«Бәрібір ЖИ-мен орындайды». Оқушыларға үй тапсырмасын бермеу дұрыс па?
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «енді ескі жүйемен үй тапсырмасын беруге болмайды» деген мәселе көтеріп, білім беру жүйесіндегі бағалау мен бақылау тәсілдерін қайта қарау қажеттігін айтты. Депутаттың бұл мәлімдесі білім беру жүйесінде қалыптасқан тәжірибені өзгертетін уақыт келді дегенін меңзейді. Осыған байланысты біз Оқу-ағарту минстрлігінің ресми жауабын және сала сарапшыларының пікірін негізге ала отырып, үй тапсырмасының бүгінгі рөлі мен болашағына талдау жасадық.
Ескі тәсілдер неге тиімсіз?
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім беру жүйесінде тек оқу мазмұны ғана емес, бағалау тәсілдері де түбегейлі өзгеруі тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда оқушыларға бұрынғыдай үй тапсырмасын беру тиімсіз.
Ескі форматтағы үй тапсырмасын қазір сол күйінде қалдыру мүмкін емес. Өйткені оқушы үйіне барып, жасанды интеллект көмегімен тапсырманы орындап, оны дайын күйінде мұғалімге тапсырады, – деді депутат.
Халық қалаулысы әлемде емтихан өткізу форматы да айтарлықтай өзгеріп жатқанын атап өтті. Айтуынша, дәстүрлі тестілеу тәсілдері біртіндеп қолданыстан шығып келеді.
Қазір көптеген елдерде емтихандар тест түрінде емес, көбіне ауызша форматта өткізіле бастады. Жазбаша емтихандардың өзі азайып келеді. Бұл – жасанды интеллекттің дамуына байланысты бұрынғы, яғни адам ойлауына тікелей негізделген форматтарға қайта оралу үрдісі, – дейді ол.
Асхат Аймағамбетов сабақ барысында оқушыларды бағалау мәселесі де өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, баланың білімін тек тест арқылы анықтау барған сайын қиындап барады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бағалауды бұрынғыдай тек тестке негіздеу қиын. Сондықтан логикалық ойлау, сыни тұрғыдан талдау, кітап оқу дағдылары ерекше маңызға ие болып отыр. Дебат үйірмелері де – білім берудің тиімді технологияларының бірі. Ал кітап оқу жасанды интеллект дәуірінде тіпті маңызды, – деді мәжілісмен.
Сонымен қатар депутат оқушылардың бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасауының да маңызын атап өтті.
Балалардың үзіліс кезінде өзара сөйлесуі, пікір алмасуы – олардың әлеуметтік дағдыларын қалыптастырады. Сол себепті сабақ барысында телефон қолдануды шектеу туралы шешім қабылданды, – деді депутат.
Оқи отырыңыздар:
- «Тиімділігін көріп тұрған жоқпын». Жұлдыз Сүлейменова авторлық бағдарламаларды сынады
- 2026 жылы ақшаны қай валютада сақтау тиімді? Сарапшылар кеңесі
Құзырлы орган не дейді?
Осы мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігіне сұрау салған едік. Ақпараттарына сүйенсек, үй тапсырмасы қазіргі таңда ескі механикалық жаттауға негізделген құрал ретінде емес, оқу процесін қолдаушы тетік ретінде қарастырылады. Оның негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу материалын бекітуі, оны қолдануы және терең түсінуі.
Министрлік өкілдері үй тапсырмасының көлемі мен күрделілігі оқушының жас ерекшелігіне, жеке қабілетіне, сондай-ақ сыныптың оқу мақсаты мен материалды меңгеру деңгейіне қарай әртүрлі болатынын атап өтті. Қазіргі білім беру процесінде басты басымдық тапсырманың көптігіне емес, оқу нәтижесін арттыруға және функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға беріледі.
Қандай үй тапсырмалары ұсынылады?
Министрлік дәстүрлі тапсырмалармен қатар, үй жұмысының келесі заманауи форматтарын қолдануды ұсынады:
- практикаға бағытталған тапсырмалар;
- шығармашылық, жобалық және зерттеу жұмыстары (шағын жобалар, кейстер, зерттеу сипатындағы тапсырмалар);
- ақпаратты іздеу, талдау, салыстыру және жинақтауға арналған тапсырмалар;
- интерактивті, автоматты түрде тексерілетін онлайн тапсырмалар;
- дәстүрлі жаттығулар мен цифрлық форматтардың (бейнеролик, подкаст, инфографика) үйлесімі;
- жекелендірілген тапсырмалар, соның ішінде жасанды интеллект көмегімен оқушы деңгейіне бейімделген жаттығулар.
Қалай реттеледі?
Жалпы білім беру ұйымдарында үй тапсырмасын жоспарлау және ұйымдастыру 2017 жылғы 24 сәуірде бекітілген №182 бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта бұл құжатқа цифрлық білім беру технологиялары мен жасанды интеллектті ескере отырып өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министрліктің хабарлауынша, жаңа өзгерістер аясында:
- үй тапсырмасының көлемі мен мазмұнын оңтайландыру;
- репродуктивті тапсырмалардан сыни ойлау мен өзіндік оқу дағдыларын дамытатын форматтарға көшу;
- цифрлық ресурстар мен ЖИ қолдану;
- формативті бағалауды жетілдіру;
- академиялық адалдық қағидаттарын сақтау;
- оқушылардың цифрлық мәдениетін қалыптастыру;
- оқу жүктемесін азайтып, балалардың денсаулығын қорғау көзделіп отыр.
Үй жұмысын қалай өзгерту керек?
Жамбыл облысы №17 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Жанбабаеваның айтуынша, Қазақстан мектептерінде үй тапсырмасын беру форматы түбегейлі өзгерді деу әзірге ерте. Бүгінде білім беру жүйесі өтпелі кезеңде тұр, ал жасанды интеллекттің кеңінен қолданысқа енуі бұрынғы үй тапсырмаларының әлсіз тұстарын айқын көрсетіп отырғанын жеткізді.
Асхат Аймағамбетов көтерген мәселе – орынды, себебі жасанды интеллект жағдайында біртипті, интернеттен немесе дайын үлгіден көшіріп орындауға болатын тапсырмалар өзінің педагогикалық мәнін жоғалта бастады. Дегенмен мектеп тәжірибесінде дәстүрлі үй тапсырмасы әлі де сақталып отыр. Мұғалімдер сабақта алған білімді бекіту үшін күнделікті үй жұмысы қажет екенін жоққа шығармайды. Бірақ ол жүйелі, қысқа әрі баланың жас ерекшелігі мен даму деңгейін ескеріп берілуі тиіс, – дейді ол.
Алайда практикада бұл талаптар әрдайым орындала бермейді. Гүлмира Жанбабаеваның айтуынша, оқу бағдарламасының ауқымдылығы мұғалімдерді үй тапсырмасын бұрынғы тәсілмен беруге мәжбүрлеп отыр.
Өйткені тапсырмалар өте ауқымды. Сондықтан бүгінгі шындық – өзгеріс бар, бірақ ол жүйе әлі де ауыл мектебінде сипат алған жоқ, жекелеген мектептер мен мұғалімдердің деңгейінде ғана қалуда, – дейді маман.
Гүлмира Жанбабаеваның пікірінше, үй тапсырмасы оқушының жеке потенциалын ашуға бағытталуы керек. Теория жүзінде дифференциация, яғни баланың деңгейіне қарай тапсырма беру қажеттігі жиі айтылғанымен, іс жүзінде бір сыныпқа бірдей тапсырма беріледі. Бұл бір оқушы үшін тым жеңіл, екіншісі үшін шамадан тыс ауыр болуы мүмкін. Нәтижесінде үй тапсырмасы оқушыны дамыту құралы емес, формалдылыққа айналады. Ал шын мәнінде тиімді тапсырма баланың ойлауын, пайымдауын, өз ойын дәлелдеп жеткізу қабілетін дамытуы тиіс.
Ал А.Байтұрсынұлы атындағы білім академиясының директоры, үй жағдайындағы «Qyzyq mektep» жобасының авторы Ұлан Еркінбай бастауыш сыныптарда үй тапсырмасына деген көзқарас түбегейлі қайта қаралуы керек деп санайды.
Оның айтуынша, бастауыш білім берудегі негізгі мақсат – баланы тапсырма арқылы тәртіпке салу емес, өмірге, білімге қызықтыру, танымдық құштарлығын ояту.
Ұлан Еркінбайдың пікірінше, үй тапсырмасы – себеп емес, салдар. Негізгі мәселе баланың қызығушылығы мен ішкі уәжін оятуда. Егер ұстаз балада танымдық құштарлықты қалыптастыра алса, үй тапсырмасын мәжбүрлеп орындатудың өзі қажет болмайды.
Мұндай жағдайда оқушы өздігінен ізденеді, зерттейді, тақырыпты қызығып меңгереді. Сарапшы «үй тапсырмасы» ұғымының өзі білім беру философиясына толық сай келе бермейді деп есептейді. Оның орнына «тақырыпты игеру», «зерттеу», «түсіну», «тану» сияқты ұғымдарды қолдану қисындырақ екенін айтады.
Tamos Space School мектебінің директоры Нұрболат Бисенғалиев үй тапсырмасы мәселесіне біржақты қарауға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, бұл сұрақты Қазақстанның білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып талдау қажет.
Мен білім саласында шамамен 16 жылдан бері еңбек етіп келемін. Соның ішінде 10 жылға жуық Назарбаев зияткерлік мектептерінде жұмыс істедім, төрт жыл халықаралық мектепті басқардым. Вьетнамда халықаралық білім беру жүйесінде тәжірибе жинадым. Қазір Астанадағы Tamos Space School жекеменшік мектебінің директорымын», – дейді ол.
Білім сарапшысының айтуынша, үй тапсырмасы төңірегіндегі басты мәселе – «беру немесе бермеу» емес, оны қандай жағдайда және қалай беру керек деген сұрақ.
Ата-аналардан шағым бар ма?
Соңғы жылдары үй тапсырмасының көлеміне қатысты ата-аналардың наразылығы да күшейе түскен. Баланың күні бойы мектепте болып, кешке тағы ұзақ уақыт тапсырма орындауы – жиі көтерілетін мәселе.
Наразылықтың көбеюі бұл кездейсоқ емес. Үйге берілген тапсырманы мұғалім сыныпта түсіндіріп, орындалу барысында баланың өзі еркін орындай алатындай болуы керек. Ата-аналар баласының күні бойы мектепте отырып, кешке тағы да ұзақ уақыт тапсырма орындауына алаңдайды. Мұғалімдер де баланың шаршап келетінін, зейінінің төмендейтінін байқап отыр. Негізгі қиындық оқу бағдарламасының көлемі мен оқу уақытының арасындағы сәйкессіздікті көрсетеді, – дейді Гүлмира Жанбабаева.
Мұндай ахуал ата-ана, бала және мұғалім арасындағы жасырын шиеленіске әкеліп отыр.
Qyzyq mektep» жобасының авторы Ұлан Еркінбайдың айтуынша, бастауышта жазып келу, көшіру, жаттау сияқты әрекеттер мүлде болмауы керек деген сөз емес. Бірақ олар негізгі мақсатқа айналып, «міндетті тапсырма» деңгейіне көтерілген сәттен бастап, білім беру процесі ұтыла бастайды.
Мұндай жағдайда қоғам да, мұғалім де, ата-ана да, ең бастысы – бала да ұтылады. Себебі бала тапсырманы қызығушылықпен емес, міндет ретінде қабылдайды. Ал егер ол әрекет баланың өз еркімен, ішкі қызығушылығымен жасалса, тапсырма жұмысқа емес, жаңалық ашуға, зерттеуге, өзін дамытуға айналады. Бұл тәсіл тек оқушы үшін ғана емес, ата-ана, мектеп, қоғам және мемлекет үшін де әлдеқайда тиімді, – дейді.
Сондай-ақ Нұрболат Бисенғалиев ата-аналардың «үй тапсырмасы тым көп» деген уәжімен ішінара келісетінін жасырмайды. Оның айтуынша, мұғалімдердің барлығы бірдей тапсырманы дұрыс жүйелей бермейді.
Бес саусақ бірдей емес. Кейбір мұғалімдер үй жұмысын тек пысықтау үшін береді, ал кейбірі зерттеу немесе шығармашылық тапсырмалар ұсынады. Бұл жерде бір стандарт қажет, – дейді ол.
Tamos Space School тәжірибесінде үй тапсырмасының арнайы саясаты барын айтты.
Біз мұғалімдерге үй тапсырмасын үйіп-төгіп бермеуді талап етеміз. Қарапайым 30 есептің орнына 5-6 логикалық, ойландыратын тапсырма берген дұрыс немесе бір-екі апта бұрын берілетін шағын зерттеу жұмыстары тиімді, – деп атап өтті директор.
Нұрболат Бисенғалиев үй тапсырмасы қажет екенін, бірақ оның форматы мен көлемі түбегейлі қайта қаралуы тиіс екенін тілге тиек етті.
Мәселе үй тапсырмасын алып тастауда емес, оны баланың ойлау қабілетін дамытатындай етіп ұйымдастыруда, – деді.
ЖИ мен оқушының жұмысын қалай ажыратуға болады?
Tamos Space School мектебінің директоры Нұрболат Бисенғалиев қазір балалардың үй тапсырмасын ЖИ арқылы орындауы мүмкін деген пікірмен келіседі.
Технологияны жоққа шығаруға болмайды, бірақ мектепте біз телефон қолдануға тыйым саламыз. Ал логикалық немесе зерттеу тапсырмаларын жасанды интеллект толықтай баланың орнына ойланып бере алмайды, – дейді ол.
Гүлмира Жанбабаева соңғы жылдары оң өзгерістер де бар екенін атап өтті. Кейбір мұғалімдер механикалық жаттауға негізделген тапсырмаларды азайтып, оқушының ойлауын талап ететін жұмыстарға көше бастаған.
Мәселен дайын жауапты жазу емес, өз пікірін білдіру, өмірмен байланыстыру, бақылау жүргізу, салыстыру, шағын зерттеу жасау сияқты тапсырмалар беріле бастады. Мұндай жағдайда оқушы дайын мәтінді көшіріп қоя салмайды, ойлануға мәжбүр болады. Бұл – дұрыс бағыт, бірақ ол әлі жалпы жүйеге айналған жоқ, – деді ол.
Айтуынша, мұғалім оқушының тапсырманы өзі орындағанын немесе сыртқы көмектің болғанын көп жағдайда байқай алатынын айтады. Өйткені күнделікті сабақ барысында мұғалім баланың ойлау стилін, сөздік қорын, пәнді меңгеру деңгейін жақсы біледі.
Егер жазбаша жұмыс пен ауызша жауаптың деңгейі сәйкес келмесе, мұғалімде сұрақ туындайды. Бірақ бұл жерде басты мәселе бақылауда емес. Ең дұрысы – жасанды интеллект көмектесе алмайтын немесе көмектескеннің өзінде оқушының ойлауын алмастыра алмайтын тапсырмалар форматына көшу, – деді №17 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Жанбабаева.
Ұлан Еркінбай қазіргі білім беру жүйесінде үй тапсырмасынан толық бас тарту мүмкін емес екенін жеткізді.
Бұл жасанды интеллектке ғана байланысты емес, жүйелік мәселелермен, соның ішінде кадр тапшылығымен де тікелей байланысты. Барлық мұғалім баланың жан дүниесіне үңіліп, гуманистік тәсілді басты басымдық ете алмайды. Сол себепті тапсырма беру, оны талап ету әлі де негізгі құрал ретінде сақталып отыр, – деді.
Шетелдік тәжірибе не ұсынады?
Әлем тез өзгеріп жатыр және білім беру бұл өзгерістерден тыс қалмайды. Заманауи білім беру – бұл педагогтардан тұрақты кәсіби өсу мен жаңа жұмыс әдістерін меңгеруді талап ететін динамикалық процесс. Цифрлық дәуір педагогтар мен оқушыларға жаңа талаптар қойып отыр.
Гүлмира Жанбабаева шетелдік тәжірибеге де назар аударды. Финляндия, Сингапур, Солтүстік Америка елдерінде үй тапсырмасынан толық бас тартылмағанымен, оның мазмұны қайта қаралған. Бұл елдерде үй жұмысы баланың дербестігін, рефлексиясын және ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған. Жасанды интеллект қауіп емес, оқу процесін байытатын құрал ретінде қабылданады.
Сарапшының пайымынша, үй тапсырмасы – жойылуы тиіс ескі жүйе емес, заман талабына сай жаңартуды қажет ететін педагогикалық құрал. Негізгі шешім тыйым салуда емес, теңгерімді әрі ғылыми негізделген өзгерістерде жатыр. Ол үшін:
- үй тапсырмасының көлемін қысқарту,
- мазмұнын сапалық тұрғыда өзгерту,
- оқушының жас және психологиялық ерекшеліктерін ескеру,
- мектеп ішіндегі оқу процесінің тиімділігін арттыру қажет.
Егер бұл қағидат сақталса, үй тапсырмасы оқушыға жүк емес, дамудың құралына айналатынын жеткізді. Tamos Space School мектебінің директоры Нұрболат Бисенғалиев Қазақстандағы оқу уақытының өзі шектеулі екенін айтады.
Бізде оқу жылы 34 аптаға ғана созылады. Ал көптеген шетелдік мемлекеттерде, мысалы Вьетнамда, оқушылар 40 апта оқиды. Яғни, бізден алты аптаға артық. Бұл – өте үлкен айырмашылық. Сондай-ақ Қазақстанда әлі де 11 жылдық білім беру жүйесі сақталған, – дейді Бисенғалиев.
Ал халықаралық тәжірибеде кең тараған 12 жылдық жүйеде оқу жүктемесін, соның ішінде үй тапсырмасын реттеу әлдеқайда жеңілірек екенін айтады.
11 жылда біз негізгі пәндерді қысқа уақытқа сыйғызуға мәжбүрміз. Математика, физика, химия, биология сияқты пәндердің сағат саны халықаралық мектептермен салыстырғанда аз, – деді Нұрболат Бисенғалиев.
«Qyzyq mektep» жобасының авторы Ұлан Еркінбай әлемдік педагогикалық тәжірибеде бастауыш сынып оқушысы үшін базалық құндылықтар ретінде баланың көп қимылдауы, мейірім мен қолдау көруі, қауіпсіз әрі жылы ортада өсуі алдыңғы қатарға қойылатынын атап өтеді.
Мұндай жағдайда мұғалімнің мейірімділігі, баламен адами қарым-қатынасы қосымша фактор емес, білім берудің өзегі. Ал Қазақстандағы мектеп жүйесінде әлі де авторитарлық модельдің ықпалы басым. Бұл жүйе кеңестік кезеңнен қалған «сабақты түсіндіріп, үй тапсырмасын беріп, соны талап ету» қағидатына сүйенеді, – дейді.
Бүгінгі білім беру жүйесінде дәстүрлі механикалық үй тапсырмалары жасанды интеллекттің көмегімен тез дайындалып, оқушының ойлау қабілетін дамытудан алыстатып барады. Мәжіліс депутаты көтерген мәселе – тек ескі тәсілдерді алмастыру емес, бағалау мен бақылаудың жаңа парадигмасын енгізу қажеттілігі.
Қазақстандағы жүйе әлі толық бейімделмегенімен, теңгерімді, ғылыми негізделген өзгерістер енгізу арқылы үй тапсырмасы тек жүк емес, оқушының дамуы мен шығармашылығының басты серігіне айналуы мүмкін.

