Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде

Батыс Қазақстанда жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде
Фото: БҚО әкімдігі 18.05.2024 21:34 574

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексеру мақсатында Орал қаласындағы энергетикалық және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нысандарына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, өңір басшысы 2-ші, 3-ші және 18-ші кәріздік сорғы станцияларын, 5-ші жылу магистралі мен Дауымов көшесіндегі су өткізу құбырларын жаңғырту жұмыстарымен танысып, мамандармен кездесті.

Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жылыту маусымына өңірдегі барлық нысандардың уақытылы дайын болуы керектігін атап өтті.

Биыл өңірімізде коммуналдық салада ірі жобалар іске қосылады. 1974 жылы салынған қаламыздың 150 мың-ға жуық тұрғынын қамтамасыз етіп отырған 2,3 және 21-ші кәріздік сорғы станциялары түгелдей жаңартылады, қосымша қаланың Құрылысшы, Қадыр Мырза Әлі, Жаңа Орда шағын аудандарын және "ескі аэропорт" ауданын онда 150 мың тұрғынды қамтитын 18-ші КСС (кәріздік сорғы станциясы) құрылысы басталатын болады. Сонымен қатар, Орал қаласының Ақжайық шағын ауданындағы және Солтүстік-Шығыс бағытындағы қосалқы электр станциялары, электр таратушы компанияның жұмысын жеделдету үшін Зашаған кентінде жөндеу-өндірістік базасы және жылу желілері бойынша 70 мың адамды қамтитын 5-ші жылу магистралі жөнделіп жатыр.

Қала тұрғындарына мәлім, былтырғы жылы Жапониялық "Хитачи" компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, Орал қаласы жылу электр орталағының газ турбиналы қондырғысын жөндеу бойынша келісім орнаған болатын. Осыған байланысты, осы жылдың маусым айында Жапониядан арнайы мамандар келіп, тиісті жұмыстарды іске асыратын болады. Осы орайда тиісті сала басшыларына, барлық аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтауды қатаң бақылауда ұстауды және сапалы орындауды тапсырамын,- деді өңір басшысы.

Бұдан бөлек, Нариман Төреғалиев Орал қаласы мен Бөрлі ауданы әкімдіктеріне (Ақсай қаласы) Мүлік иелерінің бірлестіктерімен бірге көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындауды тапсырды.

Жылыту маусымына өңірдегі барлық нысандардың дайындығы мен құрылысын аяқтау жұмыстарын қадағалау облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық аудан-қала әкімдері мен облыс әкімінің орынбасарларына жүктелді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға