Жаңалықтар

Бауырлас Түркия халқы еліміздегі 3 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті

Түркия азаматтары Құрбан айтта 56 бас ірі қараны Қазақстандағы бауырларына сый ретінде жолдады
Бауырлас Түркия халқы еліміздегі 3 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті
13.07.2022 19:01 2807

Түркия мемлекеті қасиетті Рамазан және Құрбан айт мерекелерінде Қазақстан халқының көпбалалы аналары мен мүгедектерге, күн көрісі төмен отбасылар үшін қайырымдылық шараларын өткізіп келеді, деп хабарлайды El.kz

Түркия дін істері басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасындағы келісім-шарт негізінде елімізде әр түрлі салаларда, соның ішінде діни мамандардың біліктілігін жетілдіру және діни әдебиеттерді қазақ тіліне аудару сияқты қызметтермен қатар әлеуметтік іс-шаралар да өткізеді.

Осы орайда екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан ары дамытуға үлес қосу мақсатында Түркия азаматтары құрбандықтарынан 56 бас ірі қараны Қазақстандағы бауырларына сый ретінде жолдады. Аталмыш шараны Нұр-Сұлтан қаласындағы Түркия Республикасы елшілігінің дін істері жөніндегі кеңесшілігі мен Алматы қаласындағы Түркия Республикасы бас консулдығының дін істері жөніндегі атташесі ұйымдастырды.

Бауырлас Түркия халқы еліміздегі 3 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті

Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысында құрбандыққа ірі қара мал шалынып, 3 мыңға жуық мүгедек және аз қамтылған отбасыларға, медресе және оқу орындарындағы студенттерге таратылды.

2020 жылы «Арғымақ» қоғамдық-әлеуметтік дамыту қоры мен «Зере» әлеуметтік дамыту орталығы көпбалалы отбасыларға көмек көрсету мақсатында құрылған болатын. Олар өзара заңдық-құқықтық жәрдем беру және қайырымдылық қолдау жасау мақсатында бірігіп, қоғамдық қор басшылары Жұмагүл Қуатбекқызы мен Маржан Серікқызы «Аналарды қолдау орталығының» негізін қалаған еді. Осы көпбалалы аналарды қолдау мақсатында Алматыдағы Түркия елшілігі 3 жылдан бері діни мерекелер қарсаңында қайырымдылық шараларын өткізіп келеді.

Түркия мемлекеті еліміздегі жағдайы төмен отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетеді. Сондай-ақ болашақта қайырымдылық шараларының кең, ауқымды тұрғыда өткізуді жобалап отыр. Осындай іс-шаралардың арқасында Қазақстан мен Түркия елдерінің рухани және мәдени, әлеуметтік, сыртқы және ішкі саяси байланыстары барынша нығая түспек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға