Банктер телефон арқылы аударым жасау мүмкіндігін шектейді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа нормативтік өзгерістерді бекітті, олар ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге және цифрлық тәуекелдерді азайтуға бағытталған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Құжатта атап өтілгендей, негізгі мақсат - қаржы ұйымдарында ақпараттық қауіпсіздік стандарттарын күшейту, клиенттердің жеке мәліметтерін қорғау деңгейін арттыру және кибершабуылдарға жылдам жауап беру жүйесін жетілдіру.
Қосымша ұйымдастырушылық және техникалық дайындықты талап ететін нормалар 2025 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.
Негізгі жаңалықтар мыналарды қамтиды:
- Банк мобильді қосымшасында жаңа немесе тіркелмеген құрылғы арқылы кіру кезінде клиентті қайта аутентификациялау рәсімі нақты белгіленді;
- Мобильді банкингті микрофон қосылған кезде автоматты түрде шектеу енгізу талабы бекітілді;
- Ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін технологиялық оқиғалар тізімі кеңейтілді;
- Банк инфрақұрылымы істен шыққан жағдайда уәкілетті органға «Qainar» жүйесінің орнына телефон арқылы хабарласу мүмкіндігі қарастырылды;
- Тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде банк бөлімшелеріндегі ақпараттық қауіпсіздік және алаяқтыққа қарсы функциялар бөлек қарастырылады;
- Банктердің ақпараттық қауіпсіздік жүйесін сыртқы тексеру кемінде үш жылда бір рет өткізіледі.
Агенттік мәлімдеуінше, бұл жаңа талаптар қаржы ұйымдарының цифрлық тұрақтылығын арттырып, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға серпін береді.
Сонымен қатар, бүгін Мәжіліс банк қызметін реттейтін жаңа заң жобасын мақұлдады.

