Жаңалықтар

Бай балақай

Балаларға арналған әдебиет
22.06.2016 04:29 7583

Бай балақай

– Сәлем, достар!

Таныс болайық, менің есімім – Алтынай. Ал менің жанымдағы балалардың есімдері – Алмат пен Самат. Иә-иә, біз – егізбіз. Алмат пен Самат – менің бірге туған бауырларым. Жасымыз 6-да. Мектеп табалдырығын енді аттап жатырмыз.

Біздің арманымыз өте көп. Мен болашақта белгілі биші болғым келеді. Ал Алмат апам сияқты дәрігер болғысы келсе, Самат әкеме ұқсап математик болуды армандайды. Ол үшін біз жақсы білім алып, тәрбиелі болып өсуіміз керек. «Арманыңа қол жеткізу үшін алдыңа нақты мақсат қойып, сол жолда аянбай еңбек етулерің қажет», – дейді әкем.

 

– Мен – Алматпын. Менің атымды әкем қойған екен. Маған да би билеп, ән айтқан ұнайды. Азамат ағам фортепианода ойнауды үйретеді.

 

– Менің атым – Самат. Мен есеп шығарып, сурет салғанды жақсы көремін. Әсіресе, көліктердің суретін салған ұнайды. Менің машина ойыншықтарым өте көп.

Алтынай:

– Біздің отбасында алты адам бар. Әке-шешем, ағам және Алмат пен Самат бауырларым. Алмат пен Саматты танисыңдар, енді қалғандарымен таныс болыңдар!

Әкемнің аты – Амангелді. Ол – жеке кәсіпкер, сауда-саттық саласында жұмыс жасайды. Көп уақытын жұмысқа арнайды да, үйге кеш келеді. Бірақ ол ертегіні жақсы айтады. Күнде жаңа да, қызықты ертегілерін тыңдап жатып ұйықтаймыз. Әр демалыс сайын әкем бізді табиғат аясына апарып қыдыртады, ал үйде есеп шығаруға үйретеді. Ол – мықты математик.

Апамның аты – Әлия. Ол мамандығы бойынша – дәрігер. Жақында сұлулық салонын ашты, қазір өзі сол жерде жұмыс жасайды. Бізді мектепке апарып, үйде сабақ үйрететін де – апам. Өзі дәрігер болғасын, біздің дұрыс тамақтануымызға, спортпен айналысуымызға, таза жүруімізге қатты көңіл бөледі. Апам жасаған тағамдар өте дәмді шығады.

 

Азамат ағам – бізге бар жағынан үлгі. Ол мектепті биыл алтын белгімен бітірді. Білімді, өнерлі, әрі жақсы спортшы. Апамнан кейінгі бізге сабақ үйретіп, музыка мен спортқа баулитын ұстазымыз – Азамат ағам. Ол көптеген қызықты есептер мен жұмбақтарды біледі және оларды бізге қоюдан жалықпайды. 

 

АҚША ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Ерте, ерте, ертеде,

Ешкі жүні бөртеде адамдар тайпа-тайпа болып өмір сүрген екен. Оларда үй де, көлік те, кітап, мектеп, дүкен, аурухана – ештеңе болмаған. Бәрі аң аулап, етін жеп, терісін киім еткен. Аң ауламағандары шөптің тамырын жеп, өзеннен су ішкен. Дүкен болмғасын, оларға ақша да қажет болмапты. Бар керегін табиғат-анадан алып отырған.

Алайда адамның бәрі бірдей емес қой. Бірі аңды жақсы аулайтын болса, бірі қару-жарақты жақсы жасайтын болыпты. Тағы бірі аң терісінен киімді жақсы дайындайды екен. Сөйтіп, бір-бірімен айырбас жасай бастапты. Шебер аңшы аулаған жануарының етін қару жасаушыға берсе, ол өзінің жасаған тас құралын аңшыға береді. Осылай жасаған заттарын, қызметтерін бір-біріне беру арқылы дүниеге айырбастау ұғымын әкелген.

Әрине, айырбас тек аң етімен, терісімен не құралмен жасалмаған. Бертін келе оның ролін кез-келген нәрсе атқара бастайды. Бидай, тұз, жабайы жемістер – бәрі-бәрі айырбас құралы болған. Алайда айырбас та кей кезде адамдардың мәселесін түгел шеше алмаған. Өйткені, әлгі аңшыға қару керек болғанымен, шеберге аң еті емес, теріден жасалған киім керек болуы мүмкін ғой. Бұл үшін олар түрлі тастарды, металл сынықтарын қолдана бастайды. Шебер құралының ақысына тасты алады да, ол тасты тері илеушіге апарып, одан киім ала алады. Тері илеушіге аң еті керек болса, қайтадан аңшыға барады. Міне, адамдар осылай өз қажеттерін шешіп отырған. Ал, жаңағы тас – біз дүкеннен зат алу үшін қолданып жүрген ақшаның алғашқы нұсқасы болып табылады.

 

Балалар, Амангелді ағаның ертегісіндегі айырбас тәсілі қазіргі күнде де қолданыста бар. Оны тіпті, ересек адамдардан гөрі, балалар – сендер жиі қолданасыңдар. Үйде, балабақшада немесе мектепте ойыншықтарыңды, оқу құралдарыңды, тағы да басқа заттарыңды айырбастаған кездерің болды ма?

Ал, біздің үшем – Алмат, Самат, Алтынай заттарын өзара күнде айырбастап жатады.

 

– Алмат, Самат, бері келіңдер!

Апам маған екі алма берді. Бірақ менің алма жегім кеп тұрған жоқ. Егер сендер маған қолдарыңдағы жүзімдеріңді берсеңдер, мен сендерге бір-бір алма беремін.

 

– Алақай, менің жүзім емес, алма жегім келіп тұрған еді. Мінеки, ала ғой.

 

– Ал, менің алма жегім келмейді. Жүзім де жемеймін. Менің шырын ішкім келеді.

 

– Онда Азамат ағама бара ғой. Ол дәл қазір шырын ішіп отыр. Мүмкін жүзіміңді берсең, шырынымен бөлісіп қалар...

 

Көрдіңдер ме, балалар?

Алмат, Самат, Алтынай өздеріне қажет емес заттарын айырбастап, өз қалауларын тауып жатыр. Бұл – айырбас тәсілі. Оны ғылым тілінде Бартер деп атайды.

 

БАРТЕР

белгілі зат немесе қызмет түрімен алмасу

 

Иә, айырбасқа тек зат қана жатпайды, сондай-ақ, қызмет түрлерімен де алмасуға болады. Мәселен, дәрігер адамдарды емдегені үшін ақша алса, мұғалім балаларды оқытқаны үшін ақы алады. Құрылысшыға үй салғаны үшін, шеберге ағаш бұйымдарын жасағаны үшін еңбегінің ақысы беріледі. Ал дәрігер мен шебер дос не көрші болса, олардың бір-біріне ақша бермеуіне де болады. Олар еңбектерін өзара айырбастайды. Міне, балалар, айырбастың мұндай да түрі бар.

 

Балалар, алдыңғы бөлімде біз ақшаның қалай пайда болғаны мен айырбас жасау тәсілдерін үйрендік. Бұрын ақшаның қызметін тас та, бидай да, түрлі металл құймалары да атқарған екен. Ал қазіргі қолданыстағы ақша қандай?

Әр елде өзінің ақша бірлігі бар. Оны Валюта деп атайды. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасында Теңге валютасы қолданылады. Оның туған күні, яғни, теңге алғаш қолданысқа енген күн – 1993 жылғы 15 қараша. Құны 1 теңгеден кіші ақшалар тиын деп аталады.

 

ТЕҢГЕ

Қазақстан Республикасының ақша бірлігі

 

Алғашқыда теңге мен тиындар қағаз күйінде басылса, кейін тиындар темір теңге күйінде де шыға бастады. Теңгеде қазақ халқының ұлы тұлғалары – әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Абылай хан, Әбілқайыр хан және өзге де хан, ғұлама-ғалым, ақын-күйшілерінің суреттері бейнеленген болатын. Алайда жыл өткен сайын теңгенің түр-келбеті де, құны да өзгере бастады. Дәл қазіргі таңда тиындар қолданыста жоқ. Ал 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100 теңгелер темір тиын күйінде шықса, 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгеліктер қағаз күйінде шығады. Ең үлкен ақша бірлігі де – осы 10 мың теңгелік.

Балалар, төмендегі суреттерден алғашқы қазақ теңгелерімен таныс бола аласыңдар.

 

Балалар, қазіргі теңгелерде Елордамыз – Астананың, Қазақстанымыздың өзге де қалаларының сәулетті ғимараттары – Тәуелсіздік монументі, Ақорда, Бәйтерек, сондай-ақ, мемлекеттік рәміздер – Ту мен Елтаңбамыз бейнеленген. Төл теңгеміз әдемілігімен ерекшеленіп, сәнді дизайны үшін бірнеше мәрте халықаралық бәйгелерде топ жарды.

 

Дегенмен, әдемілік – басты артықшылық емес. Ақша, ең алдымен, қауіпсіз болуы қажет. Яғни, оны қолдан жасауға жол берілмеуі тиіс. Әйтпесе, бүгінде ақшаны қолдан жасап, тез байығысы келетін алаяқтар да табылады. Сол үшін де ақша әзірлегенде, оның қорғаныштық қабатының мықты болуына аса мән беріледі. Жалған ақша жасаушылар мен таратушылардың қақпанына түсіп қалмас үшін сендерге де шын теңгені көшірмеден қалай ажыратуға болатынын білген жөн.

Сипап сезу. Барлық банкноталардың алдыңғы бетінде көзі нашар көретін жандарға арналып жасалған, саусаққа сезілетін элементтер бейнеленген.

Жарықпен тексеру. Банкнотаны (2000 және 5000 теңгеліктерден басқа) жарыққа қаратқанда, су белгілері – барыстың басы, жануар бейнесі және банкнотаның сандық бейнесі көрінеді.

Бұрыштан қарау. 1000 теңгеден жоғары барлық банкноталарда жасырын сурет бейнеленген. Банкнотаға түрлі бұрыштан қарағанда, ондағы сурет көрінеді.

Сумен тексеру. Күмәнді банкнотаға су тамызып тексеруге болады. Жалған банкнотаның бояуы тез ағып кетеді. Сондай-ақ, қос саусақпен ысқылап көренде, бояу лезде кетіп қалса, онда ол ақшаның жалғандығынан хабар береді.

«Терезе». 1000 теңгелік банкнотада металды полимерлі жолақ бейнеленген. Жарыққа қаратқанда, бұл жолақта мөлдір «терезе» пайда болады.

Түсін өзгертетін бояу. Бұл бояу түрі 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноталарда бар, оған бұрыштан қарағанда, бояу түсі өзгереді.

Салыстырып қарау. Банкнотаны өзге дәл осындай түпнұсқа банкнотамен салыстырып тексеруге болады.

(ҚР Ұлттық банкінің ақпараты бойынша)

 

ЕСІҢДЕ САҚТА:

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне сәйкес, жалған ақша жасау, сақтау және тарату – ауыр қылмыс түріне жатады, оның жазасы – бас бостандығынан айыру болып табылады.

 

Балалар, жоғарыда айтып өткеніміздей, теңге – тек Қазақстан Республикасының ақша бірлігі. Басқа елдерде теңгеге белгілі бір зат немесе қызмет түрлерін сатып ала алмайсыңдар. Ол үшін теңгені сол елдің валютасына айырбастау қажет. Мұндай айырбас Ақша айырбас­тау пункттерінде арнайы ақша курсы бойынша жүзеге асырылады. Бұл жайында кейінірек әңгімелейміз. Әзірге қай елде қандай ақша бірлігі қолданылатынын айтайық. Біздің Алмат, Самат және Алтынай Азамат ағаларының үйретуімен біраз ақша бірліктерін жаттап алған.

 

– Ал, кәне, кім жүйрік екенін анықтайық. Мен түрлі елдердің атын атап отырамын. Сендер сол елде қолданылатын ақшаның атауын атайсыңдар. Бірінші ел – Ресей.

 

– Рубль!

 

– Дұрыс, Алтынай! Ал Америка құрама штаттарының тұрғындары қандай ақша жұмсайды?

 

– Доллар, доллар!

 

– Тамаша, Самат!

 

Түркияның ақшасы қандай?

 

– Мен білемін!

 

Түріктер Лир ақшасын қолданады.

 

– Бәрекелді, жарайсыңдар!

 

Балалар, ал сендер қандай ақша бірліктерін білесіңдер? Төменде біраз елдің атауын тізіп отырмыз. Әрқайсысының жанына олардың ақша бірлігін жазып шығыңдар. Білмегендеріңді ата-аналарыңнан сұрап, жаттап алыңдар!

 

Мемлекет: Сингапур

Валютасы:

 

Мемлекет: Малайзия

Валютасы:

 

Мемлекет: Қытай

Валютасы:

 

Мемлекет: Үндістан

Валютасы:

 

Мемлекет: Қырғызстан

Валютасы:

 

Мемлекет: Әзербайжан

Валютасы:

 

Мемлекет: Жапония

Валютасы:

 

ЕСЕП БІЛМЕГЕН КІРПІ ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ

 

Алатау бөктеріндегі орман­дар­дың бірінде кішкентай кірпі өмір сүрген екен. Кірпінің тікендері әдемі, қап-қара, әрі өткір болыпты. Ол осы тікендері арқылы жыртқыш аңдардан қорғанып, жеміс-жи­дек­терді тікендерімен түйреп, ініне тасиды екен.

Сол орманда кірпімен қатар, айлакер түлкі де өмір сүреді. Қанша қу болса да, оны көргенде жиырыла қалатын кірпіні қақпанына бір түсіре алмай, әуреге түсе беріпті. Жұдырықтай ғана жануарды бір асай салайын десе, тікендері батып, ауыртады. Осылай әбден амалы құрыған түлкі ақыры ойлана-ойлана келіп, бір қулық амал ойлап табады.

Кірпі әдеттегіше алмасын сүйріктей тікендеріне қадап алып, ініне келе жатса, алдынан түлкі шығыпты. Кірпі оны көрген бойда жиырыла қалады.

–       Кірпіжан, сені кездестіргенім мұндай жақсы болар ма? Мен дәл қазір жәрмеңкеден келе жатырмын. Өзіме қып-қызыл тон сатып алдым, мінеки. Мына сенікіндей тікенді тондар әлдеқашан сәннен қалған екен. Тездетіп барсаң, тоныңды арзан бағаға айырбастап үлгересің.

–       Қызықтырып қойдың ғой, Түлкі! Бірақ мен тонымды айырбастасам, қалай күн көремін? Менің тікендерім – қауіпсіздігімнің кепілі ғой.

–       Оған қам жеме, Кірпіжан. Менікіндей қызыл тон алу үшін бар болғаны 25 тікеніңді берсең жетіп жатыр.

–       Онда жақсы екен, Түлкі. Бірақ, мен есеп білмеуші едім. Сен маған 25 тікенімді санап бересің бе?

–       Әрине-әрине! Бірақ, сен онда бүйтіп жиырылғаныңды қой, – деп қулана жымиған түлкі кірпінің былай айналып бір, олай айналып бір, 25 тікенінің орнына уыстап-уыстап, ақыры барлығын жұлып бітеді. Осылай, қызыл тонға қызығып, жалаңаш қалған кірпі түлкіге жем болған екен. «Есеп білмегеннің ертеңі күмәнді» деген сөз осындайдан шықса керек.

 

Балалар, кірпі мектепке бармаған соң, санауды үйренбепті. Ал, сендер мектепке барасыңдар! Онда математика деген пән оқытылады. Демек, сендер санай алып, арифметикалық есептерді жылдам шығара білуге тиіссіңдер. Ал бұл ілім сендерге ақша жұмсауда өте қажет болады.

Бұл бөлімде, балалар, сендерге біршама есептер дайындап қойдық. Кәнекей, кім жылдам?

 

АРИФМЕТИКАЛЫҚ ЕСЕПТЕР

 

Анасының туған күніне сыйлық алу үшін Айым мен Айдана әкелерінен ақша алып, дүкенге барды. Айдана 9 мың теңгеге әдемі етік алса, Айым 7 мың теңгеге көйлек алды. Екі қыз барлығы қанша ақшаға сауда жасады?

***

Ғазиза бүгін 8 тәрелке, 6 шанышқы, 7 кесе және 7 қасық жуды. Сонда Ғазизаның жуған заттарының жалпы саны қанша болады?

***

Қоян 1 сағатта 60 шақырым жүгіре алады, ал қасқыр одан 15 шақырым аз жүгіреді. Қасқыр 1 сағатта қанша шақырым жүгіреді?

***

Акула 10 минутта 1 мың метр жүзетін болса, ол 1 минутта қанша метрді бағындырады?

***

Кино залында 11 қатар бар, әрқайсысында – 12 орындықтан. Кино залында барлығы қанша орын бар?

***

Пойыз станцияға 14 сағат 26 минутта келді. Ал жоспар бойынша ол 14 сағат 14 минутта келу керек болған. Пойыз қанша уақытқа кешікті?

***

Тақ сандар – қызыл, ал жұп сандар – көк түспен белгіленді делік. Егер кез-келген тақ санға кез-келген жұп санды қоссақ, қосынды қандай түске жататын болады?

 

– Алмат, Самат, Алтынай, мен сендерге қызық есеп ұсынайын. Біз төртеуіміз бүгін дүкенге барып, сендерге балмұздақ аламыз. Бір балмұздақ 160 теңге тұрады. Демек, үш балмұздақтың бағасы – 480 теңге. Мен сендерге бұл ақшаны түрлі тиындармен беремін. Сендер тиындарды әрқайсысың бір-бірден балмұздақ алатындай бөліп көріңдер! Кәне, кімнің есебі дұрыс шығар екен?

 

Балалар, Алмат, Самат, Алтынай тапсырманы дұрыс орындап, 480 теңгені теңдей үш бөлікке бөліп шықты. Ал сендер бұл тапсырманы орындай аласыңдар ма?

 

Балалар, қазір біз ақшаның қалай пайда болғанын біліп, оны қалай жұмсау керектігін де үйреніп қалдық. Ақша болса, кез-келген нәрсені сатып алуға болады. Бірақ, өкінішке орай, көп ретте қажет нәрсені сатып алуға ақша жете бермейді. Сондықтан, оны үнемдеп жұмсай білу керек.

Жалпы, ақша шығынының екі түрі болады: біріншісі – қажетті шығындар болса, екіншісі – қалауыңа байланысты шығындар. Айталық, адамдар күнделікті тамақтануы, киім киюі, үйде электр жарығы мен суды тұтынуы қажет. Яғни мұның бәрі – қажетті шығындарға жатады. Ал, бірақ киюге жарамды көйлегің бола тұра, тағы басқа киім алғың келсе, бұл – өзіңнің қалауың болып табылады. Яғни, оны алмасаң да, жалаңаш қалмайсың деген сөз. Сондай-ақ, саябақта аттракциондар қызметін пайдалану, тәтті кәмпиттер жеп, шырындар ішу де – адам қалауына байланысты шығын түрлері болып табылады. Бастысы, қажетті шығындар мен қалауыңдағы шығындарды айыра білуде. Бірінші кезекте ақшаны қажет нәрселерге жұмсап, ауысқан жағдайда ғана өз арман-қалауыңа ерік беру керек.

Қажетің мен қалауыңды қатар қанағаттандыру үшін ақшаның көптігі мен аздығы көп әсер ете қоймайды, бұл мақсатқа аз қаражатпен де қол жеткізуге болады. Бір қарағанда, ол – қиын шаруа көрінгенімен, шын мәнінде үлкен қиындық тудыра қоймайды. Әр адамда кіріс пен шығыстар жоспары болса, ол өз қаражатын оп-оңай басқара алады. Мұны ғылым тілінде Бюджет деп атайды, бірақ ол туралы келесі бөлімде кеңірек әңгімелейміз.

Шығын түрлері өте көп. Оған азық-түлік, коммуналдық төлемдер, телефонның жаңа нұсқасы, жолақы, мектеп жабдықтары, компьютерлік ойындар, сәндік әшекейлер, балабақша төлемақысы, ас үй жабдықтары, тәтті шырын, балмұздақ, дәрі-дәрмек, несие төлемақысы, сауық кешіне билет, салықтар, киноға билет, сақтандыру қызметақысы, лотереялық билеттер, шаштараз қызметақысы және тағы басқаларды жатқызуға болады.

 

Төменде ақшаға сатып алуға болатын түрлі заттар бейнеленген. Оларды екі бағанаға бөліп жазып шығыңдар. Ескерте кететін жайт, кей шығын түрлері қажетті де, адам қалауына байланысты шығын түріне қатар жатуы мүмкін. Оны айыру үшін кішкене ойлану қажет. Мәселен, сенің ұялы телефоныңның жаңа маркасы саудаға шығып, оны сатып алатын болсаң, ол – сенің қалауыңа жатады. Ал, телефоның бұзылып не жоғалып қалса, саған байланыс үшін басқа ұялы телефон сатып алу қажет болады. Сөйтіп, жаңа телефон лезде қажетті шығын түріне айналып салады.

 

Қажет шығындар

Қалау шығындар

 

Алтынай:

 – Апа, маған дүкеннен қуыршақ алып берші!

Әлия:

– Сенің онсыз да үш қуыршағың бар ғой, Алтынайжан. Жаңасын алудың не қажеті бар?

Алтынай:

– Иә, бірақ кеше дүкеннен жаңа қуыршақ көріп едім. Өзі сондай әдемі екен. Қызығып кеттім...

Әлия:

– Адамның арманы ешқашан таусылмайды, Алтынай. Ал қуыршақтың қызығы бір күннен аспайды. Егер біз сол қуыршақтың орнына ақшаны қажет нәрсеге жұмсасақ, оның пайдасы әлдеқайда зор болады. Айтпақшы, сенің би үйірмесіне киетін көйлегің кішірейіп қалды емес пе? Ал оның бағасы дәл осы қуыршақтың бағасымен шамалас. Кәнекей, енді өзің шеше ғой. Нені аламыз?

Алтынай:

– Ұқтым, апа! Би үйірмесіне киетін көйлек аламын!

 

АҚЫЛДЫ ЕГІНШ

Ерте замандардың бірінде ел билеген Патша нөкерлерін ертіп серуенге шығады. Серуен қызығымен өзінің сарайынан біраз алыстап кетсе керек, алдынан жер өңдеп жүрген егінші кезігеді. Ешкіммен ісі жоқ, өз шаруасымен алданған егіншіге патшаның ықыласы ауып, әңгімелескісі келеді.

Сөйтіп, Патша шаруамен сөйлесе келе, оның мұнда жалданып жұмыс жасайтынын сұрап біліпті. Күніге алатын еңбекақысы – 15 алтын (ертедегі ақша бірлігі) екен.

Патша оның жалақысының аздығына қайран қалады. Шаруа патшаның таң қалғанын байқап, былай дейді: «Бұл ақша қанағатшыл адамға тіпті көп те болады. Мен ақшамды үшке бөлемін. Бір бөлігімен өмір сүремін. Бір бөлігімен қарызымды өтеймін. Бір бөлігін біріктіріп, қор жинаймын».

Патша бұл жұмбаққа ұқсаған сөздерден еш нәрсе түсінбейді. Ақкөңіл диқан күлімсіреп: «Ақшаның бір бөлігімен қарызымды қайтарамын дегенім – бала кезімде үлкен қамқорлық көрсеткен әкем мен шешем ғой, ақшамның бір бөлігін соларға беретінім. Келесі бөлігін қор ретінде жинаймын дегенім – оны балаларымның біліміне төлейтінімді айтқаным. Менің қол-аяғым жұмыстан қалған жағдайда, олар маған көмектеседі деп үміттенемін. Табысымның үшінші бөлігін өзімнің күнделікті мұқтаждарыма жұмсаймын», – дейді.

Патша қарапайым шаруаның даналығына қайран қалып, оған жақсы қызмет ұсынған екен.

 

Балалар, әрбір адам өзінің еткен қызметіне ақы алады. Әр жұмыстың ақысы – әртүрлі. Біреулердің тұрмысы жақсы, екіншілердің тұрмысы төмен болуының себебі осында. Көптеген мекемелер өздерінің қызметкерлеріне жалақыны ай сайын береді.

Жыл сайын статистикалық агенттіктер қай мамандық иесінің орташа қанша жалақы алатынын есептеп отырады. Соған орай, жақсы өмір сүру үшін сендердің де мұндай статистикалық мәліметтерді қарап, танысып жүргендерің абзал. Әзірше HeadHunter агенттігінің мәліметтері бойынша бірқатар мамандық иелерінің орташа жалақыларымен таныс болыңдар:

•        есепші – 210 мың теңге;

•        экономист – 190-200 мың теңге;

•        заңгер – 160 мың теңге;

•        журналист – 150 мың теңге;

•        Ақпараттық технологиялар – 140 мың теңге;

•        Дәрігер – 110-120 мың теңге.

 

Әр адам өзінің жеке табысын тиімді басқаруы үшін оны дұрыс жоспарлай білуі қажет. Мұндай кірістер мен шығыстар тізімін Бюджет деп атайтынын өткен бөлімде айттық.

 

БЮДЖЕТ

табыс пен шығындар көрсетілген есеп

 

Енді бюджетті, оны қалай жасап, қалай басқару қажеттігін үйренетін боламыз. Бюджет тек бір адамда ғана болмайды, отбасылық, мемлекеттік, белгілі бір мекеменің өзіндік бюджеті де жасалады. Егер балалар бірігіп, мереке өткізгелі жатса, онда осы топтың кірістер мен шығыстар есебі түзіледі. Бюджетті, сондай-ақ, кез-келген уақыт мөлшеріне жасауға болады. Яғни, бір күнге, бір аптаға, бір айға, бір жылға немесе, тіпті, одан да ұзақ мерзімге жасалатын бюджеттер бар.

Бюджет екі бөліктен тұрады: кірістер мен шығыстар. Тақырып түсінікті болуы үшін біздің кейіпкерлеріміз – Алмат, Самат және Алтынайдың бір апталық бюджетін қарастырайық. Үшемге ата-анасы апта сайын 3 м

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға