Жаңалықтар

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөлім жылдығын атап өтті

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөлім  жылдығын атап өтті
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі 02.12.2023 22:19 1526

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі 50 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ТЖМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыған орай Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында Кеңес Одағының батыры Б. Момышұлының құрметіне муралдың ашылу іс-шарасы өтті.  Салтанатты іс-шара Мәдениет үйінде жалғасын тапты.

Іс-шараға Б. Момышұлының туысы Зейнеп Ахметова, ҚР ТЖМ вице-министрі генерал-майор Б.М. Сыздықов, өзара әрекеттесу органдарының өкілдері, ардагерлер және әскери бөлімнің жеке құрамы қатысты.  

Осыдан тура 50 жыл бұрын, 1973 жылы 30 қарашада Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында Орта Азия әскери округі әскерлері қолбасшысының жеке байланыс взводының базасында азаматтық қорғаныс полкі – 28237 әскери бөлімі құрылды. Бөлімнің бірінші командирі болып подполковник Николай Федорович Шмал тағайындалды.

1993 жылы Министрлер кабинетінің қаулысымен 28237 әскери бөлімі Азаматтық қорғаныс штабына өткізілді.

Б. Момышұлы атындағы қайырымдылық қорының қолдауымен және ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің ұсынысы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 22 желтоқсандағы  № 1844 қаулысымен әскери бөлімге Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілді, ал 1997 жылы әскери бөлімге жаңа үлгідегі Жауынгерлік Ту тапсырылды.

Құрылған күнінен бастап 50 жыл ішінде әскери бөлім қалыптасуы мен даму жолынан ғана өтіп қоймай, Отан алдында тұрған маңызды да, жауапты міндеттерді атқаруға да ерекше үлесін қосты.

Өткен жылдары бөлімнің жеке құрамы ерлік пен батырлық үлгілеріне толы даңқты жауынгерлік жолдан өтті. Олар әскери бөлімнің құрылғанынан бастап күні бүгінге дейін республика аумағындағы төтенше жағдайлар мен дүлей зілзалалардың салдарын, атап айтқанда сел ағындары, су басулар, табиғи өрттер, жер сілкіністері, қар басулар секілді түрлі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жұмыстарын мінсіз атқарып келеді.

Қазіргі уақытта бөлім командирі подполковник Бағлан Талғатұлы Кенбейловтың басшылығымен полктің жеке құрамы ел азаматтарының тыныштығын қорғау үшін оларға жүктелген жедел-қызметтік міндеттерді адал және абыроймен орындауда.

«Азаматтық қорғаныс әскерлері-тұрақты жауынгерлік дайындық әскерлері» - осындай ұранмен 28237 әскери бөлімінің «бауыржандықтары» деп аталатын құтқарушы-жауынгерлер қызметі атқарады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға