©El.kz коллажы

Басқармадағы дау: Сәпиев пен оның орынбасары қызметінен босатылды

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов қызметтерінен өз еркімен босатылды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігі ресми түрде хабарлады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Еске сала кетейік, 23 қаңтар күні Қарағандыда басқарма басшысы мен оның орынбасары арасында жанжал шыққаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбаларда Серік Сәпиевтің қызметтік кабинетке костюммен кіріп, аз уақыттан кейін жейдесімен асығыс шығып кеткені көрінеді. Ал тағы бір видеода басқарма басшысын кабинеттен орынбасары итеріп шығарып жатқан сәт тіркелген.

Сәпиев мұның артында ықпалды адамдар тұрғанын айтқанымен, кейіннен ММА мен джиу-джитсудан әлем чемпионы, аралас жекпе-жек сарапшысы Айдар Махметов екі тараптың өзара келісімге келгенін, дау толық шешілгенін мәлімдеді. Бұл ақпаратты Серік Сәпиев те растаған еді.

Алайда Дәурен Есімханов бұл пікірмен толықтай келіспейтінін аңғартты. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында интернет пен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметтердің нақты жағдайды толық көрсетпейтінін атап өтті.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында объективті шындыққа сәйкес келмейтін деректер тарап жатыр. Арандатуға және бұл жағдайды ушықтыруға тырысқан жекелеген адамдардың әрекетіне ермеулеріңізді сұраймын, – деп жазды Есімханов.

Осы оқиғаға байланысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та пікір білдіріп, асығыс шешім қабылдауға және алдын ала баға беруге болмайтынын ескертті.

Қандай жағдай болса да, оған құқықтық тұрғыдан баға берілуі тиіс. Әрбір тәртіп бұзушылық жазасыз қалмауы керек. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың жұмысы заң аясында, еш кедергісіз жалғасуы қажет. Бұл оқиға бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арнайы тексеру жүргізеді, ал басқарма қызметі жан-жақты аудиттен өтеді. Тергеу аяқталған соң барлық әрекетке құқықтық баға беріледі, – деді облыс әкімі аппарат жиынында.

Жүргізілген тексеріс қорытындысында Әдеп кодексінің талаптары бұзылғаны айтылып, мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берілгені көрсетілген. Ресми мәліметке сәйкес, Серік Сәпиевтің қоғамдық ортада өзін лайықсыз ұстағаны, ұжымдағы қалыпты жұмыс атмосферасын сақтауға ықпал етпегені және орынбасарына қатысты әдепке сай емес әрекет жасағаны атап өтілген.

Ол қоғам алдында мемлекеттік органның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол беріп, ұжымда кәсіби әрі оң жұмыс қарым-қатынасын нығайтуға ықпал етпеген, сондай-ақ әріптесіне қатысты этикаға жат мінез-құлық танытқан, – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, Серік Сәпиев – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы. Ал оның орынбасары Дәурен Есімханов – самбо және жауынгерлік самбодан Азия және әлем біріншіліктерінің жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы.