Батырхан Шүкенов - қазақстандық Паворотти
Ресейлік «Один в один» жобасының үшінші маусымында жерлесіміз Батырхан Шүкенов жоғары деңгейде өнер көрсетуде.
Ақпанның 8-і күні басталған шоу маусымының әзірге 3 бөлімі шықты. Бірінші бөлімде Батырхан Louis Armstrong кейпінде өнер көрсетті. Аты танымал әншінің Mack the Knife өлеңін шырқады. Сомдаған рөлі қазылар арқасының көңілінен шығып, көрермендер жұлдыздың шеберлігіне тәнті болды.
Екінші шығарылымда жерлесіміз, өзінің айтуы бойынша, ең күрделі кейіпкерлердің бірін сомдады. Ол опера әншісі Лучано Паворотти болды. Әйгілі O sole mio әнін шырқады.
Даусын, ән орындау мәнерін, бет-келбетін дәлме-дәл келтірген Батырхан жоғары бағаға ие болды. Симфониялық оркестрдың сүйемелдеуімен орындалған ән әлеуметтік желілерде танымалдыққа ие болуда.
Ал үшінші жарияланымда Батырхан Ресей эстрадасының жұлдызы Юрий Антоновтың образын келтірді. Қолына ақ гитара ұстап, ақ костюм киіп шыққан әншімізді қазылар алқасы танымай да қалды. Көрермендер мен әділ-қазылар қосылып бірге ән шырқап, көтеріңкі көңіл күйде отырды.
Шоу туралы айтатын болсақ, жүргізушілері Юлия Ковальчук пен Игорь Верник. Қазылар алқасының мүшелері: актриса Людмила Артемьева, опера әншісі Хибла Герзмава, шоу-мен Максим Галкин мен актер Юрий Стоянов.
Шоуға қатысушылардың арасында баяғыдан танымал әртістермен қатар жаңадан шығып келе жатқан жұлдыздар да бар. Батырхан Шукенов, Руслан Алехно, Александр Рыбак, Никита Малинин, Марк Тишман, Шура, Светлана Светикова, Анжелика Агурбаш, Эвелина Бледанс және Марина Кравец.
Әділ-қазылар әр қатысушының қойылымын 10 баллдық межемен бағалайды. Ал ең үздік қойылым 12 баллға ие болады. Сонымен қатар, қатысушылардың өздері ұнаған әртісіне 5 балл бере алады. Әр шығарылым соңында қатысушылар келесі шығарылымды кімнің кейпінде өлең айтатынын біледі.
Күрделі қойылымның барлығын ұйымдастыруға кәсіби грим-салушылар, хореограф, вокал мұғалімдері мен тәлімгерлер көмектеседі.
Әртістің өмірбаяны:
Батырхан Қамалұлы Шүкенов - қазақстандық және ресейлік эстрада әншісі, сазгер. 2000 ж. дейін А'Студио тобының құрамында өнер көрсетті. Алғаш танымалдылығы да сол топ арқылы келген.
Батыр Қызылордада экономисттер отбасында дүниеге келген. Өнердегі жолы 1982 жылдан басталған. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы консерваториясының саксофон сыныбын біреді. Бастапқы кезде «Арай» ансамблінде Роза Рымбаеваны сүйемелдеуде саксафоншы болды. 1983 жылы Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанады. Кейін Батырхан 1987 жылы тобының атауын «Алма-Ата Студио» деп өзгертеді. Ал өзі сол топтың фронтмені атанады.
1989 жылы топ өзінің «Джулия» атты тұңғыш хитін жазады. Сөйтіп, Алла Пугачевамен танысады. Ресейлік жұлдыз топты өзінің өлең Театрына шақырып, көп ұзамай ұжым бүкіл елге танымал болады. «Белая река», «Стоп, ночь», «Солдат любви», «Эти тёплые летние дни», «Нелюбимая» әндері жазылады. 11 жыл өткен соң Батырхан туған еліне оралып, жеке карьерасын бастайды. Тұңғыш жазған өлеңі «Отан ана» болды.
Қазіргі таңда әртіс 6 альбом шығарды. 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасы президентінің мәдениет бойынша кеңесшісі атанды. 2009 жылы UNICEF-тің Қазақстандағы өкілі атанды.
Айгүл ШЕРНИЯЗОВА