El.kz

Бангкокқа баратын туристерге ескерту жасалды

Таиланд астанасы Бангкоктың тоғыз ауданында және оған іргелес Самутпракан провинциясында құтырма өршіді. Бұл аймақтар 8 қазанға дейін жоғары қауіп төндіретін аумақ деп жарияланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Bloomberg-ке сілтеме жасап.

Қауіп төнген Бангкок аудандарының қатарына Нонг Бон, Док Май, Пратэв, Он Нат, Паттанакан, Тап Чанг, Лат Крабанг, Банг На Нуа және Банг Чак кірді. Ал Самутпракан провинциясында Банг Кео мен Рача Тева қауіпті аймақ ретінде белгіленді.

Аурудың негізгі таратушылары - қаңғыбас иттер. Үш ауданда құтырмаға шалдыққан иттер анықталған. Қазіргі уақытта адамдар арасында тіркелген жағдай жоқ. Дегенмен, тайлық PBS телеарнасының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері елдің алты провинциясында жеті адам құтырмадан көз жұмған.

Билік өкілдері жергілікті тұрғындар мен туристерге қоғамдық орындардағы иттер мен мысықтардан аулақ болуды ескертті. Егер тістеп алса немесе тырнап кетсе, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгініп, вакцина салдыру ұсынылады.

Дәрігерлердің айтуынша, вирус сілекей арқылы беріледі. Адамда құтырманың басты белгілері — жұтыну және тыныс алу бұлшықеттерінің құрысуы, жүйке қозуы, агрессивті мінез-құлық. Ауыр жағдайларда сал ауруына шалдығып, өлімге әкелуі мүмкін.