Жаңалықтар

Басқа елдерден келген этникалық қазақтарға 55 «Ата жолы» картасы берілді

Басқа елдерден келген этникалық қазақтарға 55 «Ата жолы» картасы берілді
Фото: ҚР ЕХӘҚМ 22.07.2024 12:27 572

Бизнес-иммигранттар және сұранысқа ие мамандар болып табылатын басқа елдің азаматтарына – этникалық қазақтарға Қазақстанда 10 жыл өмір сүруге және жұмыс істеуге құқық беретін 55 «Ата жолы» картасы берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, жергілікті атқарушы органдарға «Ата жолы» картасын алуға барлығы 75 өтінім түсті. 2023 жылы 44 карта: бизнес-иммигранттарға 20 карта және сұранысқа ие мамандарға 24 карта берілді. Биыл 11 карта берілді: бизнесмендерге 5 және сұранысқа ие мамандарға 6 карта.

«Ата жолы» картасын алғандардың арасында инженер-физик, инженер-математик, химиялық технологтар, жақ-бет хирургиясы дәрігерлері, педиатрлар және т.б. сияқты мамандар бар, олар 15 елден келді: Ресей, Қытай, Ауғанстан, Моңғолия, АҚШ, Австрия, Израиль, Германия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Нидерланд, Финляндия, Франция және Түрікменстан.

«Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып беріледі.

«Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады және еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін дербес таңдайды.

«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақ басқа елдің азаматы бола отырып, Қазақстан азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие болады, бұл оның қандастан ерекшелегі.

«Ата жолы» картасының иегерлері (және олардың отбасы мүшелері) мынадай құқытарға ие:

- медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерде әлеуметтік төлемдер алу және қызмет көрсету;

- ҚР Еңбек кодексіне және «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан аумағында жұмысқа орналасу;

- ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және өзге де құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;

- «Білім туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында тегiн орта бiлiм алу, мемлекеттiк орта арнаулы және/немесе жоғары оқу орындарында конкурстық негiзде тегiн орта арнаулы және/немесе жоғары бiлiм алу, жеке оқу орындарында ақылы білім алу;

- «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу;

- азаматтық саласындағы халықаралық шарттарға және ҚР заңнамалық құқықтық актілеріне сәйкес жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу.

«Ата жолы» картасы бар адамдардың сайлауға және ҚР Парламенті мен мәслихаттарына сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ және мемлекеттік қызметке кіре алмайды.

Егер «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алса, карта жарамсыз деп танылады.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың шілдесінен бастап шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін елге жеңіл кіру/шығу мәселесі пысықталған «Ата жолы» картасы енгізілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға