«Бәрімізге белгілі». Ішкі істер министрлігінің өкілі мектеп оқушылары арасында буллинг барын ашық айтты
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев балалар арасындағы буллингке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БАҚ өкілі Сұлтанбаевқа «Қоғамда балаларға жасалатын қылмыс көбейіп жатыр. Жалпы министрлік бұл мәселенің қалай алдын алып жатыр?» деп сұрақ қойды.
Расымен, кәмелетке толмағандарға ересектердің тарапынан жасалатын қылмыстардың саны өсті. Қылмыстардың өсуіне себеп, біріншіден – жол апаттары. Жасөспірімдердің көбісі жол апаттарының салдарынан дене жарақаттарын алып немесе қайтыс болады. Екінші мәселе – кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу. Үшіншіден – бопсалау, - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.
Қайсар Сұлтанбаевтың сөзінше, бұл мәселелер жасөспірімдер арасындағы буллинг пен суицидтің артуына алып келеді.
Буллинг, суицид жастар арасында белең алып тұрған мәселелердің бірі. Тереңіне үніліп қарайтын болсаңыз, ол жерде бір мәселе бар. Физикалық жағдайы мықты, сол мектептің формальды емес лидері қасына 2-3 балаларды жинап әлсіздерді кемсітіп, ұрып-соғу арқылы ақша алатыны бәрімізге белгілі. Буллинг те, суицид те соның салдарынан болып жатыр, - деді ол.
Сұлтанбаев осы мәселеге байланысты Ішкі істер министрлігінде арнайы шешім қабылданғанын айтты.
Жедел уәкілдерді учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен бірге қосып, топ құрап, сол мектептерге арнайы жібердік. Соңғы 2-3 айдың көлемінде осындай 6 топ бүгінге дейін бұғатталып отыр. Бұл жұмыстың бастамасы ғана. «Қазақта ауруын жасырған өледі» деген мақал бар. Сондықтан бұл "ауруды" жасырмай, онымен жұмыс істеуіміз керек, - деді ІІМ өкілі.
Айта кетейік, Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОСК-да кәмелетке толмағандар арасындағы қауіпсіздік және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері жөнінде баяндама оқыды.