Бас прокуратурада бизнес мәселелері талқыланды
2022 жылғы 29 қыркүйекте Бас прокуратурада Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі, «Атамекен» ҰКП, негізгі министрліктер басшыларының, Парламент депутаттарының, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар, бизнес және адвокаттық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешу бойынша тапсырмаларын іске асыру қорытындылары талқыланды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми сайтында жарияланды.
Іс-шараны ашқан Бас Прокурор Берік Асылов қазіргі жаһандық сын-қатерлер мемлекет және кәсіпкерлер үшін де жаңа «ойын ережелерін» талап ететінін айтты. Сондықтан өзара әрекеттесудің жаңа деңгейі қажет болатынына назар аударды.
Бұл ең алдымен, бизнесті заңсыз тексерулерден және әкімшілік кедергілерді қысқартудан қорғауға, кәсіпкерлерді қылмыстық шеңберге негізсіз тарту фактілерінің жолын кесуге, сондай-ақ осы салаларды цифрландыру мен автоматтандыруға қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында тексерулерді 7 есеге қысқартуға қол жеткізілді.
Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі (ТСОБТ) автоматтандырылған жүйе арқылы жыл сайын мыңдаған заңсыз тексерулердің жолын кеседі. Соңғы бір жарым жылда 35 мың кәсіпкерге қатысты 1,5 млрд теңгеге әкімшілік айыппұлдар алып тасталды.
Бизнес өкілдері Бас Прокурордың а.ж. 2 қыркүйектегі қылмыстық қудалау органдарының атына адал кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тартудан қорғайтын тетіктер мен нақты ережелер жазылған Нұсқауын оң бағалады.
Жаңа талаптарды орындау қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетті.
Егер бұрын кәсіпкерлерге қатысты ай сайын 150-ге жуық қылмыстық іс тіркелген болса, қазір олардың саны төрт есеге азайды.
Жалпы, биыл бизнес субъектілеріне қатысты заңсыз қозғалған 400-ден астам қылмыстық іс тоқтатылды.
Сондай-ақ, қадағалау органында бизнестің әрдайым заңнама талаптарын сақтай бермейтіні атап өтілді. Қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру, салықтан жалтару, капиталдың жылыстауы жалғасып келеді. Әсіресе үлестік құрылыста, еңбек құқықтарын және басқа да салаларда бұзушылықтар кездеседі.
«Бизнеске қолдау көрсете отырып, мемлекет сіздердің тараптарыңыздан заңдардың мүлтіксіз орындалуына сенетініне ерекше назар аударғым келеді», - деді Берик Асылов.
Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов прокуратура органдары құрылып жатқан экожүйенің маңызды бөлігі, ал кәсіпкерлер мен негізгі министрліктердің қадағалау органы алаңында кездесуі прокуратура органдарының бірлескен диалогқа ашық екендігінің тағы бір дәлелі екенін жеткізді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов прокуратура органдарымен тиімді ынтымақтастық туралы баяндады. Бизнес-омбудсмен оларды шешу үшін аумақтық прокурорларды жұмылдыруды қажет ететін кәсіпкерлердің бірқатар проблемаларын ортаға салды.
Прокуратура органдары мен бақылаушы органдар жұмысының жаңа форматы туралы депутаттар мен адвокаттар қоғамдастығының өкілдері өз көзқарастарын білдірді.
Кездесу соңында бизнесті қорғау бойынша 2023 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданды.