Жаңалықтар

Б. Момышұлы: «Ерлік – тәрбие жемісі».

Батырдан қалған өсиет
Б. Момышұлы: «Ерлік – тәрбие жемісі».
04.01.2017 10:46 10029

Бауыржан Момышұлы – даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, аңыз адам. Бауыржан Момышұлы – әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды.

Бүгінгі материалымызға батыр қолбасшының қанатты сөздерін жинақтап ұсынып отырмыз:

 Ерлік – тәрбие жемісі.

Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр.

Солдаттың анасы – Отанның анасы.

Ақылды кісінің сөзі де, өзі де сүйкімді.

Жақсы солдат командирге ұстаз, ал, жаман, ақымақ генерал командир түгілі солдатқа ұстаз бола алмайды.

Соғыстың заңы – өте қатал заң.

Біреудің қатесін орынсыз кешіруге болмайды.

Ақкөңіл деген нәрсенің екі түрі бар: аңғал ақкөңіл, ақылды ақкөңіл.

Жалтақтардың көбі ақымақ, әкімқұмар келеді.

Орынды іске, пайдалы қаталдыққа ешкім өкпелемейді.

Символдық сыйлықтарды қара бастың құлқынына құрбан ету – қасиетсіздік.

Мақтау қауіпті нәрсе. Мақтаудың екі түрі бар: біріншісі – қара ниетті мақтау, екіншісі – ақ ниетті мақтау.

Адамның көзқарасы мен түрі – жан дүниесінің рентгені.

Орынды зіркілдеу – сабақ, орынсыз зіркілдеу – азап. Орынды зіркілдеу жастарды дұрыс жолға, орынсыз зіркілдеу бұрыс жолға салады.

Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ.

Ежелден ер тілегі – ел тілегі. Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.

Опасызда Отан жоқ.

Отанда опасызға орын жоқ.

Отаның үшін отқа түс – күймейсің.

Айғаймен ала алмайсың, ақылмен, айламен басқар.

Тәрбиелі – тәртіптің құлы.

Тәртіпті – елдің ұлы.

Белдескеннің белін сындыр,

Тірескеннің тізесін бүктір!

Қайратыңа әдісіңді жолдас ет,

Әдісіңе ақылыңды жолдас ет.

Әдіссіздік – әлсіздік,

Ептілік те ерлік.

Қарабет болып қашқанша,

Қайрат көрсетіп өлген артық.

Берік болмай ерік жоқ.

Жақсы сөз жан сүйсіндіреді,

Бойға қуат бітіреді.

Таяқтан тайсалмасаң,

Семсерден сескенбесең,

Жеңдім дей бер...

Өмір үшін өлгенше күрес.

Тәртіпке бас иген құл болмайды,

Тәртіпсіз ер болмайды.

Өжеттіліктен не пайда,

Ерлігі мен ақылы

Көпті батыр етпесе.

Ерлік елеусіз қалмасын.

Жауыңды жапыра біл,

Баудай түсіре біл.

Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда.

Жігіт болсаң, жігеріңді жасытпа, қайратыңа қайта мін.

Ұрыста тәуекел ету де – ерлік.

Әрқашан әскери ар-намысыңды сақта,

солдаттық борышыңа адал бол.

Халықтың ізгі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз.

Адамның көтеріңкі көңіл-күйі – ұрыста ең айбарлы қару.

Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің.

Ашуыңа ақылыңды жеңдірме, өз сабаңнан шығып кетпе.

Әрбір бұйрықтың орындалуы – бұлжымас шарт.

Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба.

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.

Хас батыр ұрпағы бардың өлсе де арманы жоқ.

Жеңіс шайқасқа дейін шыңдалады.

Өсер елдің баласы әкеден де асып түсер.

Кішіпейілділік – адамгершілік көркі. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға