Соңғы кездері жанкүйерлер арасында Бақтиер Зайнутдиновтың Қазақстан Премьер-Лигасына оралуы мүмкін бе? деген мәселе қызу талқылануда. Бұл тақырыпқа қатысты пікірлер екіге бөлініп отыр. Бірі Ресей чемпионатында жүре беру керек десе, екінші тарап «ол енді шетелдік клубтардан ойын тәжірибесін ала алмады» деген сындар көп айтылуда.
Түркиядан Ресейге дейін
2025 жылдың жазында Бақтиер Зайнутдинов Түркияның «Бешікташ» клубынан, Мәскеудің «Динамосына» ауысты. 27 жастағы футболшыға мәскеулік ұжым 2027 жылдың жазына дейін жарамды келісімшарт берді. Бұл трансфер қазақстандық футболшының Ресей Премьер-Лигасына қайта оралуына алып келді. Зайнутдинов бұрындары Ресейде «Ростов» пен «ЦСКА» сапында өнер көрсеткен болатын.
Қазақ футболшылары не үшін көрші елді таңдайды?
Ең маңызды факторлардың бірі, РПЛ деңгейдегі командаларға қарағанда ҚПЛ клубтарының қаржылық және бәсекелестік әлеуеті әлдеқайда төмен, әсіресе топ ойыншылардың трансферінде байқалып қалады. Сол себепті қазақ футболшыларының көбісі жоғары жалақы төлейтін чемпионаттарға ұмтылады. Қазіргі таңда Бақтиерден бөлек, ұлттық құраманың негізгі ойыншылары: Максим Самородов (Ахмат) пен Нұралы Әліп (Зенит) РПЛ-да өнер көрсетеді.
Ойын тәжірибесі жеткілікті ме?
Қазіргі таңда Зайнутдинов Ресейде ойын тәжірибесін толықтырып, өз деңгейін көрсетіп жүр деп айту қиын. Оның үстіне жарақаты асқынып, ұлттық құраманың маңызды матчтарынан да шет қалды.
Қазақстан ұлттық құрамасында голдар саны бойынша көш бастап тұрған футболшымыз, соңғы рет 2024 жылдың қазан айында алаңға шықты. Жанкүйерлер тарапынан: «Ұлттық құрамада Бақтиер Зайнутдиновтың жоқтығы қатты сезілді» деген пікірлер де көптеп кездеседі.
ҚПЛ-ге қандай жағдайда оралуы мүмкін?
Футболшының «Динамо» сапында ойын тәжірибесі шектеулі болса, отандық ірі клубтар жоғары қаржылық ұсыныс жасайтын болса ғана келетіні белгілі. Ойын тәжірибесі аз және жиі жарақат алатын ойыншыны еуропа футболы құшақ жайып қарсы алады дегенге сенудің өзі қиын. Қазір Зайнутдиновке артылатын сенім бұрынғыдан қарағанда әлдеқайда төмен. Тіпті жоқ деп айтуға да негіз көп. Әлемдік ТОП ұжымдардың бірі, лондондық «Челсидың» 17 жастағы Дастан Сәтпаевты алуының өзі Ресей чемпионатындағы үш футболшымызды ұмыттырып жіберді. Сондай-ақ, Азамат Тұяқбаев, Шерхан Қалмырза, Рамазан Бағдат секілді ойыншылар қазір басты назарда тұр.
Ресейлік әріптестер қандай пікірде?
Өткен аптада бірнеше ресейлік спорт басылымдары «Динамоның» тарихындағы ең сәтсіз трансферлер тізімін шығарды. Ол тізімде Бақтиер Зайнутдиновте бар. Осыған орай, МАТЧ-ТВ арнасының комментаторы Сергей Дерябкиннің пікірін білдік.
Бұл тізім белгілі бір сараптамалық зерттеу түрінде қарастырылды деп айтуға келмейді. Қазір мәскеулік ұжымның ішкі жағдайын білесіз, өте нашар. Бас бапкер Карпинның кетуі де нәтижеге емес, ішкі атмосфераның бұзылуынан болды. Бұндай жағдайда Зайнутдиновты және 3-4 футболшыны ғана кінәлау өте орынсыз. Меніңше Зайнутдиновқа уақыт беру қажет. Қанша дегенмен Ресей чемпионатын жақсы білетін ойыншы. Қазақстанға кез-келген жағдайда оралуға мүмкіндігі бар, алайда әлі де болсын өзін дәлелдеп көруге болады. ҚПЛ – Бақтиер үшін ең соңғы нұсқа болуы керек – деді танымал комментатор.
Айта кетейік, осыдан 2-3 күн бұрын отандық спорттық басылмдар Бақтиер Зайнутдиновтың «Астана» және туған клубы «Таразға» оралуы мүмкін деген ақпараттар шыққан еді. Дегенмен қос клубтың басшылығы да бұл болжамдар еш негізсіз жазылған деді.

