Жаңалықтар

«Бауыржан Момышұлына күй арнауды парызым деп санадым»

Жас композитор Ғаламат Бейсеқожамен сұхбат
«Бауыржан Момышұлына күй арнауды парызым деп санадым»
10.05.2020 23:10 4039

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталып, Жеңіс туының көтерілгеніне 75 жыл толды. Осы атаулы мерекеге орай жас композитор Ғаламат Бейсеқожа да өз туындысын тыңдармандар назарына ұсынды. «Домбыраның құлағында ойнайтын» өнерпаз өзінің кезекті күйін даңқты қолбасшы, халық батыры Бауыржан Момышұлына арнаған екен. Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектептің 12-сыныбында оқитын талант иесімен өнер мен шығармашылық ауанында өрбитін әңгімемізді, ең алдымен, аталған күйдің шығу тарихынан бастауды жөн көрдік.

e9044c3d-74ce-4150-8ce0-e10f82afaeef.jpg

- Бала кезімізден Бауыржан атамыздың атын естігенде бойымызды ерекше намыс кернеп, патриоттық сезіміміз оянатын. Бауыржан Момышұлы ел мен жерге, отанға деген сүйіспеншіліктің нағыз үлгісін көрсетіп кеткен тұлға. Барша қазақ елінің бетке ұстары, халық қаһарманы, аты аңыз айналған адамға күй арнау мен үшін парыз болды. Сондықтан да, тұспа-тұс келген Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында, Бауыржан Момышұлына арнап күй шығардым. Күйді орындағанымды бейнежазбаға түсіріп, бірінші әлеуметтік желідегі тыңдармандарыма ұсындым. Олар жоғары бағасын берді. Күйге ат қойылмағандықтан, тыңдармандарымның көмегіне жүгінуге тура келді. Көп ұсыныстардың арасынан «Шаңтимес» дегенге тоқталдым. Қыс мезгілінде, яғни желтоқсан айының жиырма төрті күні қарлы-боранда дүниеге келген Бауыржан Момышұлының бала кездегі лақап аты «Шаңтимес» болған екен. Бұл мен үшін қызық ақпарат болды. Сөйтіп шығармашылығым тағы бір күймен толықты.

Біз Отан үшін от кешкен батырларымызға, ардагерлерімізге қанша ән-күй, шығарма арнасақ та қан майдандағы ерлігін өтей алмаспыз. Алайда олардың аты өшпеу үшін, даңқы шарықтау үшін мұндай туындылар керек деп санаймын.

Бұл бүгінде қоржыны авторлық шығармалармен көбейіп жатқан композитордың ел қайраткерлеріне арналған бірінші күйі емес екен. Өнерпаз осы туындыларымен таныстыра келіп, олардың шығу барысына да тоқталды.

- Қазіргі сәтте авторлық күйлерімнің саны қырықтан асты. Олардың арасында Абай атамызға арналған «Абай толғауы», Махамбет атамызға арналған «Махамбет» және олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов ағамызға арналған «Бекзат» атты күйлерім бар. Бірақ менде міндетті түрде осы кісіге күй арнаймын деген қатып қалған қағида жоқ. «Бекзат» күйін ғана тыңдармандардың сұрауымен шығардым. Өздеріңіз білетіндей, Бекзат ағамыздың өмірден өткеніне биыл жиырма жыл болған еді. Сонымен қатар, тірі болса қырықтың қырқасына шығып, мүмкін еліміздің көк туын талай рет әлем алдында желбіретер ме еді?! Амал нешік... Бекзат Саттархановқа деген осы уақыт аралығындағы елдің, халықтың сағынышын, жоқтауын күй арқылы аманатпен жеткізуді өзіме мақсат тұттым. Оның аз ғұмырында жеткен жетістігін, жарқ етіп ағып өткен жұлдыздай бейнесін елестете отырып, үлкен толғаныспен күй туындады. Ал көбінесе ел мен жерге еңбегі сіңген қайраткерлеріміз, қазақтың маңдайына біткен жұлдыздары туралы оқығанда, олардың өмір жолына шолу жасап, шығармаларына көз жүгірткенде шабыт келеді. Оның өзі кейде түннің бір уағында, кейде жай отырып домбыраны қолға алғанда болуы мүмкін. Сонымен қатар, әр туындының шығу уақыты да әртүрлі. Кей күйді бір күнде, ал кейбіреуін апталап жүріп шығарған сәттерім болды. Қандай мерзімде шығарылса да, әрқайсына үлкен жауапкершілікпен қарап, бірнеше рет орындап барып елге ұсынамын.

aaf109f5-f579-4721-8497-ffc5dded7999.jpg

Өнерсүйер көпшілікке Бейсеқожа тегі ағайынды композиторлар ретінде танылған. Осы тұрғыда жас таланттан отбасы туралы да сұрадық. Ғаламат бір отбасынан үш бірдей сазгердің шығуын – Алланың берген бағы деп санайды.

- Ата-анам қарапайым кісілер. Әкем күнделікті тұрақты жұмысында болса, анам үй шаруасымен айналысады. Үлкен ағам Нұрсәт Бейсеқожа – күйші-композитор. Бүгінде Түркістан облысындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның директоры. Ағамның қазір елуден астам авторлық күйі бар. Одан кейін ағам Нұрлан, мен, інім Нұрәлі және екі кішкентай қарындасым – отбасымызда алты баламыз. Нұрәлі 14 жаста. Ол да Ахмет Жұбанов атындағы мектептің оқушысы. Төрт жасынан бастап фортепианода ойнап, бес жасынан бастап композицияларын шығара бастады. Қазір жүз жиырмадан астам шығарманың авторы. Айта кетсем, жақында ғана Абай атамыздың 175 жылдығына арналған «Абай» атты композициясы көпшіліктің жоғары бағасына ие болып жатыр. Біреулер үшін бір отбасынан үш композитордың шығуы таңқаларлық жайт. Алайда, түп нағашы атамыз Есдәулет Қандековтің халық ақыны екені болмаса, отбасымызда басқа ешкімнің өнерге қатысы жоқ. Сондықтан, мұны бізге Алла ғана берді деймін.

8431e45e-e05e-47ca-b460-7862ca0a30b3.jpg

Жас дарынның басты арманы – әлемдік үлкен сахналарда өнер көрсетіп, елдің атын шығару. Айтуынша, тыңдармандар арасынан өнеріне шетелдіктер жоғары баға береді екен. Алға қойған мақсаттың алғашқы баспалдағы ретінде өнерпаз жарты жыл бұрын «Central Asia’s Got Talent» конкурсына қатысқан. Байқау өз елімізде өтсе де, аты айтып тұрғандай Азия құрлығындағы елдердің барлығы дерлік көз тігетін жоба екені белгілі. Аталмыш додада інісі Нұрәлімен бірге өнер көрсеткен Ғаламат, мұндағы тәжірибе туралы айта келіп, кезекті жоспарларымен бөлісті.

- Біз «Central Asia’s Got Talent» байқауы туралы әлеуметтік желілерден көріп, қатысушы болуға кастинг жүріп жатқанын білдік. Осы уақытқа дейін мұндай жобаларға қатысу туралы үнемі ойлап жүретін едік. Көптен күткеніміз өзіміздің Қазақстанда өтіп жатқан соң, еш ойланбастан кастингке қатыстық. Негізі Нұрәлі екеуміз жеке қатысушы ретінде барған едік. Алғашқы айналымнан өткен соң, қазылар алқасы Нұрәлі екеумізге бірігіп өнер көрсету туралы ұсыныс жасады. Бұған келісім бергеннен кейін олар алтын батырманы басып, бізді бірден жартылай финалға өткізді. Яғни, алтын батырма басылса, басқа айналымдарға қатысудың қажеті жоқ. Біз жартылай финал үшін арнайы «Көшпенділер» атты жаңа туындымызды шығардық. Сөйтіп, өзіміз білім алып жүрген Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектептің камералық оркестрімен бірге сахнаға шығып, «Көшпенділердің» тұсауын кестік. Алайда сол жерден ары қарай өте алмай, жобадан шығып қалдық. Байқау негізінен шоу бағытында болғандықтан, қазылар алқасы біздің композиторлығымызды жеткілікті түрде бағалай алмады деп ойлаймын. Бір жағынан таза музыкалық конкурс еместігі де себеп болуы мүмкін. Өйткені, онда түрлі жанрдағы, түрлі бағыттағы таланттар өнер көрсетеді екен. Атап айтсақ, көбінесе цирк әртістері, жеңіл атлеттер, иллюзионистер қатысты. Байқауға еш ренішіміз жоқ, біз үшін ең басты жеңіс – халықтың өнерімізбен танысуы, жоғары деңгейде бағалағаны деп айта аламын. Әрине, мұнымен тоқтап қалмайтынымыз анық. Бірақ енді байқауларға байыппен қарап, «біздің өнерімізге қатысы бар ма, жоқ па» деп сараптап, таңдап баратын боламыз. Бір қуантарлығы, осы байқаудың нәтижесінде інім екеуміздің өз елімізден және алыс-жақын шетелден жанкүйерлеріміз көбейді. Олар, әсіресе, Нұрәлінің өнеріне қатты қызығушылықпен қарайды. Сонымен бірге, домбыраны да жақсы тыңдайды екен. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда дүниежүзіндегі пандемияға байланысты шетелдерге шығып өнер көрсету мүмкін болмай тұр. Алла қаласа, алдағы уақыттағы жоспарларымыздың бірі – шетелге шығып қазақ мәдениетін танытып, жоғары деңгейде өнер көрсету. Бұл еліміздің алдындағы ең үлкен міндетіміз деп айтсам да болады.

993663da-a028-4c14-b96d-5f435d734c42.jpg

Ендігі кезекте Ғаламаттың танымалдылыққа қатысты ойын білдік. Жас талант қоғамда қалыптасып кеткен таптаурын түсінікке аса қатты мән бермесе де, оның шығуына өзіндік себеп бар деп санайды.

- Иә, соңғы уақытта бізде «өз еліңде танымал болу үшін, ең алдымен әлемдік сахналарды бағындыруың керек» деген түсінік қалыптасып жатыр. Ел расымен де, көп өнерпазын шетелде танымал болған соң бірақ білуде. Оның бірден-бір мысалы ретінде Димаш Құдайбергенді айтамыз. Мен бұл үрдіске екіжақты қараймын. Біріншіден, әртіс, яғни өнер адамы танымалдылықты басты кезекке қоймауға тиіс. Тек қана «танымал болуым керек» деп ойлайтын адам нағыз өнер иесі емес. Егер ол шынайы талант болып, талмай еңбектенсе және оның нәтижесін елге ұсынса, халық өзі іздеп тұрады деп ойлаймын. Екінші жағынан келсек, біздің елде өнер иелеріне қолдау жетіспейді. Танымал емес жандардың өнер көрсетуіне, үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік өте аз. Алыстан іздемей-ақ, Нұрәлі екеуімізді айтуыма болады. Қазір жұрт біздің өнерімізбен тек әлеуметтік желілер арқылы танысып жүр. Ары қарай республикалық деңгейдегі сахналардан өнер көрсету қиын екені рас. Тыңдармандарымыздың, ең әуелі Нұрәлінің жанкүйерлері тарапынан жеке концерт беру туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Тіпті, олардың арасынан жүзге жуығы қол қойып, қалалық мәдениет басқармаларына сұраныс жіберген екен. Қанша үміттеніп күтсек те, еш нәтиже шықпады.

Нұрәлі екеумізді шетелдік аудитория тыңдағанмен, біз әлі олардың сахнасына шығып өнер көрсетпедік. Сондықтан шетелдік сапарлар біздің де жоспарымызда бар. Алайда ол танымалдылық үшін емес, жоғарыда атап өткенімдей, Қазақстанның атын әлемге таныту мақсатында. Мына карантин мерзімі аяқталып, дүниежүзіндегі дүрбелең басылса, оның да ауылы алыс емес деген ойдамын. Қазіргі сәтте «жетістікке жету үшін 1% талант, 99% еңбек керек» деп неміс ойшылы Гете айтқандай, талмай еңбектену үстіндеміз. Мен негізінен, еңбек жүз пайыз болуы керек деп санаймын. Қанша жерден талантты болсаң да, еңбектенбесең, өзіңнен талап етпесең, бәрі бекер болмақ. Өйткені, онсыз мақсатқа жету, армандаған белесті бағындыру әсте мүмкін емес. Осы жолда бізге бірден-бір қолдау көрсетіп жүрген жандар – ата-анамыз екенін айта кеткім келеді. Бар жетістігіміз үшін, бүгінгі өміріміз үшін оларға тек алғыс айтып, Алладан амандықтарын тілеймін!

Бөлісу:

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға