Жаңалықтар

Бақдәулет Маратұлы: Ұлттық спортымыз – ұлттық брендімізге айналып келеді

Бақдәулет Маратұлы: Ұлттық спортымыз – ұлттық брендімізге айналып келеді
Фото: Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы баспасөз қызметі 20.03.2024 11:18 1067

Ұлттық спорт түрлері – еліміздің бренді. Қазақ халқы ежелден жиын-тойлар мен мерекелерде жарыс ұйымдастырған. Бұны тек деннің саулығына пайдасы тиетін дүние деп емес, сонымен қатар жауынгерлік жаттығу деп те қарастырған. Қазір елімізде ұлттық спорт түрлерінің даму қарқыны қуантады. Халық арасында танымал болып, қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Соған байланысты El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Сабитов Бақдәулетпен сұхбат құрып қайтты.

El.kz: Бақдәулет Маратұлы, әңгімеміздің әлқиссасына көшпес бұрын қалың оқырманды Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы мен оның жұмыстары туралы таныстырып өтсеңіз.

Бақдаулет Маратұлы: Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны 2017 жылы құрылды. Тоғызқұмалақ, жекпе-жек, асық ату, жамбы ату, бәйге түрлері, көкпар, құсбегілік, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі және дәстүрлі садақ ату секілді 11 спорт түрін қамтиды. Күні бүгінге дейін 10 спорт түрі ғана болған. 2022 жылы дәстүрлік садақ ату спортын ұлттық спорт қатарына тіркеп, барлығы 11 спорт қылдық. Негізгі мақсатымыз – ұлттық құраманы жасақтап, халықаралық аренада еліміздің намысын қорғау. Қазіргі таңда құрамада бас-аяғы 500-ге жуық спортшымыз бар. Міндетіміз -  споршыларды және жаттықтырушыларды спорттық құралдармен, спорттық киім-кешекпен, тамақтанумен, орналастырумен, жол жүру құжаттарын дайындаумен, мәдени-тұрмыстық және көліктік қызмет көрсетумен қамтамасыз ету.

El.kz: Қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық қой. Жылқының дүбірі естілсе болды, бірден елең ете қалатыны бар. Осы орайда жылқы десе, еске түсетін көкпар спортының қазіргі жағдайы қалай? Ұлттық құрамамыз алдағы жарыстарға сақадай-cай дайын ба?

Бақдәулет Маратұлы: Ұлттық спортымыз – ұлттық брендімізге айналып келеді

Фото: Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы баспасөз қызметі

Бақдәулет Маратұлы: Иә, сөзіңіздің жаны бар. Жылқы десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Астына ат тиіп, қолына қамшы ұстаған қазақтың мерейі үстем, мәртебесі биік болып тұратыны да содан шығар. Жалпы, біз көкпардың ұлттық құрамасын былтыр жасақтадық. Өткен жылдың ресми нәтижелеріне қарап, 2024 жылы ел намысын қорғайтын ұлттық құрама спортшыларының құрамы бекітілді. Қазір ол жерде 48 спортшы бар. Бірақ, 12 көкпаршы ғана дүниежүзілік ойындарға қатысу құқығына ие болады. Биыл спортшыларымызды алдыда күтіп тұрған дүбірлі додалар көп. Мысалы, маусым және тамыз айларында жастар мен жасөспірімдер ойындары бар. Қыркүйекте дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Содан кейін қазан айында Шымкент қаласында өтетін ұлттық спорт түрлерінен спартакиада ұйымдастырылады. Одан бөлек, осы наурыз айында Өзбекстан Республикасы президенті және тамыз айында Қырғызстан мемлекеті президентінің кубоктері бар. Спортшыларымыздың дайындықтары жақсы. Айта кету керек, 2017 жылы көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионы атанған болатын. Биыл да сол жетістікті қайталап, биік белестерді бағындырамыз деп сенеміз!

El.kz: Биыл көкпаршыларды күтіп тұрған жарыс көп дедіңіз. Ал, басқа да ұлттық спорт түрлерінен сайыстар жиі ұйымдастырыла ма? Жалпы, қазақтың ұлттық спортынан  шетелдерде жарыс ұйымдастыру тәжірибесі қалай?

