Жаңалықтар

Бас редакторлар газеттің бүгіні мен келешегін талқылады

«Бас редакторлар форумы» барысында айтылған барлық өзекті мәселелер мен оларды шешу үшін бағытталған ұсыныстар пысықталып, хаттама түрінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолдады
Бас редакторлар газеттің бүгіні мен келешегін талқылады
Фото: Бас редакторлар клубы 28.10.2022 13:47 3225

Astana Media Week 2022 медиа апталығы аясында «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері бас қосып, дәстүрлі және жаңа медианың серіктестігі мен бәсекелестігі, аймақтық БАҚ: бүгіні мен болашағы, журналистер арасындағы медиасауаттылық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz.

Форумның ашылуында «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 15 жыл толғанын атап өтті.

– 2007 жылғы қазан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық бірлестікте 300-ден астам мүшесі бар. Олардың арасында ақпарат құралының бас редакторлары мен жетекшілері белсенді қоғамдық жұмысқа араласып келеді. Бас редакторлар клубының негізгі мақсаты – мемлекетте шығармашылық атмосферасын нығайту, бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті арттыру, – деді бірлестіктің вице-президенті.

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр медиа саланың, соның ішінде баспасөз саласының авторлық қаламақысын қайтару және журналист статусы секілді өзекті мәселелерге тоқталды.

Оңтүстік және Шығыс Қазақстан, Алматы мен Астана қаласындағы медиа сфераның басшылары өңірлік жоғары оқу орындарындағы журналистика кафедралары жабылмау керектігін атап өтті. Кадр тапшылығына қатысты өз пікірін «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы білдірді.

«Бас редакторлар форумы» барысында айтылған барлық өзекті мәселелер мен оларды шешу үшін бағытталған ұсыныстар пысықталып, хаттама түрінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға