Жаңалықтар

«Бауырына салу» Австрия мен Санкт-Петербургтегі кинофестивальдерде топ жарды

«Бауырына салу» Австрия мен Санкт-Петербургтегі кинофестивальдерде топ жарды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 29.08.2024 15:37 515

Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Ұлттық кино орталығының» қолдауымен түсірілген «Бауырына салу» фильмі халықаралық фестивальдерде топ жарып жүр. Жақында режиссер Асхат Кучинчерековтың фильмі Австрия мен Санкт-Петербургте екі беделді марапатқа ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Австриядағы Der Neue Heimatfilm халықаралық кинофестивалінде фильм «Үздік көркем фильм» сыйлығын жеңіп алды. Аталған фестиваль жүздеген кәсіби мамандардың басын біріктіріп, маңызды деректі картиналарды ұсынады.

23-27 тамыз аралығында Санкт-Петербургте өткен Lendoc Film Festival фестивалінде де «Бауырына салу» тағы биіктен көрініп, Ерсұлтан Ерман «Үздік актер» номинациясын еншіледі. Халықаралық фестивальді бес жылдан бері «Лендок» ашық киностудиясы «Кинокультура» АҰО-мен бірлесіп өткізіп келеді.

Айта кетейік, «Бауырына салу» фильмі әжесінің қолында өскен жеткіншектің оқиғасын баяндайды. Әжесі қайтыс болғаннан кейін ол өзінің ата-анасына оралуға және бөтен адамдармен жаңа ортада қарым-қатынас құруға мәжбүр болады.

Бұл – ішінара жеке өмірімнен алынған оқиға. Мен де әжемнің қолында өстім, мені тәрбиелеген сол кісі. Осы мәселені жіті зерттедім. Мұндағы басты нәрсе – ата-ана мен баланың қарым-қатынасы. Ата-әжесінің қолында өскен кез-келген бала өз ата-анасын «әке» не «ана» деп атамайды. Неге олай? Әр сондай баланың ішінде «мені тастап кеткен» деген реніш бар. Фильмнің драматургиясы, ескі отбасынан айырылғаннан кейін әлі де жаңа отбасы табу мүмкіндігі бар екенін көрерменге жеткізу, – дейді режиссер.

Кучинчирековтың өзі бұл жобада режиссер, сценарист және продюсер ретінде жұмыс істеді.

Фильмнің тұсаукесері ірі халықаралық кинофестивальдерде өткен. Сонымен қатар жақында картина прокатқа шығып, көрерменнің оң бағасын алды. Режиссердің айтуынша, бұл туынды – қазақ халқының салт-дәстүріне деген ерекше құрмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға