Бауыржан Момышұлының бейнесін тірілткен әскердегі суретші
Теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуыл батальонында қызмет ететін Бақдәулет Күздібаев үшін әскер – тек тәртіп пен жауынгерлік сынақ емес, ішкі таланттың ашылған жері. Төрт ай бұрын Атыраудан келген жас сарбаз бүгінде бөлім қабырғаларын қазақ батырлары мен хандарының портреттерімен толтырып, Бауыржан Момышұлының қайсар бейнесін қылқаламмен тірілтті.
Қылқаламмен басталған әскери жол
ҚР Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуыл батальонында мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев осыдан төрт ай бұрын Атырау облысынан әскер қатарына шақырылған. Қазіргі таңда бөлімде механик-жүргізуші қызметін атқарып жүр. Бүгінде оның есімі әскери техникамен ғана емес, өнермен де қатар атала бастады.
Бақдәулеттің сурет салуы әскерге келгенде басталған жоқ. Бұл – бала күнгі қызығушылықтан туындаған. Мектеп қабырғасынан студенттік жылдарға дейін оқып жүрген уақытта ол қабырғаға сурет салып, оны бояудан бастаған. Шығармашылық көмек сұраған жандарға әрдайым қолдау көрсетіп келгенін айтады.
Сурет салуға деген икемім бала кезден бар. Бірақ әскерге келген соң қызығушылығым одан әрі тереңдей түсті. Бұл күтпеген мүмкіндік емес, іште жүрген дүниенің бір сәтте жолын табуы деп айтар едім, – дейді жас сарбаз.
Қылқаламды қолына алған сайын Бақдәулет өзімен-өзі сырласқандай күй кешеді. Әскердегі алғашқы күндерден-ақ ол өз өнерін жасырмады. Командирлеріне салған жұмыстарын көрсетіп, қабілетін дәлелдеді. Бұл бастама қолдау тапты. Содан бері жас сарбаз әскери қызметтен бос уақытында сурет салып, бөлім қабырғаларын мазмұн мен мағынаға толы портреттерге толтыра бастады.
Бүгінде жас сарбаздың қылқаламынан туған дүниелер әскери бөлім қабырғасын ғана емес, тұтас тарихи жадыны сөйлетіп тұр. Әскерге келгеннен кейін командирлерім мен басшылық құрамның бойындағы жауынгерлік рухты терең сезінгенін айтады. Сол әсер оны батырлар мен тарихи тұлғалардың бейнесін салуға жетелепті.
Ол бүгінде қазақ халқының батырлары мен хандары бейнеленген, ҚР мемлекеттік рәміздерімен үйлес тапқан екі ірі портрет салды. Сонымен қатар Бақдәулет аты аңызға айналған қазақ офицері, панфиловшы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының көркем бейнесін сомдады.
Мәскеу үшін шайқастағы ерлігімен ел жадында қалған қаһарманның болмысы бұл портретте қаталдықпен қатар әділдік, сабыр мен қайсарлық көрініс тапқан. Сол рухты бұзбай, асырып та жібермей дәл беру – Бақдәулет үшін зор жауапкершілік пен мәртебе болды. Ол жай тұлға емес, тұтас жауынгерлік рухтың символы екенін айтады.
Бауыржан Момышұлы атамыздың бейнесін салу мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік болды. Бұл жұмысты барлық жауынгерлер көріп, батырды танып, оның қайсар мінезі мен отаншыл рухынан күш алсын деген ниетпен орындадым. Батырлар мен тарихи тұлғаларды бейнелеудегі басты мақсатым – олардың ерлігі мен рухы бүгінгі сарбазға әрдайым жігер берсін деген ой. Ал Бауыржан Момышұлының портретін салу барысында ерекше толқу сезімін бастан өткеріп, оның болмысын, батырлық рухын барынша дәл жеткізуге тырыстым, – дейді жауынгер.
Бұл әскери ортаны тек ерлік пен тәртіп мектебі ғана емес, сонымен қатар талантты ашатын, Отанға қызмет етуге және ұлттық жадыны сақтауға мүмкіндік беретін кеңістік екенін айқын көрсетеді. Жас талант өмірінде алғаш салған суретін де еске алды. Ол қарапайым ғана қарындашпен салынған сарбаз бейнесі болғанын айтады.
Иә, алғашқы салған суретім әлі күнге дейін есімде. Ол қарапайым ғана қарындашпен салынған сарбаздың бейнесі еді. Сол сурет арқылы өз көңіл-күйімді, ішкі сезімімді қағаз бетіне түсіргім келді. Бұл мен үшін әскердегі алғашқы үнсіз әңгіме секілді болды, – дейді Бақдәулет.
Бақдәулет қабырғаға салған портреттердің сарбаздарға әсері бар деп санайды. Оның айтуынша, бұл – үнсіз тәрбие іспетті, күнде көзге көрініп, әрбір сарбазға «сен кімсің, не үшін қызмет етіп жүрсің?» деген сұрақты еске салып тұрады. Бұл суреттер тек әсемдік үшін емес, бөлімдегі әр адамға ой салатын, рух беретін көркемдік құралға айналды деп отыр.
Ол қолына қару емес, қылқалам ұстаған сәтте жауынгерлік сезім толық оянатанын жеткізді. «Өйткені мен сол сәтте де Отанға қызмет етіп жүрмін, тек қарумен емес, рухпен», – дейді жас жауынгер.
Айтуынша, әр портретті салуға орта есеппен 3-4 күн уақыт кетеді. Әскерде қызметтік міндет әрқашан бірінші орында тұрады. Қандай шабыт келсе де, ол бұйрықтан жоғары тұра алмайды. Десе де шабытты толық өшіріп тастауға болмайтынын, қызмет аяқталған соң, түн тынышталған кезде, сол жинақталған ойды қағазға түсіретінін жеткізді.
Адамның мінезін, рухын және көзқарасындағы жауапкершілікті қағаз бетіне түсіру оңай емес. Кейде түнгі кезекшіліктен кейін де отырып салған сәттер болды, өйткені шабыт бұйрық күтпейді. Сол жинақталған ойды қағазға түсіремін, – деді кейіпкеріміз.
Ол суретші болмағанда...
Бақдәулет суретші болмағанда адам өмірін құтқаратын жолды таңдаған болар еді.
Егер мен суретші болмағанда, медицина саласына баратын едім. Өйткені адамға көмектесу, өмірін сақтау – мен үшін ең үлкен міндет, – дейді жас сарбаз.
Бұл ой оның тек өнерге ғана емес, жалпы өмірге деген көзқарасын көрсетеді. Әр ісі Отанға, адамға қызмет етуге бағытталған. Сұхбат барысында Бақдәулет әскерге дейінгі және қазіргі кезін салыстыра отырып, үлкен айырмашылық бар екенін айтады.
Әскерге дейін мен арманшыл, еркін, кейде асығыс шешім қабылдайтын едім. Өмірге жеңілдеу қарайтынмын, уақыттың, тәртіптің, жауапкершіліктің салмағын толық сезіне бермейтін едім. Ал қазір тәртіп бар, сабырлы, әр ісімнің артында жауапкершілік бар екенін түсінетін адам болдым. Әскер маған тек форма кигізіп қоймай, мінезімді де қалыптастырды. Бұйрықтың мәнін, ұжымның күшін, әр істің артында адам тағдыры тұратынын ұқтырды, – дейді жас сарбаз.
Бақдәулет үшін ең басты өзгеріс – ішкі дүниесі. Бұрын «мен» алдыңғы қатарда болса, қазір «біз» деген сөз басты ұстанымға айналғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл – әскердің берген ең үлкен сабағы.
Егер бір қабырға емес, бір ғимаратты безендіру ұсынылса оның тақырыбын жас жауынгер «Жауынгерлік рух – ұрпаққа аманат» деп қоятынын айтады. Өйткені бұл жай суреттер жиынтығы емес, тұтас бір тарих сөйлеп тұрған кеңістік болуы тиіс екенін жеткізді.
Әскери бөлімнің кіреберісінен бастап әрбір бөлме, қабырға әр оқиғаны, әр қаһарманның рухын жеткізуі қажет. Ант беру сәті – сарбаздың азаматтан жауынгерге айналар шағы. Командирлердің бейнесі – тәртіп пен сенімнің тірегі. Қазақ батырлары мен қазіргі сарбаздар – өткен мен бүгіннің сабақтастығы. Қарапайым сарбаздың күнделікті еңбегі – ерлік тек ұрыста емес екенін көрсету. Мұндай әскери бөлімге кірген әр сарбаз рухқа, жауапкершілікке, тарихқа кіріп шыққандай әсер алатын болуы керек, – дейді Бақдәулет.
Оның ойынша, бүгінгі жас үшін әскер ең алдымен қару ұстауды емес, өзіңді ұстай білуді үйретуі керек.
Тәртіп – уақытты қадірлеу, сөзге емес, іске жауап беру. Төзім мен сабыр – қиындықта сынбай, үнсіз алға жүруді үйрену. Қайда жүрсе де елге, ата-анаға, әскери формаға кір келтірмеу, – дейді ол.
Бақдәулет Күздібаевтың айтуынша, оның басты мақсаты – туған әскери бөлімінде ізгі із қалдыру. Ол болашақ сарбаздардың ата-бабалардың, батырлар мен тарихтағы көрнекті тұлғалардың есімін ұмытпай, құрметтеп жүруіне үлес қосуын қалайды.
Әскерден кейін де өнер мен қызметті қатар алып жүруді қалаймын. Сурет арқылы патриоттық рухты жеткізу, жастарға үлгі болу – басты мақсатым, – дейді жас жауынгер Бақдәулет Күздібаев.

