан болар. Фотография мен үшін — жанымды жайлаған өрт.  Сіздер де осы сезімді бастан кешсеңіздер деген ниетпен осы көрмені ұйымдастырып отырмыз.

 Байсадықов Арман: «Фотография мен үшін — жанымды жайлаған өрт»

Байсадықов Арман Амангелдіұлы 1973 жылы Астана (Целиноград) қаласында дүниеге келген. Ол Асстана қаласында Евгений Муканов фотомектебінің негізгі курсын, Андрей Кимнің әуесқойлық мектебін бітірген. Мәскеудің фотомектебінде және Нью-Йорк қаласының фотосуреттер институтында білім алған. Пейзажды түсірілімдермен және фэшн-фотосуреттермен айналысады. Оның тек қана фотоөнермен шұғалданғанына биыл бесінші жыл толып отыр.  


Рүстем Әлпи

Фототілші — Нұрбек Әлманбетов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға