Баян Алагөзова бірнеше еркекпен некелесуді заңдастыруды ұсынды
Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова Батыс Қазақстан облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның «тоқал институтын» заңдастыру туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Белгілі продюсер депутаттың пікірімен келіспейтінін айтып, елде қайта бірнеше еркекпен некелесуді заңдастыруды ұсынды.
Жауап ретінде мен бірнеше еркекпен некелесуді заңдастыруды ұсынамын. Ерлерге болады да, әйелдерге неге болмайды екен? Біз заң бойынша зайырлы мемлекетпіз, демек ер мен әйел тең құқылы. Ал билік өкілдері шариғат заңымен өмір сүруді ұсынса, оны қалай түсінеміз? – деп наразылығын білдірді Алагөзова.
Еске салайық, бұған дейін Абзал Құспан қазақтың «әмеңгерлік» дәстүрін еске салып, бұрын ер адам қайтыс болған бауырының жесірін қамқорлығына алғанын, алайда қазіргі таңда бұл ұғым «байлардың ермегіне» айналып, ал «тоқал» рөлін көбіне жас қыздардың атқарып жүргенін айтты.
Құспан осы мәселені қоғамдық талқылауға шығарып, заңгерлерге оны құқықтық тұрғыдан реттеу тетігін әзірлеуді ұсынды.

