BAQ.KZ тілшісі «Парламент сөзі» сыйлығын жеңіп алды
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Бүгін Мәжіліс 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистерді марапаттады. Марапаттарды Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов табыстады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Салтанатты жиынды ашқан Ерлан Қошанов сыйлық иегерлері мен БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады.
Қазір қоғамды журналиссіз елестету мүмкін емес. Халық сіздердің жазған мақалаларыңыз, сюжеттеріңізден еліміздегі және әлемдегі оқиғалардан хабардар болып отырады. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси-экономикалық реформалары мен ауқымды бастамаларын халыққа дұрыс түсіндіруге мол үлес қосып келесіздер. Соның ішінде Парламентте қабылданып жатқан заңдар сіздер арқылы насихатталып жатыр. Заңды қабылдау бір бөлек, оны халыққа дұрыс жеткізу – ол да негізгі миссияның бірі, – деді Мәжіліс төрағасы.
Палата спикері бүгінде Мәжілісте 700-ден астам БАҚ өкілі аккредиттелгенін атап өтті. Бұл тізім уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Журналистердің жайлы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Депутаттар бұқаралық ақпарат құралдарымен түрлі форматта белсенді жұмыс атқаруда.
Еліміздің одан әрі дамуын мықты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету қиын. Сондықтан бүгінде БАҚ-тың жан-жақты дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалуда. Сіздермен бірге біз жаңа салалық заң қабылдадық. Ол журналистердің құқықтарын қорғауды күшейтті. Блогерлер мен басқа да ақпарат көздері бүгінде БАҚ-пен бәсекелесуге тырысып жатыр. Бірақ мемлекет байыпты журналистикаға сұранысты жүйелі түрде қалыптастырып отыр, – деді Ерлан Қошанов.