Бақдәулет Маратұлы: Ұлттық спортты толықтай мемлекет қаржымен қамтамасыз етіп, қолдау көрсетеді. Сол себепті біз бөлінетін бюджетке тәуелдіміз. Егер, мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе, сәйкесінше спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Қаржы құйылмаған жағдайда сайыстар кейінге шегеріледі. Негізі, әрбір ұлттық спорттың халықаралық федерациясы бар. Сол федерациялардың мүмкіндігіне байланысты да жарыстар өтіп тұрады. Ал, шетелдегі тәжірибеге келсек, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан секілді жақын шетелдерді қоспағанда 2022 жылы Румынияда асық ату мен бес асық сайысынан тұңғыш рет әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Түркия мемлекетінде тұңғыш рет тоғызқұмалақтан Еуразия кубогі өтті. Одан бөлек, Латвия мен Францияда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.

Бақдәулет Маратұлы: Ұлттық спортымыз – ұлттық брендімізге айналып келеді

Фото: Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы баспасөз қызметі

El.kz: Ұлттық спорт түріне енетін 11 спорттың ішінде қайсысына сұраныс көп? Қай спорт түрінің бұқаралық спортқа айналуына потенциалы бар?

Бақдәулет Маратұлы: Қазір халық арасында тоғызқұмалаққа деген сұраныс жоғары. Жақын болашақта бұқаралық спортқа айналуы мүмкін. Олай деудің өз себептері бар. Біріншіден, бұл командалық емес спорт. Екіншіден, көп қаражатты талап етпейтін қарапайым ойын. Үшіншіден, тек қазақ халқының ғана емес, әлемнің назарына ілігіп отырған ұлттық спортымыз. Қазіргі таңда елімізден бөлек, 40-қа жуық мемлекет тоғызқұмалақ ойнайды. Осы жылдың қыркүйек айының 8-14 күндері аралығында Астана қаласында өтетін көшпенділер ойындарында 56 мемлекеттен тоғызқұмалақшылар келеді деп жоспарланып отыр.

El.kz: Әлем мемлекеттерінің назарына тоғызқұмалақ ілігіп отыр дедіңіз. Неге көкпар, аударыспақ немесе асық ату емес? Осы орайда тоғызқұмалақтың артықшылықтары туралы айтып өтсеңіз.

Бақдәулет Маратұлы: Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны. Адамның математикалық ойлау жүйесін дамытып, төзімділікке баулиды. Негізі ұлттық спорт деген ұғым дәл осы тоғызқұмалақтан бастауын алады. Себебі, спорт деген ол – қара күш емес, спорт деген –  ең алдымен ойлай білу, ақылды болу. Жалпы, өзім күреспен кәсіби түрде айналыстым. Сондықтан боз кілемде әр басатын қадам, қарсыласыңа жұмсайтын күш есептелуі қажет екенін жақсы білемін. Спортшыда ойлау жүйесі төмен болса, биік белестерді бағындыруы екіталай. Ал, өз кезегінде тоғызқұмалақ ойнаған адамның ойлау жүйесін жақсарады. Ол тек спортта ғана емес, жеке өмірде де көп көмегін тигізеді. Тоғызқұмалақ – бұл үлкен стратегия.     

El.kz: Тоғызқұмалақты мектеп бағдарламасына енгізу туралы көптеген бастамалар көтерілді. Сол төңіректе жұмыстар қалай атқарылып жатыр?

Бақдәулет Маратұлы: 2021 жылы Астана қаласы білім басқармасымен бірлесіп, қазақ күресін, тоғызқұмалақ пен асық атуды мектеп бағдарламасына вариативтік сабақ ретінде енгіздік. Қазіргі таңда «Binom», « БИЛ» секілді дарынды балаларға арналған оқу орындарында іс-тәжірбие мен апробациядан өтуде. Одан бөлек, заман ағымынан қалмай қазақтың ұлттық спорт түрлерін цифравизациялап жатырмыз. Оған дәлел, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Тоғызқұмалақ федерациясы бірлесе отырып істеп жатқан жұмыстары. Ұлттық ойындар жасанды нейронды желіге біртіндеп енгізіліп жатыр. Тоғызқұмалақты онлайн ойнауға болатын платформалар әзірленді. 2022 жылы Көкшетау қаласында өткен Азия біріншілігінде тоғызқұмалақ ойындарына онлайн платформалар қолданылды.

El.kz: Ұлттық спортымыздың жылдан-жылға дамып келе жатқаны қуантады. Бірақ, әлі де іске асырылатын жұмыстар көп. Осы орайда, басқа спорт түрлерімен салыстырғанда неге ұлттық спортқа арналған алаңдар, инфрақұрылымдар аз?

Бақдәулет Маратұлы: Ұлттық спортымыз – ұлттық брендімізге айналып келеді

Фото: Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы баспасөз қызметі

Бақдәулет Маратұлы: Кез келген әрекет сұранысқа байланысты істеледі. Мысалы, не үшін әр тұрғын үй кешенінің ауласында футбол алаңы бар? Сұраныс жоғары болғаннан кейін ала доп алаңдары көп салынады. Себебі, футбол – ол әлемдегі нөмірі бірінші спорт. Жанкүйері көп спорт. Салыстырмалы түрде 2000 адамнан тек 20 адам ғана ұлттық спортты таңдауы мүмкін. Ал, қалғаны әрине футбол, хоккей секілді бұқаралық спортты таңдайды. Сол себепті, халықтың ұлттық спортқа деген сұранысы болмай оны дамытатын инфрақұрылымдар, алаңдар салынбайды. Ең алдымен сұраныс болуы қажет. Сұраныс болса, сан да, сапа да болады.

El.kz: Сұраныс болуы үшін алдымен халықтың қызығушылығын ояту керек секілді. Ал, осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр ма? Ұлттық спорттың PR-ы қалай жұмыс істеуде?

Бақдәулет Маратұлы: Толықтай келісемін. Алдымен халықтың қызығушылығын ояту керек. Алайда, жалпы ұлттық спортқа деген махаббат, құштарлық біздің гендік ақпараттық кодымызда бар екенін де ұмытпауымыз керек. Жалпы, қазір ата-аналар атқа мінудің пайдасын біле бермейді. Жылқының бала мінезін қалыптастыратынынан, бұлшық еттерін күшейтетінінен бейхабар. Асық атудың ұсақ моториканы жақсартатыны, тоғызқұмалақтың ойлау жүйесін дамытатыны жөнінде ақпараттарды аз біледі. Әрине, бұл ұлттық спортымызды дәріптеу жағынан кетіп жатқан кемшіліктерден. Осының салдарынан ата-аналар балаларын ұлттық спортқа бермейді. Бұл кемшіліктердің бар екенін біліп, ескеріп, қазір осы олқылықтың орнын толтыруға жұмыстанып жатырмыз.

El.kz: Ата-аналар балаларын ұлттық спортқа өте сирек әкелеуіне байланысты сұраныстың төмендігінен бөлек, бұған басқа да себептер бар ма?

Бақдәулет Маратұлы: Себеп бар. Басты себеп – бұл ата-ананың баласына деген шектен тыс жанашырлығы. Олар неден қорқады десеңіз, перзентінің қауіпсіздігіне алаңдайды. Әрине, бір жағынан ол да дұрыс. Кім баласының біреуден таяқ жеп, аттың астында тапталғанын қалайды дейсіз. Соған байланысты қазір қоғам «контактный спортқа» мейілінше жолағысы келмейді. Ал, көкпар, аударыспақ секілді ат үстінде жүретін қазақтың ұлттық ойындары нағыз жан алысып, жан берісетін тартысты ойындар. Ол жерде жарақат алу ықтималдығы жоғары. Күш пен қайратты, ерік-жігерді қажет етеді. Сол үшін көп жағдайда ата-аналар баласын ұлттық спортқа бермейді. Ал, бұл өз кезегінде сұраныстың төмендеп, төл спорттарымыздың дамуын бәсеңдетеді. Алайда, қазақтың рухы ат үстінде екенін ұмытпаған жөн. Жылқыға мінген адам мінезді болады. Атқа отырсаң аурасы басып, арқаң қозады. Осы жөнінде ақын Бекарыс Шойбековтің керемет өлең жолдары бар:

Қанында қазақылық бар адамдар,

Алдымен атқа мініп көрсін деймін.

Атқа мінген кезімде мен өз басым,

Таққа мінген адамды менсінбеймін.

Сондықтан, ұлттық спортқа барамын деп тұрған баланың бетін қақпау керек. Қанша қауіпті болса да, ата-аналар жылқыға жаны құмартып, көңілі ауып тұрған баланың шешімін сыйлап, таңдауымен санасса екен деймін.

El.kz: Бақдәулет Маратұлы алтын уақытыңызды арнап, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымды айтамын! Ұлттық спортымыз дами берсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға