Жаңалықтар

Басқосуда жас зерттеушілердің өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктері талқыланды

Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, университет басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамының өкілдері, докторанттар, магистранттар мен білім алушылар қатысты
Басқосуда жас зерттеушілердің өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктері талқыланды
Фото: kaznu.kz 18.10.2022 16:31 2922

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай жас ғалымдар мен үздік білім алушылардың форумы өтті, деп хабарлайды El.kz.

Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, университет басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамының өкілдері, докторанттар, магистранттар мен білім алушылар қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта жаңғыртып, ұлттық мереке ретінде атап өтуді бекіткен болатын. Еліміз үшін маңызды, айтулы мереке қарсаңында өздеріңізбен кездесудің ерекше маңызы бар. Сіздер еліміздің болашағы, Жаңа Қазақстанды құрушы жаңа буын өкілдерісіздер», – деді Жансейіт Түймебаев.

Сонымен қатар ол жастарды білім алып, білікті маман болуға шақырды.

«Білім ордасы жас ғалымдарды қолдау жүйесін одан әрі жақсартудың тиімді механизмдеріне қолдау көрсетуде. Универиситеттегі факультеттер, кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық зертханалар мен ғылыми орталықтардың барлығы сіздердің толыққанды білім алуларыңызға қызмет етеді. Осы игіліктерді дұрыс пайдаланып, ғылымды игеріп, білікті маман болыңыздар», – деді ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры.

Ал География және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушысы, ғылыми қызметкері Нұрұлы Елдар аталған форумның жастарға арналып ұйымдастырылып отырғанына тоқтала кетті.

«Республика күніне орай жастар форуымын өткізудің маңызы зор. Себебі жастар – еліміздің болашағы. Бұл іс-шара жас ұрпақты қолдау үшін ғана емес, олардың ғалым ретінде мүмкіндіктерін арттырып, білімін толықтыру үшін өтті десе де болады», – деді ол.

Басқосуда жас зерттеушілер, жаңа буынның өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктері мен алдағы жоспарлары қарастырып, талқыланды. Сондай-ақ зерттеулерді коммерцияландыру және жас ғалымдардың ғылыми қызметінің басқа да сұрақтары қаралды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға