Жаңалықтар

Бауырлас елдердің байланысын бекемдейтін бастамалар айтылды - Дархан Қыдырәлі

Бұл туралы министр Дархан Қыдырәлі Facebook парақшасында жазды
Бауырлас елдердің байланысын бекемдейтін бастамалар айтылды - Дархан Қыдырәлі
Фото: facebook.com/darhan.hidirali 11.11.2022 16:27 1676

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммиті табысты өткені туралы желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz

"Самарқандағы бас қосуда бауырлас елдердің байланыстарын бекемдей түсетін бастамалар айтылды. Бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Баянды болсын деп тілейміз. Кезекті келелі кеңес біз үшін де маңызды болды. Бұған дейін 11 саммитке қатысыппыз; оның екеуіне Түркі кеңесі, сегізіне Түркі академиясы атынан барыппыз. Сондықтан бұл саммит осы бағыттағы бірнеше жылдық жұмысымыздың қорытындысы іспетті болды. Бүгін Мемлекет басшысы Түркі академиясының жұмысына жоғары баға берді, ІІ Түрк қағанатының негізін қалаған, Білге мен Күлтегіннің әкесі Құтлық Елтеріс қаған кешенінің табылуын маңызды жаңалық ретінде айрықша атап өтті. Бұл бағыттағы археологиялық қазба жұмыстары жалғасады.

Жалпы Қазақстан Халықаралық Түркі академиясына жан-жақты қолдау көрсетті, арнайы ғимарат бөлді, жемісті жұмыс істеуіне барлық жағдай жасады. Сондықтан Қазақстан басшылығына және академияға қолдау көрсеткен барша достарға алғыс айтамын. Түркі академиясына басшы болып тағайындалған әзербайжандық әріптесім профессор Шахин Мустафаевқа да сәттілік тілеймін. Академияға вице-президент болып тағайындалған Асхат Кесікбаев пен Түркі мемлекеттер ұйымына Бас хатшы орынбасары болып тағайындалған Ержан Мұқашты құттықтаймын.

Енді түркі ұйымдарында “қырғыз дәуірі” басталды. Биыл жыл басында ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы болып Сұлтан Раевтың сайланғаны белгілі. Бүгін ротация бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына қырғыз елінен Қуанышбек Омиралиев тағайындалды. Абыройлы қызметтерінде сәттілік тілеймін.

Бүгін “Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан, ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз” деген Мемлекет басшысы тамырлас түркі елдері арасындағы ынтымақтастық туралы ақпарат құралдарында көбірек насихаттап, дәріптеу туралы айтты. Сондықтан Түркі академиясындағы қызметіміз ресми түрде аяқталғанымен, саладан алыстап кетпедік деп ойлаймын", - деп жазды министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға