Жаңалықтар

Баянауылда Шәкен Аймановтың ескерткіші ашылды

Шәкенге арналған ескеркіш бой көтерді
15.10.2015 03:05 10116

Баянауыл ауданының орталығында қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановқа арналған ескерткіш бой көтерді.

Баянауыл баурайында бой көтерген ескерткіштің биіктігі 4 метр, қоладан құйылған. Қазақ киносының негізін қалаған дара тұлғаға арналған ескерткіштің авторы – Асқар Нардов.

Павлодар облысы билігінің айтуынша, кино шеберіне арналған ескерткіш былтыр Шәкен Аймановтың 100 жылдығы қарсаңында ашылу керек болған. Алайда мүсіннің сұлбасын қоламен құю жұмыстарына 8 ай уақыт жұмсалыпты. Әу баста ескерткіш Павлодар қаласында бой көтереді деп жоспарланған. Кейіннен жергілікті зиялы қауым өкілдері мен Шәкен бабамыздың туыстары ақылдаса келе, ескерткішті Шәкен Аймановтың туған жері – Баянауыл жерінде ашуды жөн санаған.

Баянауылда Шәкен Аймановтың ескерткіші ашылды    

Киелі мекен Баян жерінде салтанат құрған ескерткішке 64 млн қаражат жұмсалыпты. Ескерткіш демеушілердің қаржыландырумен өмірге келген. Кино саңлағының мүсінін «Балқыту» ЖШС жүзеге асырған.

Автор өз еңбегінде Шәкен Аймановтың образын оның кино саласындағы еңбегімен байланыстырып, кино түсіру барысындағы іс-әрекетін көрсетуге тырысқан.

Баянауылда Шәкен Аймановтың ескерткіші ашылды    

Ескерткіштің ашылу салтанатына Шәкен Кенжетайұлының немересі Дина Айманова қатысты. Дина Шәкен бабамыздың Мұрат есімді баласының қызы. Салтанатты шараға Павлодар облысының әкімі Бозымбаев Қанат, жергілікті зиялы қауым өкілдері, Шәкен Аймановтың ауылдастары, алыс-жақын туыстары қатысты.

Баянауылда Шәкен Аймановтың ескерткіші ашылды    

Ескерткіштің ашылуына келген суретші және мүсінші секілді осы саланың кәсіби мамандары кино майталманының кейпін сомдаған ескерткішке жоғары баға берді.

Қазақ киносының атасы хақында

Шәкен Аймановтың театрдағы үздік рөлдері: Ақан сері («Ақан сері — Ақтоқты», Ғ. Мүсірепов), Қобыланды («Қарақыпшақ Қобыланды», М. Әуезов), Казанцев («Түнгі сарын, М.Әуезов), Тихон («Найзағай» А. Островский), солдат Шадрин («Мылтықты адам», Н. Погодин), Петруччио («Асауға-тұсау»,  Шекспир), Отелло («Отелло», Шекспир).

1952 жылы «Абай» (М.Әуезов, Л.Соболев) қойылымы үшін Сталин атындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болады.

1938 жылдан бастап Шәкен Айманов кеңес кинофильмдеріне түседі. 1954 жылдан бастап режиссер болып, бірқатар фильмдерді түсірді.

Өз мамандығының хас шебері ретінде Шәкен Айманов өз кейіпкерлерін сомдағанда көзтартар іс-қимылдар жасаумен қатар, оның ішкі дүниесін ашуға тырысатын. Режиссерлік қызметі барысында Айманов кинофильм мазмұнын жан- жақты ашып, ой толғамдармен қызықтырып, көркемдік жағынан суреттейтін. Дарынды актер, шебер режиссер қазақ киносының негізін қалаушылардың бірі болып, қазақ өнерінің жанданып, дамуына  үлкен үлесін қосты.

1959 жылы КСРО Халық әртісі атағын иеленді. 1970 жылы «Атаманның ақыры» фильмі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл сыйлық Шәкен Аймановқа қаза болғаннан кейін берілген болатын. 1940 жылы КОКП мүшесі болып, Қазақ Жоғары Кеңесінің ІV және VІІ шақырылымдарының депутаты болып сайланды. 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында көлік апатында қайтыс болып, Алматыдағы Орталық зиратта жерленген.

Шәкен Айманов жайлы естелік

Алматы қаласындағы «Қазақфильм» киностудиясына Шәкен Аймановтың есімі беріліп, аумағына актер бюсті орнатылған. Киностудияда Шәкен Айманов атындағы кабинет-мұражай ашылды.

Алматы қаласында көше аты берілген.

Павлодар қаласында Шәкен Айманов атындағы кинотеатр ашылған.

 

Режиссерлік еңбектері:

1954 «Дала қызы» (К. Гаккелмен бірге)

1954 «Махаббат туралы аңыз» (К. Гаккелмен бірге)

1956 «Біз осында тұрамыз» (М. Володарскиймен бірге)

1957 «Біздің сүйікті дәрігер»

1961 «Бір ауданда»

1961 «Әуен шақырады»

1962 «Жол торабы»

1964 «Алдар көсе»

1966 «Атамекен»

1968 «Тақиялы періште»

1970 «Атаманның ақыры»

Фильмография:

1938 «Амангелді» — эпизод

1940 «Райхан» — Сәрсен

1943 «Ақ раушан» — майдангер

1945 «Абай әндері» — Шәріп

1948 «Алтын мүйіз» — Жәкен Досанов

1953 «Жамбыл» — Жамбыл

1956 «Біз осында тұрамыз» — Бейісов

1957 «Біздің сүйікті дәрігер» — эпизод

1961 «Алдар көсе» — Алдар көсе

1969 «Найзатас бөктерінде» — Бейсембай

Сценарий авторы:

1968 «Тақиялы періште» (Я. Зискиндпен бірге)

Көркемдік жетекші:

1959 «Өмірге жол»

1966 «Ән қанатында»

Шәкен Аймановқа берілген марапаттар мен жүлделер:

1952 — КСРО Мемлекеттік сыйлығы (театрдағы еңбегі үшін)

1958 — Бүкілодақтық кинофестиваль (үшінші жүлде, «Біз осында тұрамыз»фильмі үшін)

1958 — Ташкент. Африка және  Азия елдерінің Халықаралық кинофестивалі (диплом, «Біздің сүйікті дәрігер» фильмі үшін)

1959 — Бүкілодақтық кинофестиваль (Құрмет дипломы, «Біздің сүйікті дәрігер» фильмі үшін)

1963 — Орта Азия мен Қазақстан кинематографистерінің конкурсы («үздік  режиссерлік жұмысы үшін» жүлдесі, «Жол торабы» фильмі үшін)

1967 — Қазақ КСР Мемлекеттік  К.Байсейітова атындағы сыйлық  (көркем шығармашылығы үшін, «Ән қанатында» фильміне)

1969 — Орта Азия және Қазақстан кинематографистерінің конкурсы (диплом, «Тақиялы періште» фильмі үшін)

1972 — Қазақ КСР Мемлекеттік  сыйлығы  (марқұм болған соң,  «Атаманның ақыры» фильмі үшін)

Ленин ордені

Еңбек Қызыл Ту ордені

Екі «Құрмет Белгісі» ордені


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттердің авторы Есенбек САНАТҰЛЫ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға