Жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысы – 90-нан астам ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешкен жерұйық мекен

Батыс Қазақстан облысы – 90-нан астам ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешкен жерұйық мекен
16.05.2019 12:00 11589

Батыс Қазақстан облысы еліміздегі Еуропаның шығыс бөлігінде орналасқан жалғыз аймақ. Яғни, БҚО Азия мен Еуропаның екі ортасында жайғасқан бірегей облыс десе де болады. Орта Азия мемлекеттеріне кіретін қақпа деп те атайды.    

Кезіндегі Кеңестік ғылымға сәйкес сонау XX ғасырдың 50-ші жылдарына дейін Қазақстан жеріндегі Еуропа шекарасы дәл БҚО-дағы Жайықтың бойымен өтетіні туралы айтылған.

Көлемі жағынан БҚО Қазақстанның 6 пайызын құрайды. Аумағы 151 мың шаршы километрді алып жатыр.

Облыс орталығы – Орал қаласының негізі 1613 жылы қаланған деген ақпарат бар. Орал толығымен Еуропада жатқан Қазақстандағы жалғыз облыс орталығы. Кейбір деректерде Яицкий атауымен белгілі негізі 1584 жыл қаланған қала 1775 жылдан бастап Орал ретінде таныла бастады. Оралды облыстың ең ұзын өзені –Жайық басып өтеді (2400 км). Ал ең ірі өзен – Шалқар – Теректі ауданында орналасқан.

Батыс Қазақстан облысының негізі сонау 1932 жылы қаланды. 1962-1992 жылдары Орал облысы болып аталса, 1992 жылы Батыс Қазақстан облысы атауы қайтарылды.  

Облыста 650 мыңға жуық тұрғын бар, оның 300 мыңдайы қалаларда, 200 мыңдайы Оралда тұрады. Тұрғындардың 445 мыңы (71 пайыз) – қазақтар, 140 мыңы (22 пайыз) орыстар. Украиндықтар – 15 мың (2,5 пайыз), татарлар – 10 мың (1,5 пайыз) және басқа ұлттар бір-екі мыңнан келеді – 15 мың (2,3  пайыз).

БҚО Ресейдің бес, Қазақстанның екі облысымен шектеседі.

Орал – Қазақстанның көрікті калаларының бірі екені даусыз. Қаланың іргесі сонау XVII ғасырда Жайық қалашығы негізінде қаланған деген деректер кездеседі.

1773-75 жылдары Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінің орталығы осы Орал болса керек. Жергілікті қазақтар Оралды Теке деп атаған. Ұлы Отан соғысы кезінде Орал қаласы Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, қалаға әскери қорғаныс саласының он төрт өнеркәсібі мен жиырма әскери госпиталь көшіріліп әкелінген.

Жалпы БҚО тарихи оқиғаларға өте бай. Абылқайыр хан 1731 жылы Ресей тағына ант берсе, 1773-1775 жылдары Емельян Пугачев бастаған шаруалар соғысы болған. 1783-1797 жылдары Сырым Датұлының басшылығымен ұлттық-азаттық қозғалыс орын алды. 1836-1838 жылдары Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісовтың жетекшілігімен Бөкей ордасында көтеріліс болғаны тарихтан белгілі. 1916 жылдары Чапаев, Фурманов, Фрунзе, Жуковтың есімдерімен байланыстырылатын азаматтық соғыс пен халық арасындағы толқулар тарих беттерінен орын алған.

Әр жылдары Оралға әдебиеттің көрнекті қайраткерлері келіп кеткені де тарихтан белгілі. Олардың қатарында В. Жуковский, А. Пушкин, В. Даль, Л. Толстой, Г. Тукай, Т. Шевченко, М. Шолохов және тағы басқалары бар.

БҚО Құрманғазы, Дина Нүрпейісова, Сейтек, Дәулеткерей сынды халық композиторларымен, романтик ақын Махамбет, атақты театр актрисасы Хадиша Бөкеева, талантты әнші Ғарифолла Құрманғалиев, ғалымдар Тайманов, Қ. Жұмалиев, ақындар Ж. Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, А. Бахтыгереева, жазушы Э. Ғаббасов және басқаларымен мақтана алады.

Облыс аумағында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан 90-нан астам ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған бірегей ұйым - «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі. Ол 2014 жылы құрылды. Мекеменің жеке ғимараты 2015 жылы пайдалануға берілсе, 2016 жылы Достық үйінің ресми ашылу салтанаты өтті. Жаңа әкімшілік ғимаратта этномәдени бірлестіктердің 16 кабинеті, БҚО ҚХА жастар қанаты, ардагерлер Кеңесі орналасқан. Оған қоса Ассамблея жанынан аналар, ғылыми-са­рап­та­­малық, қоғаммен байланыс жө­ніндегі кеңестер ойдағыдай қызмет етуде.

Ғимарат үш қабаттан тұрады. Жүз елу орындық концерт залы, сексен орындық конференц зал, медиация кабинеті бар. Одан басқа Достық үйінде екі дайындық, үш тілдер кабинеттері, хореография залры, киім мен грим жасау бөлмелері орналасқан.

Жаңа ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай қарастырылған. Заманауи техникамен жабдықталған дыбыс режиссерінің кабинеті, дыбыс жазу студиясы, жарық беру бөлмесі де қарастырылған.

Облыстағы жергілікті біліктің барлығында дерлік аудан әкімдігінің басқаруымен ассамблея кеңесте­рі құрылып, жұмыс жасауда. Сонымен қатар жүз алпыстан астам қоғамдық келісім кеңесі құ­рылып, ассамблея жұмысына 2000 мыңға жуық жаңа белсенді тартылды. Мектептерде, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында достық клубтары ашылып, бұл бағыттағы іс-шараларға төрт мыңнан астам жастар өкілі жұмылдырылды.

ҚХА XXI сессиясы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел бойынша барлық Достық үйлерінің құрылысын аяқтау туралы тапсырма берген еді. Соған сәйкес Орал қаласында да 2015 жылы аталмыш достық шаңырағына айналған осы заманғы зәулім ғимарат пайдалануға беріліп, достық пен татулықтың берік мекеніне айналды.

Ғимараттың ашылу рәсіміне қатысқан зиялы қауым өкілдері Достық үйінің пайдалануға берілуін қоғамдық-саяси маңызы зор оқиға деп жоғары баға берген еді.

Облыс аумағында 53 этнобірлестік жұмыс жасайды, олардың 16-сы облыс орталығында орналасқан.

Осы орайда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, айрандай ұйып отырған облыс аумағындағы Қазақстан халқы ассамблеясының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы білмек болып, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовпен сұхбаттасқан едік. 

Ғайса Хамедұлұлы Ресейдің Саратов облысының тумасы. Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтының түлегі.

Еңбек жолын Чапай ауданындағы «Алғабас» совхозында инженер болып бастап, 1980-82 жылдары Орал механикалық зауытында өндіріс бөлімінің диспетчері, сол зауыттың автоматтандыру мен механизациялау бөлімінің инженер-конструкторы болып еңбек етті. Кейін Орал комсомолы облыстық комитетінің еңбек және ауыл жастары бөлімін меңгеруші болып, ревизиялық комитеттің төрағасы қызметін атқарды, ал 1989-1991 жылдары сектор меңгерушісі және Орал облыстық Халық депутаттары Кеңесі аппараты жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарды.

1992-93 жылдары Орал облыстық әкімшілігінің бақылау тобына жетекшілік етіп, облыс әкімі орынбасарының кеңесшісі болды, кейін кеңесшілер тобына жетекшілік етті. 1999 жылы БҚО әкімінің бірінші орынбасарының кеңесшісі, Орал қаласы әкімінің орынбасары, облыстық архитектура және құрылыс басқармасының басшысы-облыстың бас архитекторы, Зеленов ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. 2004 жылдан бастап облыстық ҚХА табысты қызмет етуде.  

– Аймақта татулық пен тұрақтылықты ту етіп, этностар арасындағы ауызбірлікті нығайтып отырған Ассамблеяның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсеңіз?

–  Біздің облыстың Ассамблеясы республикадағы алдыңғы шендегілердің бірі десем қателеспеген болармын.

Ассамблея сандық құрамы жағынан да, сапалық мазмұны жағынан да жыл өсіп артып келеді. Қазір Ассамблеяның жиырма бір мыңнан астам толық мүшесі бар.

Біздің атқарып отырған іс-шаралар елдің татулығы мен этносаралық келісімді күшейтіп, елде бейбіт өмір мен ашық аспан астындағы тұрақтылықты сақтауға негізделгені айдан анық.

Осы бағытта 2018 жылы, байқап отырсақ,  17 000-нан асатын түрлі шара өткізіппіз. Оған 360 мың адам жұмылдырылған. Ал жұмыс кезінде ҚХА 2025 жылға дейін мақұлданған даму тұжырымдамасын, оған қоса ҚХА Төрағасы, Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен аймақ басшысы, БҚО бойынша ҚХА төрағасы Алтай Көлгіновтің қолымен бекітілген жыл бойғы жұмыс жоспарын негізге ала отырып, табысты жұмыс атқарудамыз.

Жалпы біз Ассамблеяның облыс аумағындағы барлық қоғамдық бірлестіктермен, азаматтық қоғам интституттар жұмысына ерекше мән береміз, оларға түрлі шаралар ұйымдастырып, өткізу барысында әдістемелік көмек көрсетеміз. Ел болып аталып өтетін Алғыс күні, Қазақстан халқы бірлігі мерекесінен басқа, Достық үйіндегі түрлі құрылымдық бөлімдер өздерінің "ішкі" шаралардың жылдық жоспарларын құрып, өткізіп отырады.

– Бүгінде аймақта қанша этнос өкілі бар. Олардың ел дамуына қосатын үлесі қандай?

Батыс Қазақстан облысын бүгіндері тоқсаннан астам ұлт өкілі құтты мекендеп, тату-тәтті  ғұмыр кешіп жатқан жайы бар деп. Олар елу бір бірлестік құрса, оның он алтысы тіркеуден өтті. Әр этностың салт-дәстүрін, өнерін, мәдениетін, тілін, әдебиетін танытып, насихаттау жолында «Этностар апталығын» өткізуді игі дәстүрге айналдырдық.

Өзге ұлт өкілдері өңірдің серпінді дамуы үшін өзіндік сүбелі үлес қосуда, ауыз толтырып айтуға боларлық.

Қайырымдылық іс-шараларынан еш шет қалмайтын барша этнос өкілдері өткен жылы жүз сегіз миллион теңге қаржы жұмсап, мол шапағатқа бөленді.

Туған тарихты, этномәдениетті және тілдерді оқыту үшін мектептер жанынан жексенбілік сыныптар ашылып, онда өскелең ұрпақ туған мәдениетімен және дәстүрінен сусындай алады. Этномәдени бірлестіктеріне арнайы тегін қазақ тілінің курстары ашылған.

Сонымен қатар биыл қазақ тілін шебер меңгерген өзге ұлт өкілдері мүшелікке енген «Тіл - мұра» қозғалысы жұмысын бастап та кетті. Оның құрамындағы бауырлар мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындарға барып, өздері мемлекеттік тіл саясатының дұрыс жүргізілуін, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуді насихаттауды жақсылап қолға алған.

«Неге қазақша сөйлемейсіз?» деп тұрған өзге ұлт өкілдерінің сөздері ана тілін үйренуді жақтырмай тұратын кейбір қазақ қыз-жігіттерінің намысына тиетін болар деген зор сенімдемін.  

Сонымен қатар қазақ-шешен ұлтының жастарының бірігуі салдарынан пайда болған «Вайнах» достық клубының жұмысын үлгі ретінде келтіруге әбден болады. Клуб жанына топтасқан алғыр жастар өз замандастарын теріс діни ағымнан аулақ болуға бастап, басына қиын жағдай туғандарға қол ұшын беріп, біраз қайырымдылық шараларын ұйымдастырып үлгерді.

Айта кетерлік тағы бір жайт бар. Осыдан бірнеше жылдар бұрын өңірге алыс-жақын шет елдерден кеп қоныстанған этностар Қазақстанды екінші Отаным деп жылы қабылдап, қазір «Қазақстан – менің Отаным» деп айтатындай халге жетті, өзі туған өлкені тарихи Отаным деп, көкіректері сайрап тұрған отандастарымыздың саны жыл санап артып келетіні қуантпай қоймайды.

Тіл – жалғыз ассамблея ғана емес, қандай да бір мемлекеттің күн тәр­тібінде тұратын басты мәселелер­дің бірі. Қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері біздің өлкеде жетерлік.

Мысалы, мемлекеттік тілде көркем әдеби шығарманы бұлжытпай жазатын жерлесіміз, шешен ұлтының өкілі Мұқтар Боқаевты атар едім. Ол қайда жүрсе де ұлтының қазақ халқынан көрген жақсылығын зор қошаметпен жырға салып айтудан еш жалыққан емес.

Әлемдік тұлға Абайдың тілінде сөйлеймін деп талпынып жүрген тағы бір азамат – БҚО татар мәдени орталығының жетекшісі Ришат Хайруллин. Мемлекеттік тілді меңгеруде ерекше ынта-ықылас танытып жүрген тағы бір жерлесіміз - «Вайнах» шешен-ингуш этно­бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов.

Құрбы-құрдастары өнеге тұтып жүрген жастардың тағы бір жарқын өкілі – қазақ тіліне ерекше құр­метпен қарайтын аймақтық ассамблея жанындағы жастар қанатының жетекшісі Игорь Спиридонов.

Әзірбайжан этномә­де­ни бірлестігінң жетекшісі Наджаф Мамедов, украин этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Ирина Жилик, белорус этномәдени бірлестігінің белсендісі Ольга Рапацкая – осылардың барлығы да әрдайым мемлекеттік тілде жа­тық сөйлейтін азаматтар­дың қатарынан табылып жүр.

Қазақ тіліне құрметтің ерекше арта түс­кендігінің ерекше белгісі - «КазАрмаПром» АҚ басшысы Ста­нислав Качалоның отбасы деуге әбден болады. Себебі дәл осы азаматтың бес бірдей  перзенті қазақ мектебіне  барып, сапалы білім алумен қатар, саналы тәрбиеге баулануда. С. Павловичтің ұлдарының бірі Алматыда өткен рес­публикалық домбырашылар байқауында көптеген қаракөз замандастарын артқа тастап, бас жүлдені қанжығасына байлағаны тағы бар.

«ҚХА-ның ХХ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ассамблеяның басты міндеті - қоғам­дық келісімді сақтау, оны үстемелеп, арттыру, мызғымас ету деп шегелеп атап көрсет­кені есімізде. Ұлтаралық қатынас саласы сан қырлы жұмыстың бір шағын ғана бөлігі. Ассамблеяның таяудағы сессия барысында алда тұрған мақсат-міндеттерді молынан талқылап, бір ортақ шешімге келетін боламыз.

Елдегі ауызбіршілікті, тыныштық пен келісімді сақтап, нығайу – біздің басты міндетіміз екеніне тағы бір басты назар аударғым келеді. 

– Ассамблея қызметіндегі жаңашылдық, тың жобалар жайлы айтып өтсеңіз?

– Осы жылдан бастап әр этнос төрағасы жылдық есеп беретін болады. Бұл біздің ең басты жаңалығым десем де болады. Бұл, бір жағынан, этномәдени бірлестіктер қызметін салыстыра саралауға, олардың өзара атқарған жұмыстарымен танысып, озық тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік болмақ. 

Оған қоса қолданысқа енген жаңа заңға сәйкес биылғы жылдан кешіктірілмей әр этнобірлестік аккредитациядан өтуге тиісті. Егерде бірлестік ассамблея қызметінің негізгі бағытын іске асыруда мазмұнын толыққанды аша алмаған болса, елдегі беделін, өз этносының өкілдерін ортақ іске тарта алмаса, ондай орталықты таратуға мәжбүр боламыз. Бұл еріккеннің ермегі немесе біздің ойдан шығарғанымыз емес, уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. Мұндай сараптамалық аккредитациялауды үш жылда бір рет өткізу жоспарланып отыр. Бұл сонымен қатар этнобірлестіктер жұмысының сапасын арттыруға өзіндік септігін тигізбек.  

Жаңалыққа келер болсақ, Ел ішіндегі ынтымақ-бірлікті нығайта отырып, жапсарлас жатқан Ресейдің аймақтарын мекендеген жарты миллион қазақ ағайынға ықыласымызды жеткізіп, сезіндіру мақсатында биыл «Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігін құрдық. Оған облыстың зиялы қауымы көптеп біріктірілді. Олардың елге оралып, тарихи отанында кәсібін домалатуға жағдай жасап, басқа да толып жатқан мәселелерге қолдау-көмек көрсетуді басты назарда ұстамақпыз.  

Бұған қоса «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде әр азаматтың туған жерге деген құрметін арттыру үшін түрлі байқаулар ұйымдастыруға білек сыбана кірісіп кеттік.

Туған жерді қастерлеудің лайықты үлгісі болсын деген ырыммен БҚО ҚХА мүшелері Бәйтерек ауданындағы Өркен ауылында саябақ та отырғызып үлгерді, оны жасыл желекке толтырып, күтіп-баптауды өз  мойындарына артып отыр.

– Ассамблея түрлі кеңестерден тұрады. Олардың алға қойған мақсаттары мен міндеттері және де қол жеткізген жетістіктері туралы бірер сөз?

– Батыс Қазақстан облысы Ассамблеясының құрылымындағы қоғамдық келісім кеңестері облыс, аудан-ауылдарда, түрлі формадағы мекеме-кәсіпорындарда құрылып, ойдағыдай жұмысын атқаруда. Олар ел ішіндегі көкейтесті мәселелерді ушықтырмай, керісінше тез арада ішінара талқылап, халық көзқарасына қолдау танытумен айналысып келеді.

Мысалы, өңірлік қоғамдық келісім мүшелері тариф бағасын тұрақтандыруды көтергені белгілі. Керек десеңіз, осы мәселе төңірегінде жазбаша ұсыным дайындалып, тиісті құрылымдарға жөнелтілді. Бұл шара қағаз жүзінде қалып қоймай, кәдімгідей нәтиже берген үлкен іс болды.

Ал Аналар кеңесіне келер болсақ, жанұя, бала тәрбиесі, жастар арасында отбасы құндылығын насихаттап, түсіндіріп, сәнге айналып бара жатқан ажырасудың алдын алу, қоғамдағы аналар беделін арттыру ісінде қоғамға ауадай қажетті жұмыстардың біразы жөніне келтірілді.  

Данагөй қариялардың басын қосқан Ақсақалдар кеңесінің де өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосып жатқан үлесі өз алдына бір төбе.

– ҚХА жұмысының нәтижесіне қандай баға берер едіңіз?

– Атқарылған жұмыс пен ұйымдастырылған іс-шаралардың қаншалықты тиімді болғанына халық әділ бағасын бере жатар. Дей тұрғанмен де, кәсіби тұрғыдан алғанда жұмысымыздың қаншалықты тиімді болғанын анықтау үшін тоқсан сайын арнайы мониторингтік зерттеулер жүргіземіз. 

Облыстың ғана емес, аудандар мен елді-мекендердің тұрғындары толық қамтылатын бұл қоғамдық зерттеуде этносаралық қатынас жағдайымен қоса аймақтағы саяси әл-ахуалға да тиісті баға беріліп, жұмыс жүргізіледі. Алынған қорытынды сарапшылық топпен талданып, өзекті мәселелер анықталып, талқыға салынады, шешу жолдары ұсынылады.

2019 жылдың  бірінші тоқсанындағы мониторинг қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысқан отандастарымыздың тоқсан алты пайызы этносаралық қарым-қатынастың қолайлы және жайлы екендігін растаған. Облыс тұрғындарының тоқсан сегіз пайызы болса Қазақстан аумағында өзге ұлт өкілдеріне оң көзқараспен қарайтындықтарын жеткізген, ал тоқсан алты пайызы өздерін қазақстандық деп санайтындықтарын айтқан.    

Осыдан 20 жылдай бұрын бұл көрсеткіштер небәрі алпыс-жетпіс пайыз болғандығын ескерер болсақ, атқарылған қызметтің бүгінгі нәтижесіне қарап еңбегіміздің бос болмағанына толық көз жеткізуге болады.

Келесі жылы ҚХА 25 жылдығы бар сән-салтанатымен аталып өтілмек. Мерейлі шараны лайықты деңгейде атап өту міндетін талқылау мақсатында алдағы маусымда аймақтық ассамблеяның сессиясын өткізсек па деп жоспарлап отырмыз. Татулық пен бірлікті сақтап, нығайту жолында атқарар істер әлі де ұшан-теңіз екенін баса айтқым келеді. 

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға