Барселонада Мессидің құрметіне музей ашылады
«Барселона» футбол клубы өзінің бұрынғы ойыншысы Лионель Мессиді қайтару үшін барын салып бағуда. Бұған каталониялықтардың Мессидің құрметіне мұражай ашуды жоспарлап отырғаны дәлел болса керек, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Барса» басшылары «Ноу Камп» аренасында орналасқан клуб академиясының ғимаратын Лео Месси мұражайына айналдырмақ. Клуб басшылығы жаңа нысан әлемнің түкпір-түкпірінен туристер мен жанкүйерлерді тартатын орынға айналады деп сенеді. Сол арқылы 2022 жылғы әлем чемпионатының үздік ойыншысымен келісімшартқа отыру шығындарын ішінара жабудан дәмелі.
Лионель Мессидің ПСЖ-мен келісімшарты осы жазда аяқталады, сондықтан ол еркін агент ретінде өзіне ыңғайлы клубты таңдай алады.
Каталон клубы мұражай ашу арқылы Мессиді «Барсаға» оралуға көндіргісі келеді. Ал бұл жоспардың қаншалықты жемісін беретінін уақыт көрсетер.
La Parisien мәліметінше, Месси ПСЖ-дан жалақы көтеруін талап еткен, дегенмен басшылық аргентиналық жұлдыздың бұл өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.