Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда су тасқынынан эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралды

Батыс Қазақстанда су тасқынынан эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі 15.03.2023 11:45 997
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы белсенді жұмыстар жалғасып жатыр. Су басқан 6 үйден су толығымен шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Сырым және Теректі аудандарынан эвакуацияланған 30-ға жуық тұрғын үйлеріне оралды. 
 
Қалған 33 адам уақытша эвакуациялау орындарына орналастырылды, 206 адам туыстарының үйінде тұрып жатыр. 280-нен астам мал қауіпсіз жерге шығарылды, - деп жазылған хабарламада.
 
Соңғы тәулікте қауіпті аймақтарға 4 мыңға жуық инертті материалдар салынған қаптар төселді, 30 мың текше метрден астам су сорылды, 12 учаскеде суды бұрып ағызатын траншеялар қазылды.
 
Жалпы Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғаннан бері тәулік бойы жұмыс жүргізудің арқасында 340 мың текше метр су сорылып, инертті материалдар салынған 25 мыңнан астам қап төселді.
 
Апатты-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізуге төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, ішкі істер министрлігі, қорғаныс министрлігінің 1000-ға жуық өкілі, 400-ден астам техника, соның ішінде инженерлік техника, мотопомпалар, жүзу құралдары, тікұшақ, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарынан төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары қосымша тартылған.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға