Жаңалықтар

Бақытты отбасы болу үшін әйел мен еркек тең болуы керек - психолог маман

Бақытты отбасы болу үшін әйел мен еркек тең болуы керек - психолог маман
Фото: © iStock 11.01.2024 17:30 1751

Халқымыздың ежелден бері келе жатқан рухани байлықтарының бірі ол – отбасылық құндылықтар. «Бала айтқанды емес, көргенді істейді», «ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» және «Отан – отбасыдан басталады» атты нақыл сөздердің болуынан қазақтың отбасылық құндылыққа аса мән бергенін аңғаруға болады. Елдің келешегі мен оның болашақта тұтқасын ұстайтын азаматтар тәрбие көріп өскен жанұялардан шығатынын сөзсіз. Бірақ, бүгін балаға отбасыда дұрыс тәлім беріп жүрміз бе? Отбасылық құндылықтарымызды қалай сақтаймыз? Бақытты жанұя болуы үшін не істеу керек? Осы секілді сұрақтарға отандық психологтар пікірлерін білдірді.

Бақытты отбасы болу үшін әйел мен еркек тең болуы керек - психолог маман
Фото: pixibay.com

Отбасы құндылықтарының алғышарты боп саналатын дүние бұл – жанұя мүшелерінің адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Шынында отбасы негізін махаббат сезімі құрайды. Оған қоса, өзара түсіністік керек. Отбасы психологі Ерлан Мұстафиннің айтуынша, отбасында үйлесім болуы үшін олардың ортақ қызығушылықтары болғаны жөн.

Отбасында бірлескен істерді атқаруға дағдылануы керек. Ол кітап оқу, серуендеу, саяхат болуы әбден мүмкін. Бұл отбасыны берік ете түседі. Ортақ құндылық қалыптастыру да өте маңызды. Ерлі-зайыптылардың құндылықтары бөлек болмауы керек, олар ұқсас болуы керек. Егер олар әртүрлі құндылықтардың негізінде өмір сүрсе, өзара түсінісу де қиын болады. Бір-біріне деген сүйіспеншілік пен махаббат ер мен әйелдің арасындағы романтикалық сезімнің негізінде ғана емес, адами сүйіспеншілік ретінде қалыптасуы абзал, - дейді психолог маман.

Бақытты отбасы құрудың өзі – құндылық. Өйткені, қоғам ол жеке адамдардан құралады. Қоғам бақытты адамдардан құралуы үшін соған сай жекелеген әр отбасы мүшесі өзін бақытты сезінуі тиіс. Ал, бұл отбасы құрған ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына байланысты. Білікті психолог, жас жұбайларға кеңес берумен айналысатын маман Тәуекел Ақнұрдың мәлімдеуінше, отау құрған жандардың жанұясының бірлігі берік болуы үшін олар жауапкершілік алудан қашпауы қажет.

Ең бастысы шаңырақ көтеру, неке қию, отбасын құру дегеніміз жаңа мемлекет құру екенін ескерген жөн. Өйткені отбасы ол кіші мемлекет. Ері мен жұбайы өз ролін жауапкершілікпен атқарса онда ол отбасының болашағы бар. Жаңа отау құрғандар жауапкершілік алудан қорықпаса екен деймін,- деп атап өтті Тәуекел.А.

Бақытты отбасы болу үшін әйел мен еркек тең болуы керек - психолог маман
Фото: pixibay.com

Отбасылық құндылықтар тақырыбы қозғалғаннан кейін, қоғамның проблемаларының біріне айналған ажырасу мәселесі туралы да айтып өту керек. Өйткені, қазіргі таңда жаңадан шаңырақ әрбір бесінші жұптың бірлігі ойран болуда. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылдың қаңтар мен желтоқсан айлары аралығында 128,5 мың жұп шаңырақ көтерген, ал 17,7 мың отбасы ажырасқан екен. Халқымызда: «ауруын жасырған өледі» деген аталы сөз бар.  Яғни, бұл да біздің дертке айналып бара жатқан мәселе. Отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, ажырасудың көп болуы отбасылық құндылықтардың құлдырауынан болады.

Отбасы құндылықтары дегеніміз бір отбасының экологиялық өмір сүруі, дамып өсуі үшін қажетті құндылықтары. Мысалы, адалдық, сүйіспеншілік, сыйластық, кешірімділік, сабырлылық, бір біріне қолдау білдіруі. Осындай ұғымдар отбасы құндылықтары түсінігіне жатады. Бұл құндылықтар бар болса, бір отбасы өседі, дамиды, отбасы мүщелерінің барлығы бақытты болады. Ал егер отбасылық құндылықтар болмаса, адамда жиі ұрыс-керіс жанжал болады, отбасы  мүшелері бақытсыз болады және мұндай отбасы ұзаққа бармайды. Қазіргі таңда отбасында проблемалар жиі туындап жатса, демек осы құндылықтардың құлдырауынан, құндылықтардың толық ұсталмауынан туындап жатады”, - деді психолог Ержан.

Жанұя болғаннан кейін, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Түсініспеушілік пен реніш отбасылық өмірдің ажырамас бөлігі екенін де ұмытпаған жөн. Бұл да адам тағдырында болатын ақ пен қараның қатар жүретіндігі секілді заңдылық. Алайда, мамандардың мәлімдеуінше, отбасыны сақтап қалу үшін проблема туындаған сәтте шешуге тырысу керек. Осы ретте отбасылық психолог Ержан Мырзабаев  отбасын сақтап қалу үшін ең маңызды үш нәрсе бар екендігін айтты.

Көбінесе ерлі-зайыптылар бір-біріне көңіл бөліп, арнайы отбасылық күнді белгілеп қойғандары дұрыс. Сол күнде отбасы мүшелері бас қосады, бір-біріне көңіл бөліп, бірін-бірі тыңдайды, қуанышқа толы уақыт өткізеді. Бұл неге керек? Сондай сәттерде отбасы мүшелері арасында психоэмоционалды байланыс пайда болады.Ол байланыс күшейген сайын, отбасы берік болады.

Екіншісі, отбасы психологиясы төңірегінде білім алу. Кейде отбасын сақтап қалу керегін біледі де, бірақ нақты не істеу керегін білмейді. Отбасының өзінің даму динамикасы бар. Даму динамикасына сай белгілі бір кезеңдерде кездесетін проблемалар, олардың алдын-алу жолдары және шешу жолдары бар. Осыны алдын-ала арнайы курстар оқып, білімін жетілдіретін болса, онда кез келген сәтке дайын болып отырады.

Үшіншісі, еркек пен әйел адам арасындағы қарым-қатынаста теңдікті қалыптастыру. Яғни, еркек әйелін өзінің теңі қылу керек, әйел еркекті өзінің теңі ету қажет. Серіктестік тұрғысынан қарым-қатынас құрылатын болса, сонда ондай отбасылар берік болады. Бұл отбасыларда бір-бірін тыңдау, сыйлау, пікірлерімен санасу жақсырақ болады, – дейді отбасылық психолог.

Бақытты отбасы болу үшін әйел мен еркек тең болуы керек - психолог маман
Фото: pixibay.com

Отбасылық құндылық пен жанұядағы жағдайдың жақсарғаны жақсы. Бірақ, қазіргі қоғамның дертіне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықты да естен шығармау керек. БылтырМемлекет басшысы Қ.Тоқаев барлық мүдделі тұлғаларды, оның ішінде азаматтық қоғам өкілдерін, белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеуге қатысты өзекті мәселелерді көтерген болатын. Педагогика және психология ғылымдарының магистрі, практик психолог Жайнагүл Маденова зорлық-зомбылықтың түбегейлі шешудің жолы бұл - оған қарсы қоғам қалыптастыру дейді.

Қатыгездіктің емі – оған төзбейтін қоғам қалыптастыру. Біздің қоғамда табу болған бірнеше тақырып бар. Соның бірі – осы физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық. Иә, айту өте ұят, тіпті, өзіңнен жасырған дүниелерді сыртқа шығаруыңа тура келеді. Мұнсыз болмайды, "Ауруын жасырған адам өледі" деп бекер айтылмаған. Мысалы, Оңтүстік Кореяны алайық. Жуырда бір танымал актер шылымды жерге тастағаны үшін айыппұл арқалады, әлеуметтік желіде миллиондаған жағымсыз пікір жазылды. Журналистер телехикаяның тұсаукесерінде үш рет бетіне басып, кешірім сұратты. Ақырында өте мықты тақырыпты қозғаған телехикаяның рейтингі төмендеді. Осыдан кейін актерді түсірілімге шақыратындар да азаятыны сөзсіз. Яғни, қоғам әп-сәтте барлығын орнына келтірді. Біз "Ең бастысы маған тиісіп жатқан жоқ" деп теріс айналмауымыз керек. Тікелей бір оқиғаны бөліспесек те, барлығымыз жанама түрде атсалыса аламыз. Әлеуметтік желідегі флешмобқа қосылыңыз, заңгер ретінде көмек беріңіз, мақала жазыңыз және т.б. Қол ұшын созамын деген адамға жол көп. Ал егер жақыныңыз зорлық-зомбылық құрбаны болса, жеке алып шығып жағдайы туралы сұраңыз. Көмектесуге әзір екеніңізді жеткізіңіз, - дейді маман.

Отбасылық құндылықты сақтайтын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермейтін қоғам қалыптастыруда әр адамның мойнында. Өйткені, қоғамды құрайтын «біз» екенімізді ұмытпайық!

Бақытты отбасы болу үшін әйел мен еркек тең болуы керек - психолог маман
Фото: pixibay.com

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға