©Pixabay.com

Бауыр қатерлі ісігінің дамуын тежейтін табиғи өнім анықталды

Әлемдегі ең көп таралған әрі қауіпті онкологиялық аурулардың бірі – бауыр обырына қарсы табиғи қосылыстарды жасанды жолмен алудың тиімді әдісін америкалық ғалымдар ойлап тапты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Зерттеу Angewandte Chemie журналында жарияланды.

Көптеген клиникалық дәрілердің негізінде табиғи молекулалар бар. Мәселен, алма ағашының қабығында кездесетін салицин ағзада салицил қышқылына айналып, аспириннің баламасы ретінде әсер етеді. Алайда мұндай заттарды үлкен көлемде өндіру көбіне ресурстың шектеулі болуына байланысты мүмкін емес. Осыған орай профессор Уильям Чейн бастаған ғалымдар тобы гуаваның құрамындағы ісікке қарсы әсері бар молекулаларды толық синтездеу әдісін жасап шықты.

Ғалымдар ұсынған жаңа химиялық «рецепт» қолжетімді шикізаттан бұл қосылыстарды үлкен көлемде алуға мүмкіндік береді.

Енді кез келген зерттеуші біздің тәсілді қайталап, мүмкін одан да қысқа әрі тиімді жол таба алады. Біз бұл бағыттағы жолды алғаш аштық, – деді зерттеу авторларының бірі, аспирант Лиам О’Грейди.

Бұл жаңалықтың маңызы зор: тек АҚШ-тың өзінде жыл сайын 42 мыңнан астам адамнан бауыр және өт жолдарының қатерлі ісігі анықталады, олардың 30 мыңнан астамы көз жұмады. Аурудың кеш сатыларында бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 15%-дан аспайды, ал қазіргі қолданыстағы химиотерапия денсаулық сақтау жүйесіне миллиардтаған доллар шығын әкеледі.

Қазір ғалымдар АҚШ Ұлттық онкология институтымен бірлесе отырып, синтезделген молекулалардың өзге қатерлі ісік түрлеріне қарсы тиімділігін тексеріп жатыр.