Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда су тасқынына дайындық жүріп жатыр

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті
Батыс Қазақстанда су тасқынына дайындық жүріп жатыр
Фото: gov.kz 04.02.2023 14:15 1669

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын тексеру барысында Киров-Шежін каналын қайта құру, Киров су қоймасын жаңғырту және Ветелка тоғанының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жауапты мекемелердің басшыларына су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жалпы, 2022 жылы облыс бойынша су тасқынына қарсы 80 іс-шара орындалды, нәтижесінде 20 км қорғаныс бөгеттері нығайтылды, 13 мыңнан астам км су бұру арналары және 17 су өткізу құбырлары орнатылды, сондай-ақ автожолдар мен су қоймаларында жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жанар-жағармай материалдарының, құм салынған қаптардың, инертті материалдардың (18 мың тонна инертті материалдар, 56 мың қап, 80-ге жуық тонна ЖЖМ) қорлары дайындалды.

Құрамына үш мыңнан астам адам, 700-ден астам бірлік техника, 60 жүзу құралы және 260-тан астам мотопомпа кіретін күштер мен құралдар топтамасы дайындалды.

Жалпы облыс бойынша су тасқыны жағдайы тұрақты. Дайындық жұмыстары жалғасуда.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға