Бақытты балалардың IQ-і жоғары болады – зерттеу
Әрбір ата-ана баласының бақытты әрі табысты болып өскенін қалайды. Алайда көп жағдайда бұл екі ұғымның өзара тығыз байланысты екеніне мән берілмейді.
АҚШ-тағы Теннесси штатында орналасқан Севани университетінің психология кафедрасының доценті Джон К. Коффи II осы байланысты зерттеп көрген. Оның зерттеуіне сүйенсек, баланың ерте жаста бастан кешкен жағымды эмоциялары кейінгі дамуына тікелей әсер етеді. Тіпті сәби кезеңіндегі бақытты сәттер баланың IQ деңгейіне және есейгенде жаңа білімді қаншалықты оңай меңгеретініне ықпал етуі мүмкін.
Ғалымның айтуынша, қуаныш, махаббат сияқты жағымды эмоцияларды жиі сезінетін балалар өз уақытын пайдалы дағдыларды дамытуға, қарым-қатынас орнатуға көбірек жұмсайды. Ал, керісінше, жиі күйзеліс, ашу немесе мұңға берілетін балалардың назары өз мәселелерін еңсеруге ауып, оқу мен дамуға бөлетін мүмкіндігі азаяды.
Сонымен қатар позитивті эмоциялар баланың шығармашылық қабілетін арттырып, мәселе шешу дағдысын жақсартады және адамдарға деген жылы қарым-қатынасын қалыптастырады. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бақытты балалар (ерте жастағы интеллект деңгейіне немесе ата-анасының табысына қарамастан) мектеп пен колледжді жиі табысты аяқтайды.
Зерттеуші тағы бір маңызды жайтқа назар аударады: бақыт деңгейі эмоцияның қаншалықты күшті болуына емес, оның қаншалықты жиі қайталанатынына байланысты. Сондықтан ата-аналарға баланың күнделікті өміріне шағын болса да, көбірек жағымды сәттер енгізуге көңіл бөлу ұсынылады.

