Жаңалықтар

Бас прокуратура: 2021 жылдан бастап заңсыз басталған 1,5 мыңға жуық қылмыстық іс тоқтатылды

Сондай-ақ кәсіпкердің қаражатты үнемдеу нәтижесінде пайда табу фактілері, егер бұл орындалған жұмыстың сапасына теріс әсер етпесе, тергеп-тексеруге жатпайды.
Бас прокуратура: 2021 жылдан бастап заңсыз басталған 1,5 мыңға жуық қылмыстық іс тоқтатылды
Фото: ашық дереккөзден 06.09.2022 04:38 1576

Қылмыстық процесте бизнесті қорғау – прокуратура органдары жұмысының басты бағыттарының бірі, деп хабарлайды EL.KZ Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Дәл осы салада кәсіпкерлер ең қатал қысымға тап болады. Тергеу барысында мүлікке тыйым салынады, тінту, жауап алу, құжаттарды алу сынды әрекеттер жүргізіледі.

Тек қана 2021 жылдан бастап заңсыз басталған 1,5 мыңға жуық қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл ретте, кеңселерде 2 мың тінту мен алу жүргізілген, 60 кәсіпкердің мүлкі тәркіленген.

Прокурорлар жекелеген тергеу органдарының штаттық мамандардың қорытындылары негізінде бизнеске қарсы іс қозғау практикасын кеңінен қолданғанын анықтады. Қылмыстық орбитаға жүздеген кәсіпкерлер тартылған.

Бұл ретте, мамандардың тұжырымдары жеткілікті мәліметтермен бекітілмеген және де сот сарапшылары тарапынан  жиі теріске шығарылған.

Осыған байланысты, адал бизнесті қылмыстық орбитаға тарту фактілерін азайту мақсатында Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдарының заңсыз іс-әрекеттері мен шешімдерінің жолына жедел тосқауыл қою үшін қосымша шаралар әзірледі.

Бас Прокурор барлық қылмыстық қудалау органдарына кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін қатаң регламенттейтін нұсқау жолдады.

Атап айтқанда, азаматтық-құқықтық сипаттағы арыздар мен хабарламаларды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркеуге тікелей тыйым салынды.

Жаңа талап ретінде тексеріс, ревизия немесе аудит актілеріне шағым жасау мерзімдерінің қолданылу кезеңінде кәсіпкерлік субъектісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеуге тыйым салу қағидаты енгізілді.

Сондай-ақ кәсіпкердің қаражатты үнемдеу нәтижесінде пайда табу фактілері, егер бұл орындалған жұмыстың сапасына теріс әсер етпесе, тергеп-тексеруге жатпайды.

Бұл бірінші кезекте мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік компаниялардың тендерлері бойынша жұмыстарға қатысты.

Қылмыстық қудалау органдарына штаттық криминалист мамандардың ресми қорытындыларын тергеуді бастауға негіз ретінде пайдаланбау тапсырылды.

Мұндай жағдайларда келтірілген залал туралы мәліметтер қылмыстық қудалау органдарына растаушы құжаттарға негізделген және бұзылған құқықтың нақты нормаларын көрсететін нақты және объективті деректер қамтылған тәуелді емес мемлекеттік органдар мамандарының қорытындыларымен бекітілуі тиіс.

Прокурорларға бір тәулік ішінде әрбір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын тексеру және осы кезеңде бұзушылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалауды дереу тоқтату тапсырылды.

Бұдан басқа, прокурорлар тұрақты түрде бизнес субъектісіне қатысты жасырын тергеу әрекеттеріне бастамашылық жасаудың және оларды жүргізудің, сондай-ақ мүлікке билік етуге уақытша шектеулер қоюдың негізділігін дереу тексеруге міндетті.

Прокурорлар заңдылықтың бұзылуын анықтаған жағдайда, заңсыз шешімдердің күшін жоюдан басқа, барлық кінәлі лауазымды тұлғалардың, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін, жауаптылығы туралы мәселе қою тапсырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға