Жаңалықтар

Басбатыр тауы туралы не білесіз?

Киелі төбе
Басбатыр тауы туралы не білесіз?
04.06.2017 09:41 11964

Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Дегерес  тауымен қатарлас Басбатыр биігі жатыр. Бұл тауды ауызға алғанда біз қазақ халқының қалыптасу тарихына үңілмей өте алмаймыз.

Бір қызығы аталмыш тау туралы ұлттық энциклопедиядан дерек кезіктіре алмадық. Нақтырақ айтсақ, Іле Алатауының бөктерінде, Қордай асуынан берірек (Алматыға қарай) жатқан тауды жергілікті халық киелі мекенге балайды. Биік таудың Басбатыр аталуына шапырашты Наурызбай батырдың түменбасылардың бас батыры аталынып, ту тігуіне қатысты  оқиға себеп болған. Қазақтың хас батыры Наурызбайдың дүниеге келген мекені де осы жер деп есептелетін деректерді де кезіктіруге болады. Бұл жермен кезінде кеуделей бағыт түзеп Ұлы Жібек жолы өткен. Тіпті бұл аймақты қазақ халқының тұңғыш территориясы деп қастерлеуге де болады. Себебі қазақ хандығының құрылуын біз Қозыбасы тауымен тікелей байланыстырамыз. Ал Басбатыр тауы сол Қозыбасының бір сілемі. Ғұлама бабамыз Мұхаммед Хайдар  Дулати «Тарихи- Рашиди» атты еңбегінде Жәнібек пен Керейге Есенбұға Моғолстанның батыс жағынан Шу өзенінің Қозыбасы деген жерін бергендігі айтылады. Ол жөнінде белгілі этнограф Жағда Бабалық та бір еңбегінде «Қазыбасы төбесі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Суықтөбе тауынан қашық емес»,- деп айтып өткен. Абылай ханның бас батырларының бірі болған Наурызбай батырдың дәл сол төбеге ту тігуінің жөні бар. Себебі бұл төбенің басынан Қопа жазығы айқын көрінеді. Ол жазықтың арғы жағында  қазақ үшін ұлы шайқас, сұрапыл соғыс өткен жер – Аңырақай жатыр. Демек киелі төбе  жаудың саны мен шайқасқа даярлығын бақылауға қолайлы нүкте болған. Дәл сол Аңырақайдың кіре берісінде, тасқа қашалған тарихымыз – Таңбалытас жатыр. Жоңғардың атақты қолбасылары Қаскелең мен Шамалғанды жекпе-жекте жеңіп даңқа бөленген Наурызбай батырдың кесенесі – сол Басбатыр тауының баурайында.

Бұл күнде Басбатырдың баурайында Дегерес ауылы орналасқан. Ауылдың аты Басбатыр тауынан кейінгі Дегерес  тауына қатысты қойылған. Бір қараған адамға ауыл екі таудың ортасындағы сайда орналасқан секілді әсер береді. «Келінка Сабина» киносындағы табиғаттың әсем көрінісі осы ауыл мен Басбатыр баурайында түсірілген.

Қазақ хандығының құрылуы мен Аңырақай шайқасын, одан әріреректегі тасқа қашалған тарихқа тағзым жасағанды құп көретін азаматтар ат басын Басбатыр сілеміне де бір бұрып өтеді. Таудың дәл төбесіне қазір көлік көтеріледі.  Жергілікті тұрғындар ту тігілген нүктеден төменге қарағандағы әсердің өзгеше екендігін айтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға